Тұлғатану теориясының трагедиясы
Біздің қазақта Абайды толық және терең түсініп оқыған жалғыз Шәкәрім Құдайбердіұлы деуге заңды негіз бар. Шәкәрім қажының «Мынау Абай – бір ғалым жол шығарлық» деген сөзі Абайдың адами тұлғасын түзу тануға бастар анық бағалау еді. Бұл ойымыздың растығын Америкадан Ресейге келіп, Сібір жерін еркін аралаған журналист Дж.Кеннанның да сөзі бекітеді. 1885 жылы Сібір сапарынан оралған Дж.Кеннан өзі көрген жайлардың негізінде патша саясатын даттаған, революционерлерді мадақтаған бірнеше мақалалар жазады.
Осы Дж.Кеннан 1891 жылы жарық көрген «Siberia and the Exile System» кітабында Семейге жер аударылған оқығандардың сөздеріне сүйеніп бірінші болып Абайды ғалым деп атайды: «I know a learned old Kirghiz here named Ibrahim Konobai».
Журналист қолданған ағылшынның «Learn» етістігі арғы неміс тілінен көне ағылшын тіліне көшкен «leornian» сөзінен шыққан, соңғысы өз кезегінде арғы немістің «liznojan» сөзінен, бұл сөздің негізгі мағынасы – «еру» немесе «жол табу»
Бұл дегеніңіз – адам болу, я болмау мәселесі. Еру – біреудің соңынан қалмай бірге жүру, ілесу, бағыну. Жол табу – адаспай, тура іздену.
Қазақ мүддесіне адал қызмет етер дұрыс жолды Абай жиырма бесінші қара сөзінде жақсы таратады: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі. Лекин (бірақ) осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы қазақты аңдысам екен дейді. Жоқ, олай ниет керек емес.
Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейік, мұны көріп және үйренушілер көбейсе, ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік.
Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек».
Абай көзімен қарап отырсаңыз, қазақ қоғамында бір-біріне қарама-қарсы екі ниет қатар тіршілік етуде. Бірі – орыс ғылымын баласына үйретіп, соның қаруымен тағы қазақты аңдуы. Екіншісі – ғылымы дамыған ел қатарлы халық, ұлт болуға ұмтылуы.
Қайтпек керек? Бірінші топқа ілесіп, соның соңында болу, көну ме, бағыну ма? Әлде, адаспай тура ізденіп, қазаққа күзетші боларлық жол табу ма?
Абай халықты бірлікке бастар жол тауып, адал еңбек қылу ісіне үйретуді, үйренушілер қатары көбейсе, заңсыздық пен құқықтық тәртіпті бұзушылыққа көнбес едік деп отыр.
Абай адал еңбек қылудың қатарына оқу, білім алу, ғылымды үйрену ісін де жатқызады. Осы қара сөзінде Абай орысша оқып жатқандарды оқымаған қазақ баласымен салыстыра отырып сипаттайды: «…Өзге қазақ баласынан артық үйренгені немене, қай көп үйреніпті? Кірді, шықты, ілді, қайтты, түбегейлеп оқыған бала да жоқ».
Оқу ісінде адал еңбек етуге теріс ықпал етер себептерді де атап өтуді Абай ұмытпапты: «Орыстан оқыған қазақ балаларынан артық жақсы кісі шыға алмай да тұр. Себебі: ата-анасы, ағайын туғаны, бір жағынан, бұзып жатыр».
Жастардың басын ғылым ісінен бұрғызып, бұзық жолға салып жіберудің бір мысалын, бір кездері Абайдың ғылымға бетін түзеп жібермекке үлкен себепші болыпты-мыс делінетін Е.Михаэлис ісінен табасыз.
Бұл Михаэлистің Абайдан 4 жас үлкендігі бар, Петербургтің тумасы, гимназияда, лицейде оқыған. Петербург университетінің физико-математика факультетінің жаратылыстану бөлімінің III курс студенті кезінде апасы мен жездесінің революциялық сөздеріне еріп, тәртіп бұзып, білім, ғылымнан айрылған. Ол 1861 жылдың күзінде үкімет заңына қарсы шыққаны үшін оқудан қуылып, астананың жанындағы Петрозаводск қаласына жер аударылады.
Ессіздіктің екпінімен кете барған, әділет ісінің алды-артын байқарлық білім, ғылымы жоқ, өздері де жете танып білмеген, болашағы бұлыңғыр идеяны ұстанған еріккен топтың сөзіне көніп, көзсіз бағынып ойнақтаған жиырма жастағы Михаэлис от басты.
Азғын, аяр сөздің айтағымен алаулатып-жалаулатып алаңға шыққан жас студент арзан саяси ойынның ойыншығына айналып, құр босқа күйіп кетті, аңғал жан оңбай ұтылды.
Студент Михаэлис қаншама жыл қаражатын, қайратын жұмсап гимназия, лицейде оқытқан, мәпелеп өсірген ата-анасының ақ адал еңбегін еш қылды, ел үмітін ақтамады, ғылыммен қош айтысты.
Студенттер қозғалысын зерттеушілердің дерегі бойынша 1861 жылдары Петербург университетіндегі 1000 студенттің ішінде 360 адам ғана лекция тыңдағаны үшін ақы төлей алатын. Оқу іздеген студенттердің басым бөлігі кедей-кепшік, алыс губерниялардың аш-жалаңашы болса, Михаэлистің әлеуметтік жағдайы жақсы, тұрақты болатын.
Дін көңілі өзге алдамшы нәрсеге ауған шәкірттің шала мейірі шала байқайды, ойсыз орта ғалым болар болашағы бар дарынды жасты адастырып, арандатып тынды. Тура жолды таба алмай адасқан жан оқуды тастап, басы сотты болып, ақыры астанның іргесіндегі Петрозаводскіге жер аударылады.
Шәкірт жігіт Михаэлис мұнда да тыныш жүрмей, полицияның қатаң бақылауында бола тұра, бекітілген ережеге ермей, өз бетімен рұқсатсыз Петербургке кетіп қалады. 1822 жылғы «Жер аудару» уставының талабына көнбеген оны астанадан алыс Тобыл губерниясының Тара қаласына жер аударады.
1869 жылы Михаэлиске анасының ішкі істер министріне жолдаған өтінішінің арқасында Семей қаласына көшуге мүмкіндік туады. 1878 жылы полициялық бақылау тоқтатылған соң губернатордың рұқсатымен 37 жастағы Михаэлис облыстық басқарманың шаруашылық бөлімінің іс қағаздарын жүргізушінің көмекшілігіне ілігеді. Бір жылдан кейін ерекше тапсырмаларды орындаушы кіші чиновник дәрежесіне жеткен.
Михаэлистің Семейдегі төменгі дәрежелі чиновниктік қызметі жаңа басталған шақта біздің Абайдың қазақтың негізі мықты, тұрақты іргелі жақсысына айналған кезі болатын.
Абайдың алғашқы биографы Кәкітайдың жазуы бойынша Абай 30 жасында барша халық ортасына атағы жайылып, ілікті болды. Бөтен елдің басшы адамдары құда-тамыр болып, жақындық қылып, араздық, жаулық қылмай жүрген.
Абай 15 жаста-ақ, балалық қылмай үлкендерден білімі артып, ел ішінде жұртты аузына қаратып, басшылыққа бұрынғы төрелермен талас қылып, әкесіне үлкен көмегі тиген.
Абайдың тым ерте есеюінің негізгі себебі әкесі Құнанбайдың 1851 жылы жазылған жалған жаламен істі болуы еді. Абай 1852 жылы ауылдарына арнайы келіп, ата-аналарына тергеу жүргізген Омбылық чиновниктерді де, кезбе ғалымдарды да өз көзімен көріп өсті. Әкесі Құнанбайдың 1853 жылдың қыркүйегінен 1854 жылдың қарашасына дейін Омбы түрмесінде заңсыз, негізсіз жатқаны бала шәкірттің сана-сезімін тез оятты.
Сондықтан да жас Абай ата намысы үшін алысты, жұлысты, айтысты, тартысты, ашуға да, айлаға да жақты шырақ. Адал еңбек қыла алмай жүрген жамандарға алдырмады, көп наданға көнбеді, өсек сөзге ермеді. Әлді болды, бай болды. Ақыл, қайратымен тапқан қаржысын, өзінде барын ортаға, ғылым ісіне көп салды.
Абай әкесі Құнанбайдың төрелермен басшылыққа таласқан тартысты ісін қатыса жүріп, жасынан империя өмірінің де көлденең көзге түсе қоймас құпия қыр-сырын өз мәнінде, терең танып, жетік білген ғалым болып өсті.
Оны біз Абайдың «Онегиннің өлердегі сөзі» атты өлеңінде Онегинді өз орнын таба алмаған жан деп бейнелеуінен көре аламыз.
Отанында Онегин жалғыз емес-тін, ақылмен көңілін тыйып, бойын жеңе алмай, орнын таба алмай адасқан надандардың рас сөзге ор қазып, тор құрды, ел қырды, ақыры түзеле алмай-ақ кеткен топ тым көп еді.
Біздің бағымызға қарай Абайды ғалами ғылымға сай келер ғалым қылған қазақ даласында бағзы заманнан қалыптасқан құқықтық қуатты ой ортасы, адаспай тура ізденген һакімдер мектебі бар болатын.
Сол һакімдердің ісін бала шәкірт кезінен өзінің әр ісінің қазығы қылып алған ақылды Абай таптық, топтық, түрлі-түсті партиялық бір бес күндік мүдделерге ілеспеді, аярлардың азғыруына көнбеді, мақтан мен атақтан ел тыныштығын, татулығын жоғары қоя білді.
Колониялдық империяның ғұмыры ұзаққа бармасын таза жүрегімен анық сезген Абай өз ұлтын соқыр еліктеуден сақтандырып: «Қазақ, қазаққа дос бол, адал еңбек қыл!» деп жол шығарған адамзаттық ғалымдыққа қол жеткізді.
Абайға қарата айтқан қажы Шәкәрімнің сөзінің рас екенін ғасыр ғұмыры дәлелдеп бағуда.
Марат АЗБАНБАЕВ