АбайАймақБас тақырып

«Тұлпар мініп, ту алған!»: жүздеген оқушы «Бөгенбай батыр» жырын жатқа айтты

25 қараша Абай ауданы А.Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназиясында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының іріктеу кезеңі өтті. Жарысқа аудан мектептерінен жүздеген оқушы қатысып, «Бөгенбай батыр» жырын (жырау Тастыбай Жағыпарұлы нұсқасы) жатқа айтудан сайысты.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Жоба Қарағанды облысы әкімдігінің және «AMANAT» партиясының қолдауымен өткізіліп отыр.

Байқаудың ашылу салтанатында Абай ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Арман Қайықбай сөз сөйледі.


– «Тұлпар мініп, Ту алған!» – өскелең ұрпаққа ата-бабаларымыздың ерлігі мен қайраткерлігін, халқымыздың құндылықтарын, салт-дәстүрін дәріптейтін маңызды жоба. Сондықтан біздің ауданымызда осынау бастаманың жүзеге асып, ұстаздар мен өрендеріміздің рухани кештен үлес алып жатқанына қуаныштымыз, — деп бөлім басшысы қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқауға «Тұлпар мініп, ту алған» жобасының Қарағанды облысындағы жетекшісі Дәурен Сейітжанұлы, «Bolashaq» академиясының профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұхамедғали Әбдуов, ардагер-ұстаз, Абай Құнанбаев әдеби-мемориалдық мұражайының қызметкері Ардақ Көккөзова, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Ербұлан Мақатай, Абай аудандық мәдени-бос уақыт өткізу орталығының көркемдік жетекшісі Динара Жұмағұлова қазылық етті.

Сайыс барысында оқушылардың жырды кідірмей, мүдірмей оқуы, жырды толық жаттауы, мәнерлеп айтуы басты критерий ретінде ескерілді.

Нәтижесінде қазылар шешімімен Абай ауданы бойынша үш оқушы мен олардың ұстаздары жеңіс тұғырынан көрініп, байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды:

1 орын (150 мың теңге) – М.Мақатаев атындағы мектеп оқушысы Анар Елемесқызы, дайындаған мұғалімі – Айнұр Хабылхай.

2 орын (100 мың теңге) – А.Құнанбаев атындағы 5 мектеп-гимназия оқушысы Махаббат Мырзабекова, дайындаған мұғалімі – Алтын Онтаева.

3 орын (70 мың теңге) – Қ.Аманжолов атындағы мектеп оқушысы Аружан Бейсенова, дайындаған мұғалімі – Ақерке Салауатова.

Айта кетейік, Қарағанды облысында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы қыркүйек айында жарияланған болатын. 6–10 сынып оқушылары арасында өтіп жатқан байқаудың аудандық (қалалық) кезеңі 20–28 қараша аралығында ұйымдастырылуда. Ал облыстық кезең 10 желтоқсанда өтеді деп жоспарланып отыр.

Іріктеу кезеңінен суырылып шыққан жүлдегерлерді облыстық сында да бағалы сый-сияпат күтіп тұр. Бірінші орын алған оқушыға 1 000 000 теңге беріледі және Қарағандыдағы жоғары оқу орындарының бірінің грант иегері атанады. ІІ орынға – 500 000 теңге, ІІІ орынға – 250 000 теңге тағайындалған.

Сонымен қатар жеңімпаз оқушыларды дайындаған ұстаздардың да мерейі үстем болмақ. Айрықша атап кетерлігі, І орын иегерінің ұстазына жеңіл автокөлік сыйға беріледі.

Жалпы, байқауға облыс бойынша мыңнан астам мұғалімнің жетекшілігімен 4200-ге жуық оқушы қатысуда.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА 
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button