Түпкі таңдауды халық жасайды
Қазақстанда АЭС құрылысын салу үшін құрылған Республикалық халықтық штабтың мүшелері 12 қыркүйекте облысымызда болып, Теміртау қаласы мен Бұқар жырау ауданының тұрғындарымен кездесіп, 6 қазанда өтетін жалпыұлттық референдум алдында түсіндіру, насихат жұмыстарын жүргізіп, жұртты толғандырған сұрақтарға жауап берді. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы 2 қыркүйекте Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында «Ел өміріндегі әрбір қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да солай болуы керек» деп, оны 6 қазанда өткізу жөніндегі Жарлығына қол қойған болатын. Міне, осыдан кейін Республикалық және оның жер-жерлердегі штабтары құрылып, АЭС құрылысына байланысты шешімдер қабылдауға байланысты қоғамдық диалог пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында кездесулер, қоғамдық тыңдаулар өткізіле бастаған.
Бұл іс-шараларда халық оның жобасымен егжей-тегжейлі танысып, өз сауалдарын қойып, көңілдеріндегі күдік пен күмәнді сейілте алады. Нағыз демократияның бұл үлгісі азаматтардың өз позициясын білдіріп, дауыс беруіне жол ашып, барлық тараптардың мүдделерін есепке алатыны анық. Бірден ашып айтуымыз керек, бұл жолғы әңгіме АЭС-тің қай жерде және оны кімдер салатыны хақында емес, оны салудың қажеттілігі төңірегінде өрбіді. Алдағы референдумның дауыс беру бюллетеніне енгізілген сұрақ та осы. Облысымызға келген Республикалық халықтық штабтың құрамында Парламент Мәжілісінің депутаттары Бауыржан Смағұлов, Азат Перуашев, Арман Қалықов, Никита Шаталов болса, оған аймағымыздан аталған штабтың мүшесі, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов, облыстық халықтық штаб басшысының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты, «Ақжол» ҚДП облыстық бөлімшесінің төрағасы Ермек Әбілдин, облыстық халықтық штабтың мүшелері Қадиша Оспанова, Гүлсім Қожахметова, Айтбай Жұмағұлов, Меруеш Башай, Қарағанды облысы бойынша Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов, «Ауыл» партиясы облыстық бөлімшесі төрағасының орынбасары Нұрлан Шахарбаев, ABADAN FC Президенті, Academy of Abadan Президенті Нұржан Қалтаев қосылды. Олар әуелі Теміртау қаласының №4-емханасы ұжымымен жүздесті.
Мұнда жиын тізгінін Республикалық халықтық штаб мүшелерін бастап келген Бауыржан Смағұлов қолына алып, АЭС құрылысын салудың еліміз үшін өзектілігі мен маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде біздің елімізде атом электр стансасын салу үшін барлық алғышарттардың, яғни, уранның бай қоры, оны ұқсататын дамыған инфрақұрылымы, қуатты ғылыми базаның бар екендігін мәлімдеді. Оны салып, іске қосу энергия тапшылығын жойып, Тәуелсіз энергетикамызды қалыптастыратын айтты.
Мәселен, 2023 жылы Қазақстан Ресейден 100 миллиард теңгеге 3,4 миллиард кВт/сағат электр энергиясын сатып алыпты. Оны белгіленген жоспардан артық сатып алса, құны екі есеге дейін өсіп, ол халық пен бизнеске теріс әсерін тигізуі мүмкін көрінеді. Елімізде жыл сайынғы тұтынатын электр энергиясы 3 пайызға артып, оны өндіретін көмір стансаларының 70 пайыз тозығы жеткен. Республикамыздың Энергетика министрлігінің болжамы бойынша 2035 жылы елімізде электр энергиясын тұтыну 152,4 миллиард кВт/сағатқа жетсе, қазіргі жұмыс істеп тұрған көмір стансаларының оның 135 миллиард кВт/сағатын өндіретін ғана қауқары бар.
Бүгінде энергияның жетіспеушілігі Ресейден 1 миллиард кВт/сағат сатып алумен жабылып, оған Қазақстан 20 миллиард теңге ақшаны артық төлеп отыр. Мұның өзі еліміздің басқаға энергиялық тәуелділігіне және энергия нарқының қауіпсіздігі төмендеуіне әкеп соғады. Сондықтан, өзімізде АЭС салу, біріншіден, өсіп келе жатқан тұтыну мен генерация жабдықтарының тозуынан болатын энергия тапшылығының орнын толтырып, екіншіден, тарифтердің өсуіне тосқауыл қойып, экологиялық жағдайды жақсартып, түптеп келгенде, көршілес энергия жеткізушілерге тәуелділіктен құтқарады. Ол салынып, іске қосылған күнде оның айналасында қаншама әлеуметтік-тұрмыстық нысандар бой көтеріп, жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Республикалық халықтық штаб мүшесі, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов өз кезегінде облысымыздағы жағдайдан хабар беріп, «Бүгінде Қарағанды облысында электр энергиясының тапшылығы байқалады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ол 5 миллион КВт/сағаттан астам мөлшерді құрайды» дей келе, дәрігерлер қауымын «Өз азаматтарымыз бен болашақ ұрпақтарымызға көмектесетін прогресс пен технологияның пайдасына таңдау жасауға» шақырды.
Республикалық халықтық штаб мүшелерінің алғашқы кездесуін медициналық мекемеден бастауы тегін емес еді. Өйткені әлем жұртшылығы Чернобыль мен Фукусима атом электр стансаларындағы апатты оқиғаларды әлі ұмыта қойған жоқ. Оның үстіне 40 жылдай Семей ядролық полигонында жасалған жарылыстардан зәрезап болған қазақстандықтардың денсаулығына алаңдайтын да осы ақ халатты абзал жандар. Сол себепті өзі де дәрігер, медицина ғылымдарының докторы Қадиша Оспанованың келтірген фактілері мен айтқан уәжі тыңдаушылардың құлағына жетіп, көкейіне қонды деуге болады.
«Медицина қызметкері ретінде мені бәрінен бұрын АЭС қызметкерлерінің, сондай құрылыс аймағындағы халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі мазалайды. Бұл орайда АЭС құрылысының бастан аяқ Атом энергиясы жөніндегі Халықаралық агенттік (МАГАТЭ) мамандарының тұрақты бақылауымен жүргізілетіні сенім ұялатады. Сарапшылардың пікірінше, жаңа буындағы 3 және 3+ ядролық редакторының қорғаныс деңгейі өте жоғары. АЭС-тің жылдық радиациялық сәулелену мөлшері ұшақпен Нью Иорктен Лондонға дейін ұшқан сәттегідей 0,1 пайызды құраса,ТЭЦ-тердегі сәулелену одан 5-10 есе көп те, әлемде атом энергиясы «жасыл энергия» деп танылған. Ол әрі экологиялық таза, қоршаған ортаны парникті газбен, күл-қоқыс, лай сумен ластамайды, оның көпқабатты берік қорғаныс және автоматты суыту жүйелері бар. Себебі, атом электр стансасы құнының 40 пайызы оның қауіпсіздік жүйесіне жұмсалады» деді ол.
Ал, Азат Перуашев барлық шаруаны МАГАТЭ мамандары бақылайтындықтан 10-12 жылға көзделген станса құрылысына бөлінетін миллиардтаған ақшаның бір теңгесі беталды жұмсалмай, жемқорлық фактілеріне жол берілмейтінін, тиісті энергия қуаты болмайынша өндірісіміз өркендеп, инфрақұрылым да дамымайтынын, АЭС салудан бас тарту елімізді өткен ғасырлар қойнауына, қараңғылыққа жетелейтініне назар аударды.
«Бұл АЭС еліміздегі жаңартылған энергия көздерімен үйлесе дамып, энергия тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді» деп түйіндеді ол ойын. Алайда, жаңартылған энергия көздері (жел, күн энергиясы) ауа райына тәуелділіктен тұрақты бола алмайды. Сол сияқты экологиялық нормалардың қатаңдауынан көмірлі және газды генерацияның дамуын шектейді. Бұл жағдай энергияның жаңа және тұрақты көзіне қажеттілікті туындатады. Атом электр стансасын салу осы проблеманың шешімі болып табылады. Ол 60 жылдан астам уақыт елімізді тұрақты энергиямен жабдықтауға қабілетті. Оның жұмысы кезінде сыртқа ілеспе газдар таратылмайды. Оны салу энергетика және өнеркәсіп өндірістерінің диверсификациялануына ықпал етіп, Қазақстанның энергетика секторына заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Ермек Әбілдин де онкологиялық аурулардың дені көміртегінің залалынан екенін айтып, Қазақстанның өзіне 2060 жылға дейін оны бейтараптандыру міндеттемесін алғанын жеткізді.
Кездесуде емхана ұжымы атынан сөйлеген осы мекеменің директоры Алтынай Елеусізова, дәрігер Ұлжан Шахиева, медбике Береке Есқұлова да ең бастысы адам өмірі қымбаттығын алға тартып, АЭС салынатын болса, өздерінің де қосымша жабдықтарды іске қосуға мүмкіндік алатындарына қуанып, әріптестерін референдумға бір кісідей қатысуға үндеді. Келесі кездесу Теміртау қаласының Жастар ресурстық орталығында облыс кәсіпкерлерімен өтті. Онда Нұржан Қалтаев өзі тұрып, фермерлікпен айналысатын Қарқаралы ауданындағы Қоянды ауылында электр жарығының кейде сағаттап болмайтынын, 21 ғасырда бұлайша түнекте өмір сүру ұят екенін мысалға келтірді. Теміртаулық кәсіпкер Наталья Арыстанова да оны қолдап, шағын және орта бизнес өкілдерінің кеңінен көсілуіне қуат көздерінің жетпейтінін тілге тиек етті. Кәсіпкерлер алдында Арман Қалықов, Никита Шаталов, Меруеш Башай, Нұрлан Шахарбаев, Қарағанды индустриалдық университетінің ректоры Болат Жәутіков сөйлеп, АЭС салу ісін қолдау жөніндегі ойларын ортаға салды.
Одан әрі түсіндіру, насихат тобы Бұқар жырау ауданының Қарақұдық және Ботақара ауылдарында болып, жұртшылықпен жүздесті. Ауыл тұрғындары бұл кездесулерде өздерін алаңдатқан сұрақтарға орнықты жауап алып, дауыс беруге жаппай келетін болып тарасты.
Бұқар жырау аудандық мәслихатының төрағасы Асхат Әли мен аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Төкен Арбабаев өз сөздерінде ел атынан алғыстарын білдіріп, болашақ, АЭС-тің қауіпсіз болуын тіледі. Барша қазақстандықтардың да ой-арманы осы болар,сірә.
Ержан ИМАШ,
Ortalyq.kz