Білім

«Тұлпар мініп, ту алған!» жобасына 4200 оқушы қатысуда

Қарағанды облысында өтіп жатқан «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының аудандық (қалалық) іріктеу кезеңі биыл Приозёрск қаласынан басталды. №1 мектепте өткен сайысқа қаладағы білім беру мекемелерінен 40-тан астам оқушы қатысып, Тастыбай Жағыпарұлы нұсқасындағы «Бөгенбай батыр» жырын жатқа айтып, өзара бақ сынады. Бұл туралы Приозёрск қаласының ішкі саясат бөлімі хабарлады.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Жоба Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен және «AMANAT» партиясының демеуімен ұйымдастырылуда. Ашылу салтанатында Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғапов сөз сөйлеп, байқаудың өскелең ұрпақты ұлттық рухқа, әдеби мұраға баулудағы маңызын атап өтті.

– Осыған дейін бірнеше дәуір дастанын шәкірт санасында жаңғыртып, өткені мен бүгіннің арасына рухани көпір орнатқан байрақты бәсеке – «Тұлпар мініп, ту алған» жобасы. Бұл жоба мемлекетшіл, халықшыл жастардың қатарын толықтырып, өткеннен өнеге алатын, тарихымен мақтанатын, ұлтының сөздік қорына, әдеби қазынасына ерекше сүйіспеншілікпен қарайтын өскелең ұрпақты қалыптастыруға айрықша үлес қосып келеді. Бүгінгі байқау – Бөгенбай батыр жырына арналған. Байқауға қатысып отырған оқушылардың болашақ кәсіби бағыты сөз өнерімен ғана шектелмеуі мүмкін: біреуі экономист, біреуі нанотехнология саласының маманы, енді бірі құқық саласының білікті заңгері болар. Бірақ қай саланы таңдаса да, ұлттың рухани мұрасына сусындаған бала өз ұлтынан қашықтамайды. Қайда жүрсе де, ұлттық мүдде мен отаншылдық қасиет оның қанында тулап тұрады. Бүгінгі дүбірлі додада жүрегінде «ұлтым» деген ұлы сөзді ту еткен әр жасқа сәттілік тілеймін. Бұл байқауда жеңілген бала болмайды. Себебі жырға бір табан жақындаудың өзі, жырды жаттап, оны жүрекпен қабылдауға ұмтылудың өзі – үлкен жеңіс, – деді ол.

Байқауға өңірлік жобаның жетекшісі Дәурен Сейітжанұлы, педагогика және мәдениет саласының өкілдері, сондай-ақ ардагер ұстаздар қазылық етті. Қатысушылардың жырды толық жатқа айтуы, кідіріссіз орындауы және мәнерлілігі негізгі бағалау өлшемі болды.

Қазылар шешімімен Приозёрск қаласы бойынша облыстық кезеңге жолдама алған жеңімпаздар:
1 орын – 150 000 теңге
Аружан Дарханова (№2 мектеп, 8-сынып)
Мұғалімі – Жазира Әлжанова

2 орын – 100 000 теңге
Нұрай Оспан (№2 мектеп, 10-сынып)
Мұғалімі – Еңлік Жабағиева

3 орын – 70 000 теңге
Еркеназ Берікқызы (№2 мектеп, 6-сынып)
Мұғалімі – Алтынай Ермағамбетова

Айта кетейік, жоба қыркүйек айында басталған болатын. Байқаудың мақсаты – оқушыларды кітап оқуға баулып, қазақ халқының батырлық эпостарын кеңінен насихаттау, оқушылардың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамыту, ұлттық құндылыққа сүйіспеншілігін арттыру.

20–28 қараша аралығында өтетін аудандық кезеңнен кейін өңірлік финал 10 желтоқсанда ұйымдастырылады. Облыстық кезеңнің жүлде қоры да көлемді:
1 орын – 1 000 000 теңге + Қарағанды ЖОО-сының гранты,
2 орын – 500 000 теңге,
3 орын – 250 000 теңге.

Бұған қоса, І орын алған оқушының ұстазы жеңіл автокөлікке ие болады. Биыл байқауға облыс бойынша 4200-ге жуық оқушы және мыңнан астам мұғалім қатысуда.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button