Осакаров ауданында «Құтқарушы – батылдық пен адамгершіліктің символы» атты дөңгелек үстел өтті. Шараның басты мақсаты – ел қауіпсіздігі жолында жанқиярлықпен қызмет етіп жүрген құтқарушылардың еңбегін дәріптеу, олардың қоғамдағы ерекше рөлін айқындау болды.

Құтқарушы күні – кез келген сәтте туындаған қауіп-қатерге қарсы тұрып, адам өмірін құтқаруға дайын азаматтардың кәсіби мерекесі. Биыл Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Үш онжылдық ішінде бұл салада талай ерлік пен адалдықтың, батылдық пен борышқа беріктіктің үлгісі қалыптасты.
Салтанатты шараға аудан әкімі Руслан Нұрмұханбетов, аудандық мәслихаттың төрағасы Қанат Саққұлақов, құтқару қызметінің ардагерлері мен бүгінгі мамандары қатысты.
– Сіздердің жұмыстарыңыз – ерлік пен адалдықтың үлгісі. Төтенше жағдайдың қай түрі болса да, сіздер ең алдыңғы шептесіздер. Сол үшін де халықтың өздеріңізге деген құрметі жоғары, – деді аудан әкімі құттықтау сөзінде.
Осы күні сала ардагерлері мен қызметкерлері аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, №17 және №28 өрт сөндіру бөлімдерінің үздік қызметкерлері де ерекше құрметке ие болды.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Қанат Саққұлақов өз сөзінде:
– Құтқарушының әрбір күні сынақ. Бірақ сол сынақтың артында талай адамның үміті мен өмірі бар. Сондықтан бұл мамандықтың қадірін арттыру – баршамыздың борышымыз, – деп атап өтті.
Осы отырыста ән әуелеткен аудан өнерпаздары мерекенің рухын көтеріп, қатысушыларға ерекше көңіл күйін сыйлады.Жиын соңында қатысушылар төтенше жағдайлар қызметінің ел қауіпсіздігін сақтаудағы маңызын атап өтіп, құтқарушыларға алғыс білдірді.
Болатбек Әшімұлы
Осакаров ауданы