АймақҚарағанды

Облыс тұрғындарының 100 пайызы орталықтандырылған сумен жабдықтау қызметімен қамтылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі нақты тапсырмасын іске асыру барысы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте жан-жақты қарастырылды. Келелі жиын барысында өңірдегі ауыз сумен қамту деңгейі, инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысы әрі елдімекендерде туындап отырған өзекті мәселелер қоса талқыланды.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Аймақ басшысы өз сөзін дене шынықтыру және спорт басқармасында орын алған келеңсіз жайттан бастады.

– Тәртіп бұзушылық бар және ол үшін жауапкершілік те болуы тиіс. Сонымен қатар, заң талаптарына сәйкес, үздіксіз атқарылуы қажет жұмыс бар. Бұл жөнінде біз бұған дейін де ашық мәлімдегенбіз және тағы да қайталап өтемін: аталған жағдай бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті тексеру жүргізеді, сондай-ақ, басқарманың қызметіне кешенді аудит жасалады. Қазіргі уақытта оқиға фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр, әрбір әрекетке құқықтық баға беріледі, – деді өңір басшысы аппараттық кеңес барысында.

Облыс әкімі мемлекеттік қызмет аясында әрбір қызметкер белгіленген тәртіп пен заң талаптарын қатаң сақтауы тиіс екенін айрықша атап өтті.

– Қоғамдағы кез келген келіспеушілік пен жұмыс барысындағы даулы мәселелер тек құқықтық алаңда шешілуі тиіс. Әрбір басшы ұжымдағы тәртіпке, заңның сақталуына және мемлекеттік органның беделіне жеке жауап береді. Мұны баршаңыз естен шығармауларыңыз қажет, – деп түйіндеді Ермағанбет Бөлекпаев.

Бүгінде облыс аумағында сегіз қала мен 342 ауылдық елдімекен бар. Мемлекет басшысының нақты тапсырмасын іске асыру аясында өткен жылы ауызсумен қамту саласында жалпы құны 9,7 млрд теңгені құрайтын 67 жоба табысты жүзеге асырылды. Аталған ауқымды іс шеңберінде 22 жоба бойынша су құбыры желілері тартылып, ауылдық елдімекендерде 45 блок-модульді су тазарту кешені орнатылып, тұрғындарды сапалы әрі қауіпсіз ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі артты.

– Қарағанды, Теміртау қалаларында сумен жабдықтау жүйелерін салу және жаңғыртуға бағытталған ірі инфрақұрылымдық жобалар толық көлемде аяқталды. Нәтижесінде бірқатар шағын­аудандар мен елдімекендер орталықтандырылған, сапалы ауыз сумен қамтылды. Сонымен қатар, облыс аудандарында су құбыры желілерін салу, блок-модульді су тазарту кешендерін орнату бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп, бұл ауыл тұрғындары үшін ауыз судың сапасы мен қолжетімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді, – деді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев.

Өткен жыл қорытындысы бойынша жоспарланған барлық нысандар толық көлемде пайдалануға беріліп, нәтижесінде облыс тұрғындарының 100 пайызы орталықтандырылған сумен жабдықтау қызметімен қамтылды. Қарағанды қаласында үш ірі инфрақұрылымдық жоба сәтті аяқталды. Атап айтқанда, Жаңа және Ескі Тихоновка елдімекендерінде жаңа су құбырлары тартылып, орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Бұған дейін ауыз суға қолжетімділігі шектеулі болған жеке сектор тұрғындары енді толыққанды ауыз суды пайдалана алады. Теміртау қаласында орталықтандырылған су жүйесіне үш шағынаудан және Оң жағалау аумағы қосылды. Сонымен қатар, аталмыш жұмыстар Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет аудандарында жүргізіліп, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету ауқымды түрде қамтамасыз етілді.

Өз кезегінде аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жиынды қорытындылай отырып, 2025 жылы қалалар мен ауылдық елдімекендер тұрғындарын сапалы ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар толық көлемде аяқталғандығын растады. Аталған нәтиже өңір үшін әлеуметтік маңызы жоғары, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі әрі тиімді жұмыстың айқын көрсеткіші. Алдағы кезеңде қолданыстағы инфрақұрылым мен коммуналдық мүлікті ұқыпты пайдалану, санитария­лық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету негізгі міндеттердің бірі ретінде айқындалды. Сонымен қатар, коммуналдық қызметтердің сапасын одан әрі арттыру мақсатында заманауи әрі сенімді тәсілдер мен тетіктерді енгізу арқылы жұмысты тұрақты негізде жалғастыру қажеттігі баса белгіленді.

– Қала мен аудан әкімдеріне бірқатар нақты міндет жүктелмек. Атап айтқанда, сумен жабдықтау нысандарын атаулы қызмет көрсететін ұйымдардың теңгеріміне беру жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастыру, халықты сапалы ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету бағытында қол жеткізілген деңгейді сақтай отырып, нысандарға уақытылы қызмет көрсету мен оларды кезең-кезеңімен жаңғыртуға басымдық беру қажет. Сонымен қатар, ауыз су сапасы мен су құбыры желілерінің техникалық жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізу, қандай да бір ауытқулар анықталған жағдайда жедел әрі тиімді шаралар қабылдау міндеті тұр. Су шығындарын азайту, басқару тиімділігін арттыру мақсатында заманауи есепке алу жүйелері мен цифрлық құралдарды жүйе­лі түрде енгізу қажеттігіне де ерекше назар аударамын, – деп түйіндеді сөзін Ермағанбет Бөлекпаев.

Иә, облыс жұртшылығын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі жергілікті деңгейдегі жетістік деу жаңсақтық болар. Бұл – тұтастай елдің стратегиялық басымдығының айқын көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамту тапсырмасының орындалуы облыс­тағы инфрақұрылымдық жобалардың тиімділігін іс жүзінде растайды. Межеленген істердің барлығы дерлік толықтай жүзеге асырылып, қала мен ауылдық елдімекендердің тұрғындары толықтай орталықтандырылған су жүйесіне қол жеткізді. Нақты нәтиже экономикалық өсімге, халықтың өмір сүру сапасына әрмен қарай әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей оң әсер етеді. Өйткені, ауызсу алдымен зор денсаулық пен гигиенаның негізгі факторы. Алдағы басымдық тұрғысынан алғанда, қол жеткен көшелі көрсеткішті сақтау да сындарлы шақ болары шындық.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button