Түлектер тартуы – баспана
Ақтоғай ауданында мектеп бітіру салтанаттары пандемияға байланысты тек жоғары сынып оқушыларының қатысуымен өтті. Және осынау шадыман күнге орай, мектепті әр жылдары бітірген түлектер қайырымдылық шараларына ұйытқы болды.
Әдетте, әр мейрамның елді елең еткізетін жақсы жаңалықтары мен күтпеген тосын сыйлары болады. Ақтоғайдың ел назарын аударған биылғы ерекше жаңалығы – Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан атындағы орта мектептің 2011 жылғы түлектерінің алғадай бастамасы болды.
1993 жылы туған түлектер мектеп бітіргендеріне он жыл толуына орай қайырымдылық көрсетіп, әлеуметтің ризашылығына бөленді. Мүмкіндігі шектеулі Мейрам Айтжановқа ел арасында «24» аталып кеткен қосқабатты үйден екі бөлмелі пәтер алып берді.
Салтанатты рәсімге мектеп ұстаздары – Б.Есқалиева, Ш.Пішенбева қатысып, үйдің кілтін сынып жетекшісі Жауһар Сарыбаева тапсырды.
Жергілікті биліктің құлағына алтын сырға, түлектер пәтерді жоғарыда айтқанымыздай, көпбалалы Жұлдыз Айтжанованың мүгедек баласы Мейрам Айтжановқа сыйлап отыр. Ал, Жұлдыз Айтжанова көпбалалы ана ретінде үй кезегінде тұр. Енді, үйді әперген түлектер де, көпбалалы ананың өзі де әкімдік «үйі бар» деген желеумен «үй кезегінен шығарып тастамай ма?» деп уайым қылуда. Әрине, біз бұл мәселені журналист ретінде назарымызда ұстаймыз.
Иә, жанымызда жақсы адамдардың жүргенін осы түлектерге қарап, тағы бір мәрте көз жеткіздік. Көзіміз жеткен соң риясыз риза болдық.
Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ,
АҚТОҒАЙ ауданы.