Жаңалықтар

Құтқарушылардың қажырлы еңбегі

Риддер маңындағы өртті ауыздықтауға Өскемен, Павлодар, Нұр-Сұлтан қалаларының өрт сөндірушілері көмекке барған-ды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме? Өртті ауыздықтап, үйінділерді ретке келтірген соң, жігіттер дәл сол жерде ұйқыға бас қойыпты. Оны желі қолданушысы таспаға түсіріп алып, әлеуметтік желіге салады. Кең тараған жазба оқырмандардың оң ықыласына бөленуде. Екі күн бойы кірпік қақпай қызмет еткен олар қандай құрметке де лайық…

Түрлі сайттарда, Instagram парақшаларында, Whatsapp топтарында кең таралған бейнежазбадағы құтқарушылардың қажырлы қызметіне желі қолданушылары ырзашылығын жеткізіп жатыр.

Желідегі жұрт «Мұндай жазбаларды бөлісіп, олар туралы жазуымыз керек», «Мен осының бәрін өз көзіммен көрдім, сіздердің қызметіңізге үлкен рахмет», «Басымды иемін. Олар туралы фильм түсірген жөн», «Біздің заманымыздың қаһармандары», «Еліміздің басына ауыр күн туғанда қасқайып, қарсы тұрып, ауыртпалықты көтеретін осындай ер-азаматтар аман болсын» деп құтқарушылардың екі күн бойы төккен маңдай тер, ақ адал еңбегіне ыстық ықыласын жеткізіп, мерейін өсіруде.

Өрттің жалпы аумағы 287,4 гектарды құраса, оның 272,4 гектары орманды алқап. Өртті сөндіруге 493 жеке құрам, 69 бірлік техника, 2 тікұшақ жұмылдырылды. Қызыл жалын Риддердің іргесіндегі Лесхоз кентін де айналып өтпеді. 31 үй, 5 көлік жанып кетті. 1 адам көз жұмды. Үйлері өртенген кент тұрғындары диспансерге орналастырылды.

Оларға тегін тамақ пен басқа да қажетті заттар берілді. Әр отбасыға бір миллион теңге көлемінде қаржылай көмек беріледі. Тамыз айының соңына дейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өрт сөндірушілерге жаңа үймен қамтамасыз етуге уәде берді.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button