Спорт

«Тұлпар» ұпай жоғалтқан жоқ

Шағын футболдан ел чемпионатының 2025-2026 жылғы маусымының екінші кезеңі басталып кетті. Маусым басталғалы қарағандылық «Тұлпар» клубы алты кездесу өткізіп, оның біреуінде ғана жеңіліп қалды. Ал, күні кеше өз алаңында рудныйлық «Аят» клубын қабылдап, қос кездесуде де 5:3 есебімен жеңіске жетті. Ал, бірінші ойында жоғары нәтиже көрсеткен қақпашы Дәулет Затыбеков пен қарымта матчта көзге түскен Владислав Черномордов кездесудің үздік ойыншысы атанды.

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Бірінші кездесудің бірінші таймында қарағандылықтар басымдыққа ие болды. Ойын басталысымен шабуыл ұйымдастырып, қарсылас қақпасынан саңылау іздеді. Сондай сәттің бірінде жерлестердің пайдасына бұрыштама добы жазылған-тын. Осы тұста Ақжол Дәрібай бұрыштамадан допты ойынға қосып, алаң ортасындағы әріптесі Кирилл Дуровқа пас асырады. Ал, Кирилл мұндай сәтті мүлт жібермей, допты қақпаға тоғытты.

Араға бірнеше минут салып, Ақжол тағы да оң қапталдан шабуыл ұйымдастырды. Қарсылас команда ойыншыларын қапы қалдырып, қақпа тұсына келгенде алаң ортасына қайта пас асырған. Осы сәтті күтіп тұрған Володия Вольман қақпаға соққы бағыттап, есепті еселеп кетті. Осылайша ойынның алғашқы бөлігі 2:0 есебімен аяқталды.

Екінші айналым басталысымен қарсыластар қатарынан екі гол салып, таразы басын теңестірген. Бірақ, Владислав Черномордов, Кирилл Дуров есепті 4:2-ге жеткізеді. Десек те, қарсыластар кезекті шабуыл барысында тағы бір гол салып, есеп алшақтығын қысқартқан-тын. Бірақ, Дәулет Затыбеков шешуші голды салып, командасына жеңіс сыйлады.

Қарымта кездесуде де бірінші болып, алаң иелері есеп ашты. Владиславтың бұрыштамадан бағыттаған добы қарсылас қақпашысына тиіп, қақпаға енді. Бұл эпизод ресми түрде автогол ретінде тіркелгенімен, голға бастау болған шешуші пас Владиславтың еншісіне жазылды. Бұдан кейін таблодағы көрсеткіш өзгермей, 1:0 есебімен бірінші айналым тәмамдалды.

Екінші айналымда да алаң иелері бірінші болып есеп ашты. Қарсылас команда қорғаушылары кезекті қорғаныс сәтінде доптан айырылып қалған болатын. Осы тұста Владислав допты қақпаға бағыттап, есепті еселеп кетті. Үшінші голды қақпашы Дәулет Затыбеков салып, есепті 3:0-ге жеткізген. Бұдан кейін қарсыластар үш голға жауап ретінде екі гол салып, есеп алшақтығын қысқартты. Бірақ, Бекежан Апсалямов пен Владислав Черномордов бесінші голды салып, командасына жеңісті бір табан жақындатты. Бұдан кейін «Аят» клубы үшінші голды салғанымен, ойын 5:3 есебімен жеңіс алаң иелерінің пайдасына шешілді.

– Қос кездесу де оңайға соққан жоқ. Бірінші кездесудің бірінші айналымы өте жақсы өтті. Ал, екінші айналымда ойын шиеленісіп кетті. Қарсыластар ойынды қолға алып, барынша шабуылға көшті. Десе де, біздің жігіттер қорғаныста жақсы ойнап шықты. Қақпашы Дәулеттің де еңбегін атап өтпеске болмас. Қарсылас команда ойыншыларымен бетпе-бет шыққанда жақсы өнер көрсетті. Допты күтіп алып, шабуылды сәтті ұйымдастырып беріп отырды. Қарымта кездесу де дәл солай. Жалпы, «Аят» – Қазақстандағы мықты әрі болашағы зор команданың бірі. Маған олардың ойын мәнері ұнайды. Команда мүшелері жас болса да, алаңда тәжірибелі. Әрқайсысының қалыптасқан стилі бар. Ең бастысы – шабуылды жоқ жерден ұйымдастырып, қарапайым сәттің өзінен мүмкіндік таба алады, – деді «Тұлпар» шағын футбол клубының бас бапкері Әміржан Мұқанов.

Енді жерлестер осы айдың соңында турнир кестесінің ІІ сатысындағы «Ақтөбе» клубымен кездеседі.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button