Түлектер қанат қақты

ҰБТ тапсыру науқаны тәмам. Енді түлектердің құжаттарын алып, жоғарғы оқу орындарына тапсыруға мүмкіндігі мол. 16 мамыр мен 4 шілде аралығында өткен ҰБТ кешеніне 14 мыңнан астам түлек қатысыпты. ҰБТ өткізу барысы мен жазғы мектептің қорытындысы туралы облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Гүлдана НҰРСҰЛТАН өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Биыл облыстың 496 мектебінен 205 мыңнан астам оқушы түлеп ұшқан. Бұның ішінде Ұлытау облысындағы білім ошақтары да бар. 8 582-і –11-сынып түлектері болса, 17 964-і – 9-сыныпты тәмамдаған. Ал, «Алтын белгіге» 312 түлек үміткер болған. Алайда бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 105 адамға аз көрінеді.

«Алтын белгіге» 312 үміткердің 308-і өз білімдерін растады. Өкінішке орай«Алгебра және анализ бастамалары» пәні бойынша 4 түлек оң нәтиже көрсете алмады. Бір қуантарлығы Ақтоғай мен Қарқаралы ауданынан «Алтын белгіге» үміткерлердің саны артқан. Ал, бір ғана Шет ауданының өзінде «Алтын белгіге» 10 түлек шықты. Үздік аттестат иегерлерінің саны биыл – 465. Былтырғы жылмен салыстырсақ, 40 адамға өсті. Ал, 9-сыныптың 1 065 түлегі үздік аттестат алды, – деді Гүлдана Нұрсұлтан.
Талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижесімен грантқа қатысу мүмкіндігі артқан. Ал, пәндер саны жылдағыдай – 3 міндетті және 2 профильді. Дәл солай максималды жинақ та 140 балл болып қалған. Биыл тестілеу кешені ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «бір компьютер – екі камера – бір тестіленуші» қағидаты бойынша өткізілген.

ҰБТ-ға қатысу үшін облыс мектептерінен 15 766 түлек тіркелген. Алайда, тестіленушілердің 94,6%-ы ғана тапсырды. 833 түлек өз еркімен тест тапсырудан бас тартса, 8-і тыйым салынған заттарды пайдаланғаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Сондай-ақ, тестілеу барысында ереже бұзғаны үшін 12 оқушы сыныптан шығарылып, ҰБТ нәтижелері жойылды, – деді Гүлдана Ерболатқызы.

Айта кетейік, 26 мамыр мен 17 маусым аралығында білім беру ұйымдарында білім сапасын арттыру және білімдегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында ата-аналардың өтініші бойынша Жазғы мектептер ұйымдастырылған болатын. Аталмыш жобаға биыл облыс бойынша 9, 11 сынып оқушыларын есептемегенде 179 273 оқушы қатысыпты.

Ербол ЕРБОЛАТ.