Жаңалықтар

Төле би мешітінің қызметкерлері балаларға базарлық жасады

Қасиетті Рамазан айы – мейірім мен шапағаттың, кешірім мен қайырымдылықтың айы. Бұл – жүректер жұмсарып, жандар жақындасатын, сауапты істерге ұмтылыс күшейетін ерекше кезең. Осындай берекелі күндердің қарсаңында сауапты істің бірі Қарағанды облысының білім басқармасына қарасты «Әсем» балалар үйінде жалғасын тапты.

Сурет автордан

Жақында Қарағанды өңірінің бас имамы Естай қажы Айтуғанұлының ұсынысымен Төле би мешітінің бас имамы Рашид Орысбайұлы бастаған дін өкілдері аталған балалар үйіне арнайы барып, игі тілектері мен сый-сияпаттарын жеткізді. Айта кету керек, бұл шара – бұрыннан жалғасып келе жатқан қайырымдылық көмектердің жалғасы. Мешіт қызметкерлері балаларға базарлық жасап, жеміс-жидектер мен тұрмыстық ыдыс-аяқтар тарту етті.

1999 жылы ашылған бұл шаңырақ талай тағдырды түлетіп, талай баланың үміт отын өшірмей, талабына қанат байлады. Содан бері ата-ананың қамқорлығынсыз қалған қаншама бала осы жерден білім алып, тәрбие көріп, өмір жолына қадам басты. Сан сынақ пен сан кезеңнен өткен мекеме бүгінгі күні де өз жұмысын абыроймен жалғастырып келеді. Балалар үйінің директоры Светлана Прокопив қонақтарды жылы қабылдап, көрсетіліп отырған қолдау үшін ризашылығын білдірді.

Балалар үйінде бүгінде 40 бала тәрбиеленуде. Бірге туған үлкен-кіші балаларды бөлмейді, бәрі бір шаңырақ астында бірге өседі. Бұл жас ұрпақтың бойындағы бауырмалдық пен жанашырлықтың жібін үзбеу үшін де керек. Әр балаға түрлі мамандар қарап, жан-жақты қолдау көрсетіледі. Білім алуына, денсаулығына, шығармашылық қабілетін дамытуына барлық жағдай жасалған. Яғни, бұл – жай ғана мекеме емес, мейірімге негізделген орта, үмітке бастар ұя.

Рамазан – тек ауыз бекітіп, ас-ауқатты шектеу ғана емес. Ол – жүректі тазарту, мұқтажға қол ұшын созу, жетімнің басын сипау. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жетімге қамқор болудың сауапты іс екенін талай өсиет еткен. Сондықтан осындай игі бастамалар қоғамдағы имандылықтың артып, рухани тұтастықтың нығайып келе жатқанын аңғартады.

Балалар – елдің ертеңі. Олардың жүзіндегі күлкі – біздің ортақ аманатымыз. Рамазан айының нұры әр шаңыраққа шаттық, әр жүрекке жылу, әр балаға сенім сыйласын. Қайырымдылық пен жанашырлық жолы үзілмей, сауапты істер көбейе берсін.

Қуаныш ЕСМАҒАМБЕТОВ
Төле би мешітінің наиб-имамы

Басқа материалдар

Back to top button