Түйе, түйе, түйелер…
Белгілі қаламгер, журналист Тілеуқабыл Байтұрсынның туғанына – 75 жыл
Ардақты әріптесіміздің мерейтойына орай «Орталық Қазақстан» газеті марқұмның есімін ел жадында жаңғыртып, қаламгерлік қазынасына тағзым етуді парыз санады. Осы мақсатта редакция қорында сақталған, бұрын ешбір басылымға енбеген жазбаларын оқырман қауым назарына ұсынып отырмыз. Бұл дүниелер Тілеуқабыл Байтұрсынның азаматтық ұстанымын, ой толғамының кеңдігін, туған жерге, туған елге деген перзенттік сүйіспеншілігін айшықтай түседі.
Редакциядан

Жетпісінші-сексенінші жылдары Қарқаралы ауданындағы «Восток» совхозының директоры Хакім Зәкішевтің абыройы аспандап-ақ тұрды. Олай болатын жөні де бар. Өйткені Зәкішевтің басшылығымен аудан, қала берді, облыс көлемінде алғашқылардың бірі болып жерасты суларын игерген де, терісі бағалы аңдар мен бал арасын өсіре бастаған да, селоны сәулеттендіруге ден қойған да, ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін арттыру мақсатында қауымдастық құруға талпыныс жасаған да, тоқсаныншы жылдардың басында түйе өсіруді қолға алған да осы совхоздың мамандары еді.
Жекешелендіру барысында бұрынғы «Восток» совхозының негізінде Тоқтар Әубәкіров атындағы өндірістік кооператив және бірнеше шаруа қожалықтары құрылды. Республика Президентінің Жарлығына сәйкес шаруашылықтан 10 проценттік үлесін алған Хакім Зәкішев «Тоқтар» атты жеке шаруашылық ұйымдастырды. Ал, Тоқтар Әубәкіров атындағы өндірістік кооперативтің тізгінін ауыл азаматтары ақылдаса келіп, бұрын осы шаруашылық директорының өндірістік жұмыстар жөніндегі орынбасары болып істеген Дулат Мағауияұлы Мақышевқа сеніп тапсырды.
Таяуда осы шаруашылықта болғанымда Дулатты қырман басында жолықтырдым. Қырманның биылғы көрінісі тым жүдеу. Лепіре сөйлеп, репортаж жазатындай жағдай байқалмайды. «Табиғаттың бермесін тартып аламыз» дегеніміз күпіршілік екен. Адамзат табиғатпен тайталаста әлсіз болып шықты. Жаз бойы жалғыз тамшы тамбады. Мамыр айындағы механизаторлардың еңбегі де, әр литрі алтынға баланған жанар-жағармай да текке кетті. Қазір гектар басы 1,5-3 центнер аралығында ғана астық жиналып жатыр.
– Жағдайымыз мақтанарлық емес, – деді Дулат осы жайларды әңгімелей келіп. – Бірақ, егін шықпады деп ұнжырғаны түсіруге тағы да болмайды. Өмір бір орында тоқтап тұрмайды. Қазір жаппай қысқа әзірлік науқаны жүргізілуде. Биыл сабан да, жем де тапшы болатындықтан қолда бар техниканы шөп дайындауға жұмылдырдық. Нәтижесі жаман емес сияқты. Ысырапқа жол бермесек, қыстан шығармыз деп отырмыз.
Заманның қиындығына байланысты бірсыпыра шаруашылықтарда клуб, балабақша жабылып қалды, қыс айларында мектептерде сабақ тоқтады. Біз шамамыз келгенше мектепті де, клубты да ұстап отырмыз. Ал, балабақшаны мешітке айналдырдық. Бұл шаруаға ата-аналар да түсіністікпен қарайды…
– Дәуке, осы шаруашылық түйе өсіретін сияқты еді…
– Иә, түйеміз бар. Бұл жөнінде сіздерге кооперативіміздің жетекші маманы Рымбек Әлиев әңгімелеп берсін. Оны кеңседен табасыздар.
Рымбектің түйе туралы әңгімесін тыңдай берсек, таусылар түрі байқалмайды. 1990 жылдың қарашасында Талдықорғаннан 22 түйе әкелгені бір хикая. Іле-шала Ақтөбеден 24 түйе жеткізгендері тағы бір бөлек әңгіме.
– Бәріміз де түйенің кітаптағы суретін көріп өскен ауылдың баласымыз ғой. Шаруашылық басшысы Хакім Зәкішев түйе өсіру жөніндегі ойын айтқанда көкейімізде «Оны кімге бақтырамыз?» деген сұрақтың тұрғаны рас. Сөйтсек, Хакең бұл шаруаны алдын ала шешіп қойған екен. «Қапан Түсіповтің әкесі «Қарасы» колхозында күшкөлік ретінде пайдаланылатын екі түйеге иелік еткен. Біздің ауылда жас кезінен түйені көріп өскен сол Қапан аға. Осыдан бір апта бұрын сөйлескенмін. Түйе бағуға келісімін беріп отыр ол, – деді.
Сонымен 46 түйені ауылымыздың атақты шопаны Қапан Түсіпов өз отарына қосып, бағатын болды. Алғашқы жылы 2, одан кейін жыл сайын орта есеппен 14 бота алып отырдық. Түйе ұстауға ниет еткеннен кейін оны бағып-қағудың сырына да қаныға бастадық. Жылқының үйірі сияқты 10-12 түйеге бір бура иелік етеді екен. Өз беттерімен табиғи жағдайда шағылысады. Үлкен түйелердің тірідей салмағы бір тоннаға дейін тартады. Етінің сиырдыкінен айырмашылығы шамалы. Семіз түйенің қос өркешінен 30 килограмға дейін таза май алуға болады.
– Өнімдерін қалай ұқсатып отырсыздар?
Үлкен түйе жарты тоннаға дейін ет береді. Бұрын біздің аймақта түйе өсірілмегендіктен болар, ет базарда да, дүкенде де өте қоймайды. Сондықтан, көбінесе ет комбинатына, шұжық жасайтын цехтарға тапсырамыз. Түйенің жүні ешкінің түбіті сияқты өте бағалы. Түйені әр жыл сайын мамыр айында қырқады. Бір түйеден орта есеппен 4-5 килограмм шамасында мамық жүн алынады…
– Шөктіріп барып қырқатын шығар?
– Жоқ, тар қоршаудың ішіне енгізіп, түрегеп тұрған қалпында қырқады.Алғашқы үш-төрт жылда қырқылған жүнді Семейге, Қарағанды шұлық-ұйық фабрикасына өткізген едік. Қазір ешкім алмайды. Алам деушілер өте арзан бағаға сұрайды. Сонымен кейінгі екі жылғы жүн қоймада жатыр.
– Жылқы туралы әңгіме қозғалса, қымыз ішкіміз келетіні бар ғой, Рәке…
– Ә, шұбатты айтып отырсыз ғой. Дәмін таттық. Қымыздан артық болмаса, бір де кем емес. 1991 жылы Жеңіс мерекесі қарсаңында 5 түйе сауып, 9 мамыр күні алғашқы шұбатымызды ардагерлерге ұсынған едік. Бірақ кейінгі жылдары осы жақсы бастаманы қожыратып алдық.
– Қазір шаруашылық қарамағында түйенің саны жүзге жетіп қалған болар?
– Биылғы жылғы қыркүйектің бірінші жұлдызындағы мәлімет бойынша 75 түйе бар. Оның 24-і аналық. 1995 жылы түйелерді Қапкеңнен «Шортанды» қыстағындағы Еркін есімді балдызы қабылдап алған. Екі жылдан бері сол жігіт бас-көз болып келеді. Облыс көлемінде түйе шаруашылығымен шұғылданатын біздің кооператив қана. Сондықтан, алдағы уақытта осы салаға көбірек көңіл бөлгелі отырмыз.
Иә, солай жасаған дұрыс шығар. Менің есебімше, жылына 10 ботадан алғанның өзінде шаруашылықтағы түйе салын жүзден асып жығылса керек еді. Жасыратыны жоқ, Рымбек «75 түйе бар» дегенде көңілім қоңылтақсып қалды. «Ештен кеш жақсы». Ендігі жерде Тоқтар ауылының азаматтары облысымыздағы бірегей түлік саналатын түйе санын молайту және өнімдерін ұқсатып пайдалану жолында жұмыла еңбек етеді деген сенімдемін.
***
Тоқтар Әубәкіров атындағы өндірістік кооперативтің түйешісі Еркін Наймантаев:
– Екі жылдан бері байқағаным – түйе бағу қой бағудан әлдеқайда жеңіл. Көбінесе, шілікті аңғарлар мен жусанды алқаптарды жақсы көреді. Шөлге төзімді. Бір апта, тіпті, он күн су ішпесе де, қылшығы қисаймайды. Тек жануардың соңынан ілесу қиын. Жарты сағат қараусыз қалдырсаңыз, көш жерге ұзап кетеді. Қыс бойы өз аяғымен жайылып шығады. Қатты аязды-боранды күндері болмаса, қораны да керек қыла қоймайды.



