Төл ойынды төрге оздырып…
Кеншілер қаласында тоғызқұмалақтың классикалық түрі, рапид және блицтен ерлер, әйелдер және ардагерлер арасында өткен облыстық чемпионат мәреге жетті. Ауқымды жарыста аймағымыздың түпкір-түпкірінен жиналған 160 спортшы бақ сынасты.
Чемпионатқа қатысушылар арасында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерімен бірге, шеберлікке үміткерлер де бар екенін атап өту керек.
Қарағанды облысының тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушысы Сәуле Қаратай қазір бұл ұлттық спорт түрі өте танымал екенін алға тартты.
– Болжам бойынша, қазіргі уақытта 15 мыңға жуық оқушы тоғызқұмалақ ойнайды. Тоғызқұмалақтан түрлі деңгейдегі көптеген жарыс өтуде. Мәселен, ақпан айында Ақтөбеде ерлер мен әйелдер арасында тоғызқұмалақтың классикалық түрінен Қазақстан чемпионаты өтпек. Ал, сәуірде Қарағандыда блиц пен рапидтен чемпионат ұйымдастырылады. Ташкентте Азия чемпионаты, Пардубицеде (Чехия) әлем чемпионаты өтеді. Бұдан бөлек, биыл Қытайда оқушылар арасында чемпионат өткізілмек, – деді Сәуле Қаратай.
Чемпионатқа қатысушылардың жас ерекшелігі 14 жастан 75 жасқа дейінгі аралықты қамтиды. Олардың кейбірі әр түрлі жас санатында отбасымен қатысып, бағын сынап жатыр.
Атап айтсақ, 70 жастағы Юлия Фалик жарысқа немересімен келген.
– Тоғызқұмалақты 1980 жылдан бері ойнаймын. Сол кезде тоғызқұмалақтан чемпион Балтабай Қасқырбаев директор болған пионер лагерінде аға тәрбиеші болып жұмыс істедім. Кейін ол тәрбиешілерді, тәлімгерлерді жинап, тоғызқұмалақ ойнауға үйретті. Жалпы, мамандығым бойынша еңбек және сызу пәнінің мұғалімімін. Бірақ, қазір балаларды тоғызқұмалаққа жаттықтырып жүрмін. Менің үйірмемде 12 бала бар. Алтауы – студент. Сонымен қатар, немерелерімді де жаттықтырамын. Үлкен немерем ересек жаста, үйленген. Кенже ұлым да жарысқа қатысуда, – дейді Юлия Фалик.
Облыстық чемпионатта жалпыкомандалық есепте бірінші орынды «Қайрат» ұлттық спорт мектебі иеленсе, екінші орынға Теміртау қаласынан келген спортшылар жайғасты. Ал, Осакаров ауданы, Молодежный кентінен келген қатысушылар үшінші орынды місе тұтты.
Бұл чемпионат ұлттық спорт түрлеріне тәрбиелейтін «Қайрат» мектебінің спорт кешенінде жөндеуден кейін өткен алғашқы ауқымды шара екенін атап өткен жөн.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметінен