Бас тақырыпБасты тақырыпСұхбат

«Тұлпар» қарсыласына есе жіберді

«Тұлпар» шағын футбол клубының өз алаңындағы жеңісін сүйіншілеп жазып едік. Бұл жолы сырт алаңда елордалық «Астана» шағын футбол командасымен кездесіп, жеңіліп қалды. Қос ойынның нәтижесі бойынша жерлестер қарсыластарына 3:4 және 2:4 есебімен есе жіберді. Салдарынан, сырт алаңда ұпай еншілей алмай турнир кестесінде 15 ұпаймен V орынға сырғыды.

Сурет клубтың әлеуметтік
желідегі парақшасынан

Жалпы, елордалықтардың жағдайы мәз емес. Алты ойында небәрі бір ғана ұпай еншілеген. Ал, жерлестер, керісінше. 15 ұпаймен турнир кестесінде үздік үштікте тұрған еді. «Тұлпардың» қарқынына қарап, «Бұл жолы да сырт алаңнан ұпай еншілейміз» деп күткеніміз жасырын емес. Бірақ, біз ойлағандай, біз күткендегідей болмады.

Қос команда арасындағы бірінші кездесу 3:4 есебімен аяқталған. Бірақ, бұл кездесудің бірінші айналымында ешқандай нәтиже тіркелмеді. Қос команда шабуылда да, қорғаныста да сақ ойнап, бір-бірінің осал тұсын табумен болды. Голдың барлығы екінші айналымда соғылды. Жерлестердің бұл кездесуде есепті теңестіруге мүмкіндіктері болған. Бірақ, қарсылас қақпашысы қателікке бой алдыра қоймады.
Қарымта кездесуде алаң иелері ойынның бірінші минутынан шабуылға лап қойды. Сөйтіп, бірден төрт гол салып тастады. Ал, қарағандылықтар қарсыластарға тек бір ғана голмен жауап қайтара алды. Екінші айналымда жерлестер қайтадан қарсылас команда қақпасынан саңылау тауып, есеп алшақтығын қысқартқан еді. Бірақ, елордалықтарды басып озуға шамалары жетпеді. Осылайша олар сырт алаңда өткізген қос ойында да ұпай еншілей алмады.

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button