Жаңалықтар

«Тұлпар» қарсыластарынан басым түсті

Қарағандылық «Тұлпар» футзал командасы ел чемпионатындағы кезекті кездесуін өткізіп, жеңіске жетті. Бұл жолы жерлестер өз алаңында «Шымкент» командасын қабылдап, қарсыластарынан 7:3 және 6:1 есебімен басым түсті. Осылайша «Тұлпар» өз алаңында ұпай жоғалтпай, турнир кестесіндегі ІІІ орынын сақтап қалды.

Сурет inkaraganda.kz

Жерлестердің қарқыны қатты. Әсіресе, өз алаңында өткен соңғы ойындарда ұпай жоғалтпай келеді. Осы жолы да «Шымкенттіктерге есе жібермейді» деп күткен едік. Сенімге селкеу түсірген жоқ. Алғашқы кездесуде жерлестеріміз айқын басымдық танытты. Әуелі бірінші таймда қарсыластың қарқынын бағамдай
отырып, шабуылды екпіндете түсті. Нәтижесінде, төрт гол салып үлгерді. Дегенмен, шымкенттіктер жеңісті оңайлықпен бере қойған жоқ. Төрт голга үш голмен жауап қайтарып, есеп ал- шақтығын қысқартты. Алғашқы тайм алаң иелерінің пайдасына шешілді. Есеп – 4:3.
Ойынның екінші жартысында алаң иелері тізгінді қолдан шығармады. Қарсыластың осал тұсын дөп басып, қос қапталдан үздіксіз шабуыл ұйымдастырды. Қарқыны үдей түсіп, қарсылас қақпасына қысымды күшейте түсті. Нәтижесінде, жерлестер матч соңына дейін үш бірдей гол салып, айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Ал, қарымта кездесуде алаң иелері мүлдем басқа деңгей көрсетті. Қарсыластарға шабуыл жасауға мүмкіндік берген жоқ. Қорғаныста да сауатты ойнады. Ойынның алғашқы айналымында жерлестер қарсылас қақпасына үш гол салса, шымкенттіктер тек бір ғана голмен жауап қайтарды. Таблодағы көрсеткіш – 3:1. Жерлестер екінші айналымда тағы да үш гол салып, 6:1 есебімен қарсыластарын ойсырата жеңді. Осылайша «Тұлпар» кезекті қарсыластарын жеңіп, турнирлік кестедегі орнын сақтап қалды. Қазіргі уақытта үздіктер көшін «Ақтөбе» клубы бастап тұр. Еншілерінде 18 ұпай. Одан кейінгі сатыда – «Семей» клубы. Олардың да қоржынында 18 ұпай. Қазіргі таңда бұл чемпионатта 12 команда бақ сынауда. Жарыс форматына сәйкес, әр команда маусым барысында қарсыластарымен екі мәрте кездеседі. Бір ойынды өз алаңында, екіншісін сырт алаңда өткізеді.

Ербол ЕРБОЛАТ,

“Ortalyq Qazaqstan”

Басқа материалдар

Back to top button