Жаңалықтар

Құт дарып, кие қонған Қарағанды!

Биыл еліміздің индустриалды орталығы, «қара алтынның» отаны саналатын Қарағанды қаласының қала мәртебесін алғанына 90 жыл толды. Заман талабына сай өсіп-өркендеген, ғылыми, әлеуметтік, экономикасы дамыған құтты өлкенің Қазақстанда қадірі бөлек. Сарыарқа төріндегі қазынасымен танылған аймақ бүгіндері мәдениетімен де айдай әлемге әйгілі.

Сурет: Кітапхана басшылығынан

Қарағанды тарихы 1833 жылы Аппақ Байжановтың алғаш көмір кенін табуынан басталады. Содан бері қара маржанның ордасына айналған Қарағанды күн сайын көркейіп, қанатын кеңге жаюда. Пайдалы қазбалары мен өндірісі, ауыл шаруашылығы, кәсіпорындар мен бизнесі күн сайын өркендеуде.

Қазақстанның ірі индустриялық орталығына жататын өндірісті өлкеміздің торқалы тойы қарсаңында қазыналы Қарағандыға қызмет бабы бойынша отбасыммен қоныс аудардым. Осы 90 жылда қаланың қарыштап өсіп, еліміздің экономикалық және саяси тірегіне ғана емес, ғылым мен мәдениеттің, өнер мен білімнің қаласына айналғанына көз жеткіздік. Алып мегаполис, Елордамыз Астанадан Қарағандыға қоныс аудару оңай болмағанымен, қарағандылық болып, қаланың болмыс-бітімімен танысып келеміз.

Сарыарқаның жүрегінде орналасқан аймақтың орасан зортарихи, рухани қазынасы –  кітапханалар. Қарағанды облысында ұлттың рухани азығы саналатын 257 кітапхана бар. Облыстық 4 кітапхана ішінде өзім басшылық ететін Қарағанды облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасы да биыл 55 жылдық мерейтойын тойлайды.

1969 жылы 30 қазанда құрылған арнайы кітапхана көру қабілеті бұзылған пайдаланушылардың кітапханалық қызметтерге бірдей қолжеткізуін қамтамасыз етіп, ақпараттық, мәдени, оңалту функцияларын атқарады. Оқырмандарға мемлекеттік, орыс және басқа тілдердегі бедерлі-нүктелі, жазық баспалы, аудиовизуалды басылымдар, тактильді материалдар, электронды және басқа құжаттар қорын ұсынып, ақпараттық сұраныстарын өтейді.

Кітапхана қоры 84000-нан астам дана, оның ішінде мемлекеттік тілде 15000-нан астам құжат қорын пайдалана, жылына 5000-ға жуық пайдаланушыға,оның ішінде 1763 көру қабілеті бұзылған пайдаланушыларға қызмет көрсетеді.

Кітапхана қызметін жетілдіре, барлық санаттағы оқырмандар мен денсаулық мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік оңалтып, бейімдеуде, олардың қоғам өміріне белсене қатысып, ақпаратқа қолжімділігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосудамыз. Бүгінгі күні арнайы кітапхана жұмысын дамытуда мол тәжірибе жинақтап, іс-қызметті ілгерілете жұмыс жасауды жалғастырудамыз.

Қаламыздың 90 жылдық торқалы тойын кітапханада ұйымдастырылған «Сарыарқа – елдің жүрегі» атты мерекелік бағдарламамен атап өттік. Іс-шараға көру қабілеті бұзылған оқырмандар атсалыса қатысып, қалаға арналған «Қарағандым», «Сарыарқа» өлеңдерін шабыттана оқыды.Зағип оқырмандарды қала мерейтойымен құттықтай келген «Молодежный» Мәдениет үйінің өнерпаздары өнерлерін көрсетіп, әннен шашу шашты. Іс-шара аясында «Ынтымағы жарасқан Арқа елім» атты тұрақты кітап көрмесіндегі әдебиеттерге шолу жасалып, қала тарихы, әдебиеті мен мәдениеті, ғылымы мен табиғатына арналған басылымдар таныстырылды.

Алдымызда алар талай асу бар. Кеншілер қаласымен қатар жасап, ғасырлық тарихы бар қасиетті Қарағандымен көздеген мақсаттарыма ұмтылудамын. Қала тарихымен бірге дамыған арнайы кітапханамыз көру қабілеті бұзылған пайдаланушылардың кітапханалық қызметтерге бірдей қолжеткізуін қамтамасыз етебермек.

Мерейлі мерейтойыңмен, қазыналы Қарағандым!

Ғалым НҰРЛАНОВ,

Қарағанды облыстық  зағип және нашар көретін

азаматтарға арналған  арнайы кітапхана басшысы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button