Қарағандыда «Тұлпар мініп, ту алған» байқауына дем берген меморандумға қол қойылды
Қарағанды облысындағы мектеп оқушылары арасында «Тұлпар мініп, ту алған» атты жыр жаттау байқауы кең көлемде өткізілуде. Аталған жоба жеңімпаздарына қолдау білдіру аясында Қарағанды облысы әкімдігі Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы және Қазтұтынуодағы Қарағанды университетімен өзара ынтымақтастық меморандумға қол қойды. Жоба жеңімпазы атанатын ұстазға Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы автокөлік мінгізсе, Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті «Тұлпар мініп, ту алған» байқауында жеңімпаз атанған оқушыға төрт жылдық білім беру грантын ұсынбақ. Бұл өскелең ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.

Мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін арттыру – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтардың мемлекетшілдік сана-сезімін арттыру және кітап оқу мәдениетін өрістету жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Қарағанды облысында ауқымды жоба қолға алынып, «Тұлпар мініп, ту алған» атты облыстық байқау өткізіліп келеді.
– Бүгін біз елдік маңызы бар үлкен істің басында тұрмыз. Мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі орнын күшейту тек тіл саясатына қатысты дүние емес, ұлттық болмысты сақтай отырып, болашаққа аманат ету жолындағы маңызды қадам. Қарағанды облысында тіл мен руханиятты қолдауда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – «Тұлпар мініп, ту алған» жобасы. Биыл облыстың 13 өңірінен 4 мыңға жуық бала қатысып отыр. Бұл жоба балалардың мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігін, сөз байлығын кеңейтуге бағытталды. Сонымен қоса, жоба жас ұрпақ арасында патриоттық сезімді оятуға, Қазақстанның тарихын білуге үйретеді. Мұның бәрі ғасырлар бойы қазақтың халық ауыз әдебиетінде, жырларында сақталған. Әр жырда елді қорғау, бірлікті ту қылу мәселелері көтеріледі. Қарағанды облысында кең көлемде қолға алынған «Тұлпар мініп, ту алған» жобасының басты мақсаты осы, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
Әлібек Үсенұлы аталған жобаға серіктес болып, қолдау білдірген «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Президенті Рауан Кенжеханұлы мен Қазтұтынуодағы Қарағанды университетіне алғыс білдірді. Сондай-ақ, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында мұндай жобалардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
– «Қазақ тілі» қоғамы мемлекеттік тілді дамытуда еліміз үшін маңызды үш бағытты қолға алды. Соның бірі – білім беру жүйесіндегі тіл мен әдебиетті оқыту әдістемесі мен тәжірибесін жетілдіру. Балабақша мен мектеп қабырғасында, жалпы білім беру ошақтарында қазақ тілін оқыту әдістемесі жетілмей, біз мемлекеттік тілді тиісті тұғырына шығара алмақ емеспіз. «Тұлпар мініп, ту алған» бастамасы аясында мектеп оқушыларына, оларды баулып, дайындаған ұстаздарына қолдау білдіру – біз үшін өте маңызды. Жобаны жүзеге асыруда аймақтардағы әкімдіктердің көмегіне жүгінеміз. Осы орайда еліміз бойынша үш өңірде, атап айтқанда Астана мен Алматы қалаларында және Қарағанды облысында бөлек Тіл басқармалары жұмыс істеп, мемлекеттік тіл саясатын өркендетуге үлес қосып, басқа да аймақтарға үлгі көрсетіп келеді, – деді Рауан Кенжеханұлы.

Сондай-ақ, ол «Тұлпар мініп, ту алған» жобасының жеңімпазы атанатын ұстазға «Қазақ тілі» қоғамы автокөлік мінгізетінін айтты. Бұл жобаның өрісін кеңейтіп, одан әрі қолдау көрсетуге қоғамдық қор әрдайым дайын екенін тілге тиек етті.
Ал Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті «Тұлпар мініп, ту алған» байқауында жеңімпаз атанған оқушыға төрт жылдық білім беру грантын ұсынбақ.
Университет ректорының міндетін атқарушы Алмас Орынбеков жоғары оқу орнында мемлекеттік тілді дамыту аясында бірқатар шаралар атқарылып жатқанын атап өтті. Айтуынша, университетте 30 жылдан астам «Қазақ тілі және Қазақстан» кафедрасы жұмыс істеп келеді. Тілдерді дамыту басқармасымен тығыз байланыста. Сондай-ақ, «Qaztest» қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтауға бағытталған аудитория ашылғанын атады.
Өңірдегі «Тұлпар мініп, ту алған» байқауына қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді.
Жиын барысында Қарағанды облысы әкімдігі «Тұлпар мініп, ту алған» жобасына қолдау көрсету жөніндегі Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы және Қазтұтынуодағы Қарағанды университетімен өзара ынтымақтастық меморандумға қол қойды.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



