Руханият

Төлтаңба тарихы

Қарағанды қаласының айшығын айқындап тұратын дүние ол, әрине, шаһардың төлтаңбасы. Бүгінгі төлтаңбада бүркіт, шаңырақ және көмір терриконы бедерленген. Бұл – қала тарихындағы үшінші төлтаңба.

Суреттер: nv.kz сайтынан

Ең алғаш 1983 жылы кеншілер астанасының 50 жылдығына орай төсбелгі әзірлеуге конкурс жария­ланады. Сол жолы графикалық суретші Николай Рустопчиннің жұмысы сәтті шығады. Тіктөртбұрыш пішіндегі төсбелгінің орта тұсында шахта құрылғысының шестернасы салынған. Екі жақ қапталында Кеңес кезіндегі тудың көк және қызыл түсі бар.

Бірнеше жылдан кейін Қара­ғандының эмблемасы қайта жаң­ғырды. Мұндағы төлтаңба Ап­пақ Байжановтың суырдың іні­нен шыққан қара тасты отқа тас­та­ғанынан мазмұн береді. Эмблеманың төменгі етегіне сол суырды бейнелейді. Авторы – Суретшілер одағының мүшесі Төлеген Әбілқасов.

Ал, қаланың қазіргі төлтаңбасы 2007 жылы қабылданды. Атақты суретші, графикші Айбек Бегалин бұған дейін де ірі кәсіпорындардың эмблемасын салған екен.

– Қарағандының төлтаңбасын жаңғыртуға конкурс 2003 жылы – қаланың 70 жылдығына орай жарияланды. Сол жолғы жұмысым бірінші орынды иеленді. Бірақ, сол кездегі Қарағандының басшылығына бүркіттің тұмсығы ұнаңқырамапты. Бірақ, мұны бірден өзіме айтпады. Егер, ескерткенде, 15 минуттың ішінде өзгертіп шығар едім, – дейді елтаңба авторы Айбек Бегалин.

Төрт жыл өткен соң суретшіні қайта шақырып, бүркіттің тұмсығын өзгертіп, мұнымен қоса, мазмұнын байытады. Қалалық мәслихат депутаттарының назарына басқа да авторлардың бірнеше нұсқасы ұсынылды. Сөйтіп, 2007 жылдың 18 шілдесінде көпшіліктің даусымен қазіргі эмблема таңдалады.

– Өзім Целиноград қаласында дүниеге келдім, бірақ, негізгі өлкем – Сарыарқа жері. Ата-бабаларымның туған жері. Қарағанды өлкесінің аумағы кең. Ұшқан құс­тың қанаты талатындай. Сол себепті бүркітті Сарыарқаның символы деп санаймын. Елтаңбаның экскизін сызатын кезде де әуелі құсты бейнеледім. Ал, шаңырақ – қазақ халқы үшін қашанда қас­терлі. Кеншілерге құрмет ретінде көмір террикондарын бедерледім. Сыртындағы қошқар мүйіз оюын бала кезімнен ұнатамын, – дейді автор.

Қарағандының төлтаңбасы белгіленген ту ғарышқа да ұшып келді. Мұндай тосынсыйды 2014 жылы, қаланың 80 жылдығына орай «Союз ТМА-12М» кемесінің экипаж мүшелері тарту етті. Ол ту қазір облыстық тарихи-өлкетану мұражайында тұр.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button