Түлек үшін маңызды күн
Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған спорт мектеп-интернат колледжінде студенттер мен оқушыларға аттестат және диплом тапсыру іс-шарасы өтті. Салтанатты жиынға оқушылар мен студенттердің ата-аналары жиналып, білім ордасына, ұстаздарға деген жылы лебізін білдірді.

Ал, балаларының алдағы өміріне ақ жол тілеп, үміт күтерліктей білікті маман болатынына сенім білдірді. Аттестат пен диплом алған әр баланың бойында толқу мен ерекше көңіл-күй болды. Айтулы күні мектеп-интернатының директоры Ерден Халелин түлектерге ыстық ықыласы мен келешек өмірлеріне сәттілік тілеп, мектептің атын шығаратын үлкен азамат пен азаматша болуларына тілектес екенін айтты.
Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мектеп – интернаты спорттың барлық түрлерін жетік менгерген ұстаздар мен жаттықтырушылардың тоғысқан жері. Бұл қаламыздағы жалғыз спорт мектеп-интернаты болса да, қаншама түлекті шыңдап, таңдаулы маман болуға жетелейтін нағыз білім ордасы. Биыл мектеп-интернатынан отыз студент пен отыз бес оқушы түлеп ұшып, үлкен өмірге қадам басты. Олардың төртеуі қызыл диплом алды.
– Мектеп-интернатымыздан түлеп ұшып, үлкен өмірге қадам басып жатқан түлектердің алдағы өміріне сәттілік тілеймін. Олардың алға қойған мақсаты көп. Түлектерімізден зор үміт күтеміз. Жаңа Қазақстанымыздың арқа сүйер үлкен азаматтары мен азаматшалары боларына сенеміз. Әр баланың бойында ұлт пен елімізге деген патриоттық сезім бар. Сол сезім өшпес махаббатқа айналса, елімізді көркейтер білікті мамандардың көбейері де, анық. Ал, біз осы үшін аянбай жұмыс істеудеміз – дейді, оқу ісі жөніндегі мектеп-интернат директорының орынбасары Сәкен Ақдарбекұлы.
Әр азамат пен азаматша ел үмітін арқалар білікті маман болса, ұлт келешегінің дамып, өркендеуі, алдағы өмірінің жарқын болары сөзсіз. Сондықтан, жас ұрпаққа салиқалы тәрбие, сапалы білім беру маңызды. Олар – еліміздің болашағы. Елімізде қазір білім сапасына көп көңіл бөлініп, жаңа өзгерістер енгізілді. Ұстаздарға да, көп міндет пен жауапкершілік артылып, жыл сайын білімдерін толықтырып жатыр. Ел өркендеуі тікелей осы мамандарға байланысты болғандықтан, оларға артар үміт пен сенім көп.
– Өте ерекше әсерде тұрмын. Осы уақытқа дейін алған білімім мен төккен еңбегімнің жемісін көріп жатырмын. Осы үшін барша білім берген ұстаздарыма, ата-анама, мектеп-интернатының директоры Ерден Халелинге алғыс айтамын. Бұйырса, енді Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл алып, грантқа түсіп, ата-анамды қуантқым келеді. Мен ол үшін аянбай еңбек етемін және осы оқыған мектеп-интернатымның берген білімдерін ұмытпай, әрі қарай жалғастыру үшін жоғары білім алғым келеді, – дейді, қызыл диплом алушы түлек Айсұлу Бұлғынаева.
Қаламыздағы Әлия Молдағұлова облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында ауыр атлетика, биатлон, бокс, велоспорт, грек-рим күресі, дзюдо, еркін күрес, жеңіл атлетика, жүзу, шорт-трек, қазақ күресі және тағы басқа да спорт түрлері бар. Бұл мектеп-интернатында оқыған әр оқушы мен студент осы спорт түрлерінің барлығын менгеріп, мықты спортшы болатыны анық.
– Менің немерем осы мектеп-интернатында оқиды. Биыл дипломын қолына алып, бәрімізді қуантып жатыр. Ал, енді, осы немереме, оның қатарластарына алдағы өмірде ақ жол тілеймін. Спорт саласының білікті маманы болсын. Әлия Молдағұлова атындағы мектеп-интернаты жыл сайын осындай оқушыларға тәрбие мен сапалы білімін беріп, ынталандыра берсін. Мектеп-интернатындағы жаттықтырушыларға, ұстаздарға алғыс айтамын, – деді, түлектің әжесі Гүлнар Жабагина.
Іс-шара соңында барлығы естелік суретке түсіп, бір-біріне құттықтау тілектерін білдірді.
Алданыш ОЛЖАБАЕВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ІІ курс студенті
Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО



