Түлектер – мақтанышымыз
№18 орта мектепте «Қызмет қылсаң халқыңа, игі ат қалар артында» тақырыбында мектеп түлектерімен кездесу өтті. Кездесу кешіміз рухани жаңғыруды сипаттау және патриоттық сананы ынталандыратын ұлттық құндылықтарды жаңғырту мақсатында өтті. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясындағы «Туған жер» бағдарламасының маңыздылығын түсіну мақсатын көздеді.
Жалпы, «Туған жер» бағдарламасы – жалпыұлттық патриотизмнің негізі» дейміз. Отансүйгіштік сезімнің кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе, алтын ұяң мектебіңе деген сүйіспеншіліктен басталатыны сөзсіз. «Ұрпағың мақтануға болса лайық, Біз бүгін мақтанайық, жар салайық» деп сөз кезегін алған мектеп директоры Әбіш Жазыбеков бүгінгі таңда әр салада қызмет істеп, оқу оқып, жетістікке жетіп жүрген мектебіміздің мақтаныштары Сұңғат Хасенханов, Медғат Мұсаев, Арман Тосқанбаев, Ербол Сармурзин, Абылай Ескендіров, Арайлым Тұқтыбаева, Нәби Қабышов, Балжан Ешімханова, Әсел Уашеваны мақтанышпен таныстырды.
Кеш барысында мектеп оқушылары қонақтарымызға қызықты да мағыналы сұрақтар қойып, «Біз сіздермен мақтанамыз» атты тақырыпта әдеби-музыкалық монтажды тарту етіп, кездесуіміздің маңызын арттыра түсті. Сонымен қатар, кеш қонақтары алдағы уақытта мектеппен тығыз байланыста болатындықтарын айта келе, ұсыныстарын айтты. Шынайы пікір алмасудың оқушыларға берер тәлімі жоғары болды.
Анар СМАҚОВА,
№18 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.