АймақБас тақырыпБасты тақырыпҚарағанды

Нұра ауданындағы «Пржевальский» серіктестігі орылған егінді шығынсыз сақтау­да

Абай данышпанның пікірін бүгінгі әңгімемізге текке кіріктірмеген едік. Әңгімемізге арқау болып отырған еңбек ұжымының – Нұра ауданына қарасты «Пржевальский» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мүшелері ырзығын егін шаруашылығынан тауып отырған адамдар.

Суретті түсірген Жанат Тасымов

Бұл шаруашылықтың тарихына аз-маз тоқталатын болсақ, осыдан 71 жыл бұрын, тың игеру сылтауымен қазақ даласын айқыш-ұйқыш тілгілеп, сол кездегі Кеңес Одағының түпкір-түпкірінен келімсектерді тоғытқан кезде, Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты Қонғансай қонысы негізінде бұл өңірге еш қатысы жоқ Пржевальский атындағы астық өсіру және ет өндіру совхозы ашылып, оның иелігіне 50300 гектар жер (оның 46 мың гектардан астамы егіншілікке жарамды) бекітіліп берілген еді.

Шаруашылықты әр жылдары ұйымдастыру қабілеті, кісілік қасиеті әр түрлі деңгейдегі адамдар басқарды. Совхоздың соңғы директоры да, оны 1993 жылы «Алтын дән» атты ұжымдық меншік кәсіпорнына айналдырған да А.П.Романенко. Анатолий Павлович қызмет бабымен аудан орталығына ауысқан соң «Алтын дәннің» тізгінін Ықсан Балтабайұлы Таттыбаев ұстады. Кәсіп­орын 1999 жылы «Пржевальский» жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігі болып қайта құрылды. Осыдан кейін шаруашылықтың тасы өрге домалай бастады. ЖШС басшысы аудандық мәслихаттың депутаттығына сайланып, мемлекеттік марапаттарға ие болды. Серіктестік бірте-бірте мал өсіруді шектеп, егіншілікке ден қойды. Мұндағы мамандар мен жұмысшылар ұзақ жылдардан бері тұрақты еңбек етеді. Бірақ, соңғы жылдары бірен-саран жас адамдардың ауылға оралып, аға ұрпақтың еңбек жолын жалғастыруға кіріскені байқалады. Мысалы, шаруашылықта 35 жылға таяу қызмет жасаған Ықсан Балтабайұлы өткен жылы қайтыс болған соң, ЖШС басшылығы міндетін ұлы Әлібек жалғастыруда. Еңбекақы әркімнің ортақ іске қосқан үлесіне қарай әділ төленгендіктен, қазір Мұзбел атауын иеленген ауылдың тұрғындары орнықты, өзге жаққа қоныс аударушылар өте аз. Қазір ауылдық округте 144 отбасы, жеті жүзден астам тұрғын болса, оның 160-ы әңгіме болып отырған серіктес­тікте еңбек етеді. Науқан кезінде жұмысшылар саны 200-ге дейін жетеді екен. Мұндағы орта мектепте 120 бала екі тілде білім алады. Қазақ және орыс тілді сыныптар саны шамалас көрінеді. Мектеп, балабақша, Мәдениет үйі, ФАП, спортзал сияқты көпшілік орындар осы серіктестіктің қамқорлығында екені айт­паса да түсінікті болар.

Шаруашылық 2 және 3 сортты астық өндіреді. Әдетте бидай мен арпа, сұраныс өскен жылдары сұлы, бұршақ, зығыр өсіреді екен. ЖШС аумағында егіншілікпен айналысатын екі бригада жұмыс істейді. Бұған дейін «Концерн Цесна-Астық» ЖШС, «Жер-Арна» ЖШС, «Продкорпорация» АҚ, «Дарад» ЖШС, Қарағанды диірмен комбинаты, «Фирма Ақнар» ӨК сияқты іргелі кәсіп­орындармен іскерлік байланыс орнатып, өзге шаруашылықтармен салыстырғанда өнімін тұрақты бағада ұстай алған «Пржевальский» ЖШС әлі де осы бағытты ұстанбақ.

Өндіріс құралдарының көп­шілігі кеңес дәуірінен мұра болып қалғаны белгілі. Ескірген техника жиі бұзылып, оларды жөндеу үшін қосалқы бөлшек табылмағандықтан, серіктестік соңғы жылдары трактор-машина паркін бірте-бірте жаңалауға көшіпті. Қазір оның егістік алқаптарында көзімізге ежелден таныс ДТ-75, МТЗ, Т-4, Т-40, К-700 тракторларымен қатар Buhler Versatile 2375, John Deere 9530 сияқты алыс шет елдерден алдырған машиналар да жұмыс істейді. Егін жинайтын комбайндар мен қырмандағы техника туралы да осыны айтуға болады. ЖШС-ның тұқымдық және сатылмаған астықты сақтау қоймалары жөндеуден өткен. Яғни, орылған егінді шығынсыз сақтау­ға барлық мүмкіндік бар.

Қыркүйектің екінші аптасында барғанымызда ЖШС басшысы Әлібек Таттыбаев жұмыс бабымен Астанаға кетіп, оның орнында бас агроном Жанат Тасымов қалған екен.

– Серіктестікке қарасты жер көлемі 34198 гектар. Оның 30 мың гектары егістік алқабы, 2000 гектары шабындық, жайылымдық жеріміз жоқтың қасы, – деді ол. – Биыл 25168 гектар жерге тұқым сіңірілді. Оның 23851 гектары бидай, 967 гектары арпа, 350 гектары сұлы. Әзірше барлық сұлы мен арпа, бидайдың жартысына жуығы жиналды. Гектар түсімі 12 жарым центнерден айналуда.

Мал ұстайтын тұрғындарды жемшөппен де «Пржевальский» ЖШС қамтамасыз етеді. Мұндағы шөптің тоннасы 12 мың теңге екен. Жаңбыр аз жауатын аудандардың жұрты үшін қызығарлық баға әрине.
Тәжірибелі басшы, қамқор әкенің өнегесін ұстанған Әлібек Ықсанұлы жетекшілік етіп отыр­ған «Пржевальский» ЖШС-ның қазіргі жағдайы осындай.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ

СУРЕТТЕ: «Пржевальский» ЖШС-ның егістік алқаптарында қызу жүріп жатқан күзгі науқаннан көріністер.

Басқа материалдар

Back to top button