Түлектерге тың мүмкіндік
Қарағанды индустриялық университеті мен Теміртау кәсіптік-техникалық колледжі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл келісім сұранысқа ие мамандарды даярлауға және студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға көмектеседі. Жұмысшы мамандықтар жылында бұл бастама өзекті болып отыр.

Кездесуде оқу орындарының басшылары үйлестірілген білім беру бағдарламаларын әзірлеу, студенттер мен оқытушылар алмасу, ғылыми зерттеулер мен білім беру жобаларын жүргізу сияқты бірлескен жұмыстардың әлеуетін де талқылады.
– Қарағанды индустриялық университетімен ынтымақтастық бізге жаңа мүмкіндіктер береді. Университет оқытушыларының қатысуымен қонақ дәріс, семинар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастыру жоспарда. Сонымен қатар, ҚарИУ кафедралары меморандум аясында колледжіміздің түлектерімен кәсіби бағдарлау жұмысын жүргізеді, – деді Теміртау кәсіптік-техникалық колледжінің директоры Мәди Төлеуғазы.
Университетте сапалы оқу үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда заманауи инфрақұрылым, ғылыми-зерттеу зертханалары, электрондық ресурстар және тәжірибелі оқытушылар жұмыс істейді. Осының бәрі заманауи еңбек нарығының талаптарына сай келетін мамандар шығаруға мүмкіндік береді.
Өз тілшімізден