Жаңалықтар

«Түбегейлі реформа түйткілге тосқауыл»

Үйіңізге су келмей қалса, көңіл райыңыз сарсаңға салынары кәдік қой. Яки, көшедегі суағардан су өтпей, жол жиегі көлшікке айналса да, көзіміз қуанбасы анық. Сайып келгенде, облыс орталығындағы су жүйесінің қалыпты қызметі – қала тұрғынының денсаулығы мен жайлылығына кепілдік. Сондықтан, стратегия­лық маңызы бар инфрақұрылымның бұл күнгі хал-­ахуалы, сын-тегеуріні, болашақ басымдығы жайлы «Қарағанды Су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері Қайролла Құдашбаев мырзамен тілдестік…

Сурет автордың жеке мұрағатынан

– Құрметті Қайролла Дүйсенбайұлы, «Су – тіршілік көзі» деп жатамыз. Сіз бас инженер ретінде осы тірнекті тірліктің бір тұтқасын қос қолыңызға мықтап алған екенсіз. Қызметіңіз әр тұрғынға уыстап әбілхаят кәусарын ұсынғандай қадірлі де жауапты. Бұл жолға қалай бекіндіңіз?

– Қайырлы күн, мен «Қарағанды Су» ЖШС-де бас инженер қызметін атқарамын. Қызметім өзіме ұнайды. Өзім жайлы айтып өтейін, осы мекемеде 2003 жылдан бері еңбек етіп келемін, Михайловск сумен жабдықтау цехында шебер болып жұмыс істей бастадым. 2023 жылы басшылықтың шешімімен бас инженер қызметіне ауыстым. Мұнда сумен жабдықтау, су бұру цехтарының (апаттық бөлімшелер) жұмысын қамтамасыз етіп, бақылаймыз, желілерді, жабдықтарды дамытып, ауыстыру жоспарларын қалыптастырамыз. Мұнымен бірге, желілер бойынша комиссиялық шығулар мен кеңестерге қатысамыз. Туындаған маңызды мәселелер бойынша мемлекеттік ұйымдармен және тұтынушылармен өзара іс-қимылды жүзеге асырамыз. Әр ай сайын азаматтарды жеке сұрақтары негізінде қабылдау өткіземін. Тұтынушылардың сұрақтары жан-жақты және күрделі болады. Оған жауап қатып, әрекет ету – басты міндетіміз деп есептеймін!

– «Шикі су ішпе» деген ес­кертуді жиі естиміз. Сол қаншалықты орынды? Үйге жеткен су қаншалық мөлдір?

– Қарағандылықтардың ауыз су сапасына сенетінін немесе сенбейтінін нақты айту қиын. Мүмкін біреу краннан су ішеді, сонымен бірге, дүкендерде, біздің қаламыз­дың әрбір екінші тұрғынының пәтерінде орналасқан тазартқыш сүзгілер (фильтр) сұранысқа ие. Судың сапасын бақылауды «Қарағанды Су» ЖШС зертханасы тәулік бойы Қаныш Сәтбаев атындағы каналынан тұтынушылар үйлеріндегі крандарға дейін су қозғалысының бүкіл жолы бойынша жүзеге асырады.

– Бүгінде көпқабатты үйлердің жертөлелерінде үймереттің жоғарғы қабатын жеткілікті су қысымымен қамтамасыз ету үшін электр сорғысын орнатуға бола ма?

– Бірден ескертейін. Өз еркімен әрекет ету әрқашан насырға шабады. Мұнда су құбыры желілерін тексеру керек көрсетілетін қызметті беруші тараптың келісімін алу үшін қызмет берушіге жүгіну қажет.

– Қала бойынша сантехни­калық апат легі азаймасы анық. Сусыз қалған жандар дегбіріңізді алатын шақта жағдайды оңтайлы реттеу үшін жұмыс тобыңыз қандай шұғыл шара қолданады?

– Апат орын алғаны жайлы өтініштер келіп түскен сәттен бастап, «Қарағанды Су» ЖШС бригадасы апатты жою үшін жедел режимде жұмыс істейді, қажетті техника мен арнайы құралдарды тартады. Апаттық учаске 24 тәулік бойы жұмыс атқарады.

– Қош делік. Енді өңірде «Қарағанды Судың» атқарып жатқан игілікті істеріне зер сала кетсек…

– «Қарағанды Су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры Ербол Төлеуов осы мекемеге келгелі көп уақыт бойы шешілмеген күрделі мәселелер мен ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Қарағанды қаласының тұтынушылары кәсіпорын тарихынан жалпы хабардар. «Қарағанды Су» 1958 жылы құрылды, мекеме Қарағанды, Теміртау қалаларының, Ақтас кентінің тұтынушыларына сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін ұсыну жөніндегі табиғи монополиялардың субъектісі болып табылады Іс-шараларды іске асыру нәтижесінде көптеген бұрын проблемалы учаскелер бойынша ұсынылатын сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің сапасы айтарлықтай жақсарды. Күрделі жұмыстарды жүргізу, желілер мен құрылыстарды реконструкциялау және жаңғыр­ту магистральдық желілердегі шығындардың азаюына әкелді. Жыл өткен сайын «Қарағанды Су» ЖШС көрсететін қызметтердің сапасына тұтынушылардың шағымдарының саны азаюда. Халықтың шағымдары санының азаюы қызмет көрсету сапасының артқанын, жағдай жақсарып келе жатқанын көрсетеді. Кәсіпорын жұмысының мақсаты – кәсіп­орынның даму қарқынын арттыру және тұтынушылардың біздің жұмысымызға шағымдануына себеп болмайтындай етіп жұмыс істеу.

– Әсерлі әңгімеңізге алғыс айтамын.

– Сізге де таудай рахмет!

Сұхбаттасқан Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button