Түлектер – жұмыссыз немесе әлжуаз жастар кімге керек?
Қазір жоғары оқу орнын бітірген түлектердің жартысы жұмыссыздар қатарында жүр. Оқытушылар бұған мектеп бітірушілердің көпшілігінің кез келген мамандықты таңдай салғаны кедергі дейді. Оған қоса еңбек нарығына қажетті мамандықтар жайында нақты мәліметтер аз. Соның кері жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілетсіздігі түлектерді жұмыссыз жастарға айналдыруда.
Десек те, Білім және ғылым министрінің түлектердің білім алған уақыты жұмыс өтіліне саналады деген жағымды жаңалығы жастарды қуантқаны рас.
Еңбекпен қамтылған түлек
Статистика мәліметтерінше 2019 жылы Қарағандыда 9 жоғары оқу орнында 43 462 студент оқыған. Ал, оқу орындарын бітірген түлектер саны – 12 552.
Облыстағы тоғыз оқу орнының бірі ҚарТУ-де өткен жылы бакалавриатты 1600 түлек оқып бітірсе, оның 797-сі грантта білім алған. Өкінішке қарай, техникалық пәндерге оқытатын оқу орны өткен жылғы жұмысқа орналасқан түлектердің есебін шығармапты.
Ал, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының рейтінгі бойынша еліміздің үздік жоғары оқу орындарының ондығына кірген Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетін 3 422 түлек бітірсе, 2 961 бакалавр, 407 магистрлерді және 54 PhD докторларын оқытып шығарды. Ондағы бакалавр бітіргендердің 80,4%-ы жұмысқа орналасқанын айтады оқытушылар.
Сондай-ақ, атамекендіктердің қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын тәуелсіз бағалауы нәтижесінде «Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясында Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша оқыған түлектердің 71%-ы жұмыссыз, ал Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінде информатика мамандығын бітіргендер де өндіріске қажетсіз мамандар қатарында екен. Өңірлік әлеуметтікинновациялық университетінде Кәсіптік оқыту мамандығын бітіргендердің 25%-ы ғана қызметке қол жеткізсе, Орталық Азия университетінде экономика мамандығы бойынша жұмысқа тұрғандар небары 20%-ы құраған.
Осыны ескерген мамандар жастардың жұмыссыз жүруі жалғаса берсе халықтың ең әлжуаз, осал буыны атанған жастар қоғам мен мемлекетке үлкен қолайсыздық төндіруі бек мүмкін екенін айтады. Бүгінде жұмыссыз жастарды әлеуметтік желі немесе қолма-қол қаржылай көмек көрсету арқылы деструктивті құрылымдарға тартудың түрлі тәсілдері бар.
Грант құны үш есеге артуы мүмкін
Мемлекеттік жоғары оқу орындары коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналғалы ел ішінде сол университеттердің жекеменшікке сатылуы мүмкін деген күдік пайда болғаны рас. Алайда, Президент мемлекеттік жоғары оқу орындарының сатылмайтыны туралы нақты айтты. Себебі, сол ЖОО-ларда еліміздегі студенттердің 40%-ы оқиды және 35 мыңнан астам оқытушы мен қызметкер жұмыс істейді.
Алдағы бес жылда елдегі 5 жоғары оқу орны әлемнің үздік 500 университетінің қатарына қосылуы керектігі де жоспардағы іс.
– Осыған орай біз білім гранттарының орташа құнын 340-420 мың теңгеден 1 млн. теңгеге дейін көбейту туралы шешім қабылдадық. Яғни, грант құны үш есе артады. Сол арқылы оқытушылардың жалақысын кезең-кезеңмен арттырып, университеттердің материалдық базасын нығайтуға болады. Бұл – маңызды қадам. Өйткені, грант құны 2011 жылдан бері өскен жоқ, – деді. Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.
Көпшілік грант құнын арттырудың себебі, дарынды жастардың шет елге кету мәселесімен байланыстыруда. Зерделей келсек, дарынды жастарды шет елде оқыту үшін халықаралық стипендия тағайындалған 1993 жылдан бері 14 мыңға жуық ел азаматы бағдарламаның стипендиаты атанды. Олардың 11 мыңы әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алып үлгеріп, басым көпшілігі шет елде қалған.
Соған сәйкес 2020 жылдың қыркүйегінен бастап, мемлекеттік білім беру грантының құны артып, оқытушылардың еңбекақысы көбеймек.
Білім және ғылым министрлігі 2020−2021 оқу жылында жоғары білімді мамандарды даярлауға 53 864 грант бөліпті. Сәйкесінше, 1-қыркүйектен бастап орта есеппен ұлттық жоғары оқу орындарында жалақы көлемі – 28%-ға, ал мемлекеттік жоғары оқу орындарында – 20%-ға өскен. Осы орайда студенттер оқу ақысының оқыту бағдарламасына сәйкес келмейтінін айтып бағуда.
– ЖОО-лардағы оқытушы-профессорлық құрам жылдар бойы өзгермегендіктен, оқытушылар беретін ақпарат пен білім беру бағыты бұрынғыша қалуда. Алған білімнің заман сұранысына сай болмай, жұмыс берушілер еңбек тәжірибесін сұрағанда мыңқиып тұрамыз, – дейді қарағандылық студент Жарас.
Қазіргі таңда ұлттық жоғары оқу орнында оқытудың орташа шығыны – 635 800 теңге, басқа оқу орнында оқытудың орташа шығыны шамамен – 345 900 теңге. Бұрынғымен салыстырғанда қымбаттапты.
Дипломдар біркелкі болмайды
Жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік беріліп, бағдарламаларын өздері әзірлейтіні түлектерге дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік беріп отыр. Сәйкесінше биылдан бастап әрбір жоғары оқу орны білім алған азаматтарға жеке үлгі бойынша диплом береді. Сол заңды қағаздың біркелкі болмайтыны да студенттерге жақсы мүмкіндік. Олай дейтініміз, студенттер оқу орындарын білім беру сапасына қарай таңдай алады.
Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленовтің айтуынша, дипломдарда жоғары оқу орны, білім беру бағдарламасының атауы, бітірушінің деректері, оқыту нысаны көрсетілуі тиіс. Берілген дипломға дербес жауапты болатын ректордың қолы, БҒМ жасаған бірегей сәйкестендіру нөмірі болады.
Грантты жұмыспен өтеу шарттары жеңілдейді
Бұрын грант қалай өтелетін? «Білім туралы» Заң бойынша 2008 жылдан бері педагогика және медицина, 2012 жылдан бастап ветеринария және 2019 жылдан бері ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша ауыл квотасымен білім алғандар оқуды бітірген соң ауылда кемі 3 жыл жұмыс істеуге міндетті болды. Студенттер оқу бітірген соң ауылдағы мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеуі қажет-тін.
Жақында Білім және ғылым министрі мемлекеттік грант арқылы оқуға түскен студенттердің грантты жұмыспен өтеу шарттары жеңілдетілгенін айтты. Грантты жұмыспен өтеу дегенді қалай түсіндік? Ол былай, мәселен ауылдық квота арқылы оқуын аяқтаған түлекке өз мамандығы бойынша тек мемлекеттік мекемеде ғана емес, жекеменшік ұйымдарда еш кедергісіз жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Бұл – мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан түлекке тек мемлекеттік мекемелерде ғана емес, жекеменшік ұйымдарда да жұмыс істеп, грантын өтеуге сәтті мүмкіндік. Түрлі ұйымдардағы кадр мәселесін шешуге де септігін тигізетінін айтады мамандар. Тиісінше, жұмыс іздеп сенделген жастардың қатары азаяды.
– Грантты жұмыспен өтеу – түлектерге жақсы мүмкіндік. ҚарУде жастарды жұмысқа орналастыруда еш қиындық жоқ. Түлектер көбіне унисерситетті бітірген бетте магистратураға түседі. 100 студенттің кем дегенде 30-ы тапсырады. Жұмыс беруді білім беру бағдарламалары арқылы қарастырамыз, – дейді ҚарУдың академиялық мәселелер бойынша проректоры Бекболат Нүсіпбеков.
Бүгінде ҚарУ-де «Болашақ» бағдарламасымен шет елде оқып келген 15 түлек жұмыс істеуде. Бейресми деректер облыста жұмыссыз жүрген жастардың қатары аз екенін алға тартады. Министрдің жаңалығынан кейін олардың саны мүлдем азаятын шығар…
Аяулым СОВЕТ.