Түнделік
Күнделік жазып қарық қылмаған пақырыңыз, Түнделік жазбақшы. Қабыл алыңыз. 18260-шы түннен бастадым. 50*365=18 250 екен, дә… Айтпақшы, 50 деген келген жасым, 365 деген бір жыл ғой.
Он күн асырып бастап кеттік.
«Түнде не болушы еді?» десеңіз, қателесесіз. 21+дан басқа түс көруге де, түнде өмір де болады екен… Ал бастаймыз!
18 260-шы түн
Футбол ойнап жүрміз. Қорғаушымын. Доп алдыма келеді, тебе алмаймын. Кейде жүгіре алмай, бір орында митықтаймын. Аяғыма доп тиген бетте, ысқырық, 1 тайм бітті. Сол уақытта оянып кеттім. Ашық қалғанмын ғой, мұздап қалыппын. «Бәсе, осыдан екен ғой, доп тебе алмай қиналғаным» деп қоямын. Көрпеге қымтанып алып, бой жылып, маужырай бастадым.
«2 таймда қатырамын» деген оймен қайта ұйықтап кеттім…
Ойынның жалғасы болған жоқ…
18 261-ші түн
Жиналыс өтіп жатыр. «Здравствуйте, дорогие друзья! В дальнейшем буду говорит нам всем понятном языке…» деп алып, үлкен жиын өткізіп жатқан ағамыз: «Өздеріңіз білесіздер, жер де, тіл де, діл де қазақтікі! Еліміз, жеріміз жасасын!» деп қазақша сөйлей кетті, бәріміз ду қол шапалақтай жөнелдік.
Әнұран орындалды. Көздерінен жас аққан қазақтар ғана емес басқа ұлт өкілдері де жүректеріне қолын қойып, қосыла шырқап жатыр.
Малшына ояндым. Тер судай аққан екен… «Мә, түске де кірмейтін нәрсе жоқ екен-ау, бір орыс отырса, жартылай қазақша, ал, олар екеу болса, былдырласақ та, «слюшайте, што у нас в городе где…» деп сайрай жөнелетініміз есіме түскенде, түсіме кірген жұрттан ұялдым…
18 264-ші түн
18262 мен 18263 түндері не болғаны есімде жоқ. Тойға бардық. Әйелім санымды шымшып отырған. Басында төмен қарап отырдым. Әрі қарай, айтпай-ақ қойсам да болар. «Ал давай» шашып тастапты…
Бұл енді 18264-ші түн. Жазуға ерініп от………. М… Пышшшшш…
18 265-ші түн
2023 жыл екен. Яғни, биыл, ауылда жүрміз.Төрт мектеп бар. Әр мектепте бес жүз бала оқиды. Мұғалімді құдайдай сыйлайды. Арасында мен де бармын.
«Құрметті ұстаздар, айлығымыз екі миллион. Күзде мектепке оралғанда тағы бес жүз мың қосылады» деп директор сайрап тұр…
Ауыл әкімі де мәз ғой, «Бүгін бізде үлкен той. Ауылымыз аудан орталығы болады» деп.
Киіз үйлер тігілген, арасында жастар атқа мініп, табақпен ет тартып жүр.
Оянып кетпесім бар ма? 50-60 үйі қалған, кезінде бір сыныпта (а, б және орыс класы деп бөлінетін) 50-60 бала оқыған қайран ауылым есіме түсіп…
Аман болсақ, түнделіктің жалғасы болады…
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.