Қарқаралылықтар күндіз ғана емес, түнде де шаңғы тебетін болды
Қарқаралылықтар қар кетпейінше шаңғысын тастамайды. Қолы қалт етсе болды, тауды бетке алып, шаңғы теуіп, табиғат аясында сейіл құруды әдетке айналдырған. Енді бұдан былай қарқаралылықтар күндіз ғана емес, түнде де шаңғы тебетін болды. Аудандық жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Думан Бейсенаев түнгі марафон форматында жаттығу ұйымдастырып, жастарды қысқы спортқа баулып жүр. Мұндай ерекше бастама елімізде бұрын-соңды қолға алынбаған. Осылайша, қарқаралылықтар тың жобаны алғаш болып бастап, түнгі жаттығуларды жүйелі түрде өткізе бастады.

Думан Бейсенаевтың айтуынша, кешкі уақытта қар тығыздалып, трасса сырғанауға барынша қолайлы болатынын айтады. Сондықтан, түнгі жаттығулар шаңғышылар үшін тиімді әрі қызықты өтетінін айтады. Әр қатысушыға арнайы шам жарығы беріледі. Ереже бойынша спортшылар 15 шақырымдық қашықтықты бағындыруы тиіс. Сонымен қатар, жаттығу барысында әр қатысушы бір-бірінен кемінде үш метр арақашықтықты сақтауы міндетті.
– Түнде сырғанағанда тек шамның жарығы түскен жер ғана көрінеді. Сондықтан, трассаны алдын ала мұқият зерттеп, қай жерде қандай бұрылыс барын, қай жерде қардың қалың түскенін алдын ала біліп алу керек. Бүгінде Қарқаралы жастары кешкісін телефонға телмірмей, осында сырғанауды әдетке айналдырып жүр. Тіпті, ата-аналар да өз тарапынан алғысын білдіріп жатты, – дейді жаттықтырушы Думан Бейсенаев.
Шәкірті Нұрмұхамбет Тілеубек түнгі форматтағы шаңғы үйірмесі ашылғаннан бері күні бүгінге дейін қалған емес. Түнгілікте сырғанаудың тиімділігін айтып, қатарластарын да осында шақырды.
– Түнгі ауа – таза әрі сергек. Екінші тынысың ашылғандай әсер аласың. Маған түнгі сырғанау ұнап қалды. Күндіз адам көп болған соң, еркін сырғанай алмайтын едік. Жаттығу барысында қателік жіберсек, жаттықтырушымыз көрсетіп, түсіндіріп береді. Кешкісін үйде жатып, көшеде бос жүргенімше, осында келіп шаңғы тепкенім артық. Ал, түнгісін сырғанау – тіптен, бөлек әсер, – деді Нұрмұхамбет.
Думанның өзі түнгі шаңғы марафонына қатысқан жалғыз қазақстандық. Атап айтсақ, Швейцарияда өткен түнгі марафонда 17 шақырымдық жолды бағындырып, 2000 үміткердің ішінде 21-ші болып мәре сызығын кескен.
– Швейцариядағы марафонға қатысқан сәтімді сөзбен жеткізу қиын. Бұл менің арманымның орындалған бір бөлігі ғана еді. Ондағы атмосфера ерекше, ұйымдастыру деңгейі өте жоғары. Мұндай ауқымды жарыстар дәл сол жерде өтеді. Жыл сайын түнгі марафонға әлемнің мықты спортшылары жиналады. Солардың қатарында болғаныма қуаныштымын. Қысқы спорт түрлеріндегі шетелдік тәжірибені Қазақстанға енгізгім келеді. Бүгінгі түнгі марафон – сол бастамамның бірі. Алдағы уақытта қарқаралылықтардың жұмысқа шаңғы теуіп келу дәстүрін қалыптастырсам деймін. Ең үлкен арманым – шаңғы спорты бойынша әлем чемпионын тәрбиелеу, – дейді Думан Бейсенаев.
Айта кетейік, Думан Бүркітұлы Қарқаралы ауданында бес жыл бойы республикалық шаңғы марафонын ұйымдастырып келеді. Бүгінде бұл игі дәстүр ауылдық жерлерде де жалғасын тауып отыр. Жарыстың негізгі ұйымдастырушысы да, демеушісі де – өзі. Ол бұл жолда қажыр-қайратын ғана емес, жеке қаржысын да аямай жұмсап келеді.
Осылайша, шаңғы спорты бүгінде тек кәсіби спортшылардың ғана емес, кеңінен таралған бұқаралық демалыс түріне айналып келеді. Сондықтан, бұл спорт түрінің болашағы зор деуге толық негіз бар.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



