Құт қонған Қызыларай
Ақтоғай сапарының екінші күні Қызыларай ауылынан басталды. Таң қылаң бере атқа қондық. Талай тектілерге тұғыр болған ауылдың бірлігінің бекем, тірлігінің тиянақты екенін аңғардық. Олай болса, біз көзбен көріп, көңілге түйген, атқарылған шаруаларды сөз етейік.
Қызыларайды беттеп келе жатсаңыз, кіреберіс биігінен «қар барысы» қарсы алады сізді. Әдемі мүсінді ауылдың 1974 жылғы түлектері орнатыпты. Иә, барыс жылы туған азаматтардың тартуы бұл. Ал, ауыл аркасымен тұрған оң жақтағы тұста орналасқан «QYZYLARAI» жазуы тіпті тартымды көрінеді. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақиық ақын Серік Ақсұңқарұлының «Дүниежүзілік картада, жүрекке ыстық бір нүкте дейтін» сөзі гранит тақтаға жазылыпты. Айшықты белгіні де ауылдың атқамінер азаматтары орнатып беріпті. Бұл аз десеңіз, 1983 жылғы түлектер мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуын тағылымды іспен атап өтуді жөн көрген. Яғни, кіреберістегі ауыл белгісін жаңартып, логотип қойып беріпті. Міне, азаматтардың туған жеріне деген осындай құрметін көріп, бас иесің. «Ауылына қарап, азаматын таныдық».
Иә, ауыл ішіндегі жап-жаңа балалар ойын алаңы да көзге ерекше түсті. «Ауыл бүлдіршіндері үшін үлкен қуаныш болды. Таңнан кешке дейін асыр салып ойнайды» дейді ауыл әкімі Серікбол Спанов. Одан бөлек, ауыл тұрғындарының салауатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізетін «Street workout» қозғалыс құралдары ауыл тұрғындарының спортпен шұғылдануына зор мүмкіндік тудырып отыр. Кешкілік мұнда келуші жастардың қатары көп екен. Ел игілігіне жарап тұр деген осы.
Жөндеуден өткен мәдениет үйіне де арнайы соқтық. Айтпақшы, нағыз өнердің құтты да қарашаңырағы – осы. Дәстүрлі түрде «Ақсораң жұлдыздары» байқауы өтіп келеді екен. Жоғары деңгейде.
Сапар соңында «Мән Қожа Шой әулие» мешітінің құрылысымен де таныстық. Ауыл азаматтары жұмысты жұмылып атқарып жатыр. Бүгінгі таңда қабырғасы қаланып тұр.
Ал, ауыл әкімі Серікбол Спановтың ілтипаты зор. Нағыз ат үстіндегі азамат екен. Жас әкімге екі тізгін, бір шылбырды сеніммен тапсырыпты ауыл халқы. Сол сенімді серт санаған Серікболға алғысымызды білдіріп, белгілі кәсіпкер Ержан Нұртазинның шаруа қожалығына қарай беттегелі тұрмыз.
Қызыларай топырағында туған Серік ақынның жалынды жыры тағы да ойға оралды.
Атыңды ылғи аңыз ғып айтыпты өлең, Соның бәрін бір жерге қайтіп терем? Мен өзіңнен жүз рет кетіп қалып, Жүз мың мәрте қайтадан қайтып келем. Біз де қимай қоштастық Қызылараймен. Қимайтындай көп уақыт бөгелмегеніміз рас. Бірақ, қысқа уақыт ішінде құтын да, киесін де ұғынып үлгергендейміз…
***
Қызыларайдан қатты ұзамадық, Ержан ағамыздың шаруашылығы да көз ұшына ілікті. Тау етегінде орналасқан фермасы – «қыздың жиған жүгіндей». Ірі қара мен жылқыны бордақылайды. Үш баз тұр. Бәрі жаңадан салыныпты. Техника тұратын боксына да бас сұқтық. Шашау жоқ. Бәрі жинақы. Майлап-сулап қойған техникалары сақадай сай. Қысқы шөбі де әзір. Жемі де қапқа буып-түйіліп тұр.
Бізді таңғалдырғаны – фермадағы жұмыскерлеріне жасалған қолайлы жағдай. Иә, тәп-тәуір үй салып, оның ішін жаңа жиһазбен жабдықтапты. Қала үйінен бір мысқал кемдігі жоқ. Үй ауласындағы моншасы да бір қаралық.
Қазір сиыр, жылқы малын өсіруді жолға қойған. Аудандағы әлеуеті жоғары кәсіпкер ғой Ержан Нұртазин. Оның үстіне барын басып емес, шашып жейтін азаматтың өзі. Қолыңыздағы басылымды Ақтоғайдың 90 үйіне өз қаражатына жаздырып берген. Жалпы, жан-жақты кәсіпкер. Ержан ағамыз жайлы «Орталыққа» аз жазылып жүрген жоқ. Қысқасы, «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» дейді ғой. Ағамыздың шаруашылық ашудағы себебі мыңғыртып мал айдау емес, туған топырағында ата кәсіпті сән-салтанатымен өркендету деп ұқтық. Және біз сенеміз….
Қасымхан ҒАЛЫМ.