Түбіртек сұрап, теңге ал
Мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда «Салық жүйесі, бұл – бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеуметтік міндеттемелер де орындалмайды. Еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін әр адамға түсінікті тілмен жеткізу керек» деп атап өтті. Осы орайда облыстағы Мемлекеттік кірістер комитеті кіші және шағын кәсіпкерлік субъектілер берген фискалдық түбіртектер бойынша сыйақыларды төлеуге бағытталған «Salyk кэшбэк» пилоттық жобасының қайта басталғанын хабарлады.

– «Salyk кэшбэк» жобасы арқылы азаматтар арасында экономиканың ашықтығын ынталандыру және мәдениетті дамыту көзделген. Бұл жерде басты мақсат – көлеңкелі экономикамен күрес және жергілікті бюджеттерге салық түсімдерін ұлғайту, – деді облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Азамат Сүлейменов.
«Salyk кэшбэк» қалай жұмыс істейді? Сатып алушы банктік аударым немесе қолма-қол ақшамен төлем жасағаннан кейін фискалдық түбіртекті арнайы мобильді қосымшада сканерлейді. Мобильді қосымшадағы жеке шотқа сатып алу сомасының 2% мөлшерінде «Салық кэшбэк» сыйлығын алады.
– Бағдарлама азаматтарды фискалдық түбіртектерді талап етуге итермелейді. Белгілі тәртіпке бағынуға шақырады әрі бейресми мәмілелердің үлесін азайтады. Ашық транзакциялар арқылы жергілікті бюджеттерге түсімдерді арттырады.
Осы орайда жобаның бірінші кезеңі оң нәтиже көрсеткенін атап өткен жөн. Түбіртектер саны 2 есеге, олар бойынша сома 32%-ға өсті. Алғашқы кезең Абай, Ақмола облыстарында өтті. Ал, жобаның екінші кезеңі Қарағандыда сәтті өтеді деген сенімдеміз. Сыйақылар «it Analytics» ЖШС операторы арқылы «Amian» мобильді қосымшасын пайдалана отырып есептеледі, – дейді Азамат Сүлейменов.
– «Salyk кэшбэк» шарттары бойынша бір пайдаланушыға кэшбэк сомасы айына 20 000 теңге. Ақшаны қайтару мерзімі – 14 күн. Сатып алудан түскен ақшаны қайтару сомасы – 2 %.
Қолма қол ақшаны алу үшін «Аmian» мобильді қосымшасын жүктеп, қосымшаға тіркелу қажет. Тауар алып, төлем жүргізу кезінде кәсіпкерден фискалдық түбіртекті талап етесіз. «Amian» қосымшасында түбіртекті сканерлеп, 2% кэшбек алыңыз және оны банктік картаңызға немесе ұялы телефон балансына шығарасыз, – дейді «IT Analitics» ЖШС директоры Шынболат Құрмашев.
Фискалдық чекті сканерлеу арқылы ақшаны қайтарып алу және бағалы сыйлықтарды ұтып алу мүмкіндігі мол. Әр облыстан белсенді бір қатысушы тоқсанына бір рет 100 000 теңге алады.
– «Salyk кэшбэк» азаматтардың бизнеске адалдығын арттыруға бағытталған. Осы орайда әрбір қала тұрғынын түбіртек сұрау арқылы белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырамыз. Осылайша олар аймақтың дамуына және тұтынушылық құқықтарын қорғауға айтарлықтай үлес қосады. Қоғамда экономикалық және құқықтық мәдениетті қалыптастырған жөн, – дейді Азамат Сүлейменов.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»