Теміртау қаласында №30 өрт сөндіру бөлімінің жаңа депосының ашылу салтанаты болып, оған Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы мен жеке құрамы, азаматтық қорғаныс қызметінің ардагерлері қатысты.
Бұл депо орналасқан ғимарат 1993 жылы салынып, 2022 жылға дейін «Qarmet» AҚ құрамында болып, одан кейін қала меншігіне берілген болатын.
Әбден тозығы жетіп, нешеме жыл жөндеу көрмеген оны жаңғырту үшін 2023 жылы жобалық-сметалық құжаты жасалып, қалалық бюджеттен қаржы бөлінген еді.
Сол құны 701,9 миллион теңгелік жоба бойынша жалпы аумағы 1909,7 шаршы метр болатын бұл ғимаратты жаңғыртып, жаңартуға Теміртау қаласының құрылыс бөлімі тапсырыс беріп, ол жұмыстарды 2024 жылдың наурызынан желтоқсанына дейін мердігер ұйым «Ғимарат КZ» ЖШС құрылысшылары атқарып шығыпты.
Үш қабатты ғимараттағы ас, жуыну, демалу, жаттығу, қызметтік бөлмелері заманауи жиһаздармен жабдықталып, сырты сайдингпен қапталып, төбесі жабылған. Оның алдындағы көлік қоятын бокстары да үр жаңа кейіпке еніп, айналасы асфальтталып, қоршалған.
Сондай-ақ, қосымша бөлінген қаражатқа 4 автоцистерна, автосаты, 2 оперативті машина да сатып алынған екен. Әрі осындағы бір және екі бөлмелі қызметтік пәтерлерге қажет тұрмыстық заттар мен дүниелер де толығымен сай. Соның бәрі мұнда жұмыс істейтін 48 адамның алаңсыз еңбек етіп, қала тұрғындары мен кәсіпорындарын өрт қаупі мен қатерінен қорғауға мүмкіндік береді.
Әрі бұл жаңа депоның ашылу салтанаты еліміздегі Азаматтық қорғаныс күні қарсаңында болып отыр. Сондықтан да, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов әріптестерін алдағы мерекемен құттықтап, осы депо ғимаратының жаңаруына көмек көрсеткен облыс басшылығына алғысын білдіріп, Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімовтің өңіріне «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін қадап, аталған министрліктің Алғыс хатын «SMK Optimizm» Мүгедектер қоғамының директоры Нұржан Шәріповке тапсырды.
Сол сияқты министр бір бөлмелі қызметтік пәтердің кілтін азаматтық қорғау лейтенанты Вениамин Замеринге, ал, екі бөлмелі қызметтік пәтердің кілтін азаматтық қорғау капитаны Айбек Кәрімовке табыстап, «Skoda Kodiaq» автокөлігінің кілтін Теміртау қалалық төтенше жағдайлар басқармасына, «Toyota Hilux» автокөлігінің кілтін Теміртау қалалық құтқару бөлімшесіне табыс етті.
Салтанатта сөйлеген сөзінде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өрт сөндірушілердің әр кездегі жанқиярлық еңбегін атап өтіп, оларға қашан да қолдау көрсетуге әзір екендерін мәлімдеді.
Бұл қуанышты сәтке куә болған ардагер өрт сөндіруші Нақып Қаппасов та әріптестерін кәсіби мерекесімен және жаңа депоның ашылуымен құттықтады.
Салтанатты шара соңында министр Шыңғыс Әрінов пен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жаңа депо ғимаратының ішін аралап көріп, пәтер кілттерін алған екі отбасына облыс әкімі көрімдікке шаңсорғыш сыйлады.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
ТЕМІРТАУ
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ