Жаңалықтар

Түлектері туған жерді түлеткен

Əбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті еліміздің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Жоғары техникалық білім беру ісінде əлеуеті зор облыстағы ғылыми-техникалық білім ордасының ашылғанына 70 жыл толды.

 

Алғаш рет талапкерлерге 1953 жылы есігін айқара ашқан білім ордасы – өңірдегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Қарашаңырақ түлектері бүгінде əлемнің əр түпкірінде еңбек етеді. Қазақстанның ғылымын дамыту мақсатында тың жаңашылдықтарға жол ашып келеді.

Бүгінгі мерейтойын салтанатты жағдайда атап өткен университет ұжымы бəсекеге қабілетті мамандар даярлау саласындағы озық жетістіктерін үлгі ете отырып, тағы бір ерекше кезеңге қадам басты.

Салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың университеттің өзіндік ерекшелігіне тоқталған құттықтау хатын облыс əкімі Ермағанбет Бөлекпаев оқып, университет басшысына табыстады. «Əбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің 70 жылдығымен құттықтаймын. Бұл – еліміздің білім жəне ғылым саласы үшін маңызды оқиға. Сіз жас ұрпақтың білімін заманауи талаптарға сəйкес қамтамасыз етесіз жəне инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға зор үлес қосасыз. Сіздің көптеген түлектеріңіз біздің егеменді еліміздің дамуы үшін тынымсыз еңбек етуде. Осыған байланысты педагогикалық қоғамдастыққа шын жүректен алғысымды білдіремін. Бүгінгі таңда білім мен ғылымды өндіріспен ұштастыру басты міндеттердің бірі болып табылады. Қазақстанның бəсекеге қабілеттілігін арттыру үшін заманауи технологиялар негізінде зерттеулер жүргізу өте маңызды. Университет ұжымы бұл міндетті абыроймен орындайды деп санаймын. Сізге зор денсаулық, зор табыс тілеймін жəне сіздің еңбегіңіз жемісті болсын. Құрметпен, Қасым-Жомарт Тоқаев». Ел Президентінің ақжарма тілегін жеткізген аймақ басшысы да салтанатты шараға жиналғандарды мерейтойымен құттықтады.

Құрметті қонақтардың қатарында ҚР Ғылым жəне жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мəжілісінің депутаттары, министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, шетелдік жəне қазақстандық жоғары оқу орындарының ректорлары бар.

Еліміздің ұзақ жылғы даңқты тарихында зор беделге ие болған оқу орнының мерейтойымен құттықтауға жүзден астам шетелдік жəне қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғалымдары, ірі өнеркəсіп, кəсіпорындардың басшылары келді.

Білім беру сапасын арттыруға бағытталған жəне ел экономикасының серпінді əлеуметтік-экономикалық дамуы, педагогтер, ғалымдар мен білім алушылардың білім беру, ғылыми жəне қоғамдық қызметінің нəтижелері еліміздің білім беру қоғамдастығының жоғары бағасына ие болды.

Университеттің белсенді қызметі аясында əлемнің 24 елінің жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы 150 меморандумға қол қойылған. Университет өзінің 70 жылдық мерейтойын ең беделді əлемдік рейтингтердің бірі – QS World University Rankings-те үздік 651+ көрсеткішімен қарсы алып, бір жылда 100-ден көп позицияға көтерілді. Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі – КЕАҚ-2022 нəтижелері бойынша университет техникалық жоғары оқу орындары арасында I орынды еншіледі. Сапалы білім көрсеткіші нəтижесінде ғылыми-зерттеулерді қаржыландыруда өсудің оң динамикасы байқалды. Соңғы бес жылда ғылымды қаржыландыру көлемі екі еседен астам, ал оқытушылар мен қызметкерлердің жоғары рейтингті жарияланымдарының саны үш есеге өсті. Сондай-ақ, оқу орнының ғалымдары алған авторлық құқықты қорғау құжаттарының саны 2,5 есеге өсті.

Бүгінде университет əлемнің 24 елінің жоғары оқу орындарымен ынтымақтасады. Erasmus+, Sinergy, УШОС, Конфуций институтының халықаралық ғылыми жəне білім беру жобаларына белсенді қатысады.

Халықаралық дəрежеде білімнің көкжиегін бағындыруға елеулі үлес қосып жүрген ардагер ұстаздар мен оқытушылар түрлі дəрежедегі марапатқа ие болды. Еселі еңбектің жемісі елеусіз қалмады. Қазақстан Республикасы ғылым жəне жоғары білім министрі Саясат Нұрбекұлының құттықтауын жеткізген вице-министр Қуаныш Ерғалиев министрліктің «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын оқу орнының қызметкерлеріне тапсырды.

 

Қазақстанның білім жəне ғылым жүйесінің дамуына қосқан айрықша үлесі жəне жоғары білікті мамандарды дайындаудағы ерен еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығының Ахмет Байтұрсынов атындағы орденмен Əбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма Төрағасы, Ректор – Марат Ибатов жəне бірқатар қызметкерлер алтын жəне қола медальмен марапатталды. Мерейтойға орай университеттің дамуына сүбелі үлес қосқан мамандардың еңбегі еленіп, мерейі үстем болды.

– Сыйақы – бұл біздің еңбегімізді мойындау. Күн сайын біз еліміз үшін ең жақсы инженерлік кадрларды дайындаймыз. Мен ҚарТУ-да 2 жыл жұмыс істеймін, бірақ өзімді университеттің бір бөлігі ретінде сезінемін. Маған ұжым, ЖОО менеджменті өте ұнайды. Мен өмір бойы осында жұмыс істегендеймін. Күн сайын жоғары нəтижелерге қол жеткізіп отырғанымызға қуаныштымын, – дейді Ғылым жəне жоғары білім министрінің Құрмет грамотасымен марапатталған Басқарма мүшесі академиялық мəселелер жөніндегі проректор Айжан Темербаева.

Университеттің басты байлығы мен мақтанышы – оның түлектері. 70 жыл ішінде оқу орны Қазақстанның барлық өндірістік кəсіпорындарында, сондай-ақ жақын жəне алыс шетелдердің бірқатар елдерінде табысты жұмыс істейтін 100 мыңнан астам бəсекеге қабілетті мамандар дайындады. Бүгінде елімізге белгілі – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Novaцинк», «Богатырь Көмір», «Центргеолсъемка», «Сантехпром», «KAZPROM AVTOMATIKA» ЖШС, «Қарағанды металл конструкциялары зауыты – Имстальком», «Қазтранспроммаш компаниясы» секілді ірі кəсіпорындардағы білікті басшы, білімді мамандардың басым көпшілігі Қарағанды политехінің түлектері. Солардың бірі – Николай Симонян. Ол 1985 жылғы түлек.

– Мен инженерлік-құрылыс факультетінің түлегімін. Осы жерде білім алып, достар таптым. Əр бес жыл сайын курстастарымызбен кездесеміз, оқытушыларды еске аламыз. Қарағанды техникалық университеті – Қазақстанның мақтанышы. Мұнда біздің қоғамға қажет мамандар дайындалуда. Мен құрылыс компаниясының басшысы ретінде жастардың ҚарТУ-ды таңдағанын қалаймын, – дейді Николай Симонян.

Салтанатты шара соңында оқу орнының басшысы Марат Ибатов «Əбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісін қашықтан оқыту факультетінің деканы Борис Глотовқа, «Өндірістік процестерді автоматтандыру» кафедрасының профессоры Владимир Каверинге, «Құрылыс материалдары жəне технологиялар» кафедрасының профессоры Əділ Жакулинге, Қазақстанның көпсалалы жаңарту жəне дамыту институтының жетекші ғылыми қызметкері Құсайын Əлменовке, «Құрылыс материалдары жəне технологиялар» кафедрасының доценті Мұрат Рахимовқа, «Қазақ тілі жəне мəдениеті» кафедрасының доценті Қарлығаш Хамзинаға, «Кеніштік аэрология жəне еңбекті қорғау» кафедрасының меңгерушісі Нұрбек Жолмағамбетовке табыстады.

Мерейтойға арнайы Қарағанды техникалық университетінің қалыптасуы мен дамуынан сыр шертетін фильм көрсетілді. Университет қабырғасында тау-кен, энергетика, көлік жəне құрылыс салаларында цифрлық технологиялар бойынша төрт жаңа ғылыми-білім беру кешенінің тұсаукесері өтті. Цифрлық дəуір жағдайындағы білім, ғылым жəне өндірістің өзекті мəселелеріне қатысты конференция, дөңгелек үстел өтті. Суреттерді түсірген Жангелді ƏБДІҒАЛЫМ

Сағыныш ƏБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button