Бас тақырыпБасты тақырыпСпорт

«Сарыарқа» хоккей клубы сырт алаңда сүрінді

Қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы ел чемпионатының кезекті турында сырт алаңда елордалық «Nomad» клубымен ойнады. Жерлестер бірінші кездесуде 2:3, қарымта ойында 3:5 есебімен жеңіліп қалды.
Бұған дейін елордалықтар чемпионат аясында қарағандылықтардың алдында алматылықтарға есе жіберген болатын. Сондықтан, біз де бұл кездесуді өз пайдамызға шешеміз деп ойлағанбыз. Бірақ, сәттілік жетіспей қалды.

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Бірінші кездесуде алаң иелері алғашқы болып есеп ашты. Бұл шайбадан кейін бірінші айналымда таблодағы есеп өзгермеді. Тек, екінші айналым басталысымен жерлестер таразы басын теңестірді. Бұл жолы мүмкіндікті мүлт жібермеген «Сарыарқа» шабуылшысы Кирилл Пономарев еді. Есеп – 1:1.

Бұдан кейін араға төрт минут салып алаң иелері қос шайба салып, есеп айырмашылығын алшақтатып үлгерді. Үшінші айналымның аяқталуына үш минут қалғанда Егор Кузьменко есеп алшақтығын қысқартты. Одан кейін жерлестер таразы басын теңестіре алмады. Осылайша елордалықтармен өткен бірінші кездесуде бір шайба айырмашылығымен жеңіліп қалды.

Қарымта кездесудің де салмағы жеңіл болған жоқ. Жерлестер ең болмаса қарымта ойыннан ұпай алып кетуі керек. Қысым да жоғары. Бірақ, үміт те үзілмеген. Сондықтан, барын салып ойнайды олар. Бірақ, алаң иелері ойын басталысымен әдетіне басып, шабуылға лап қойды. Араға үш минут салып есеп те ашып үлгерді. Ал, жерлестер сапынан 8-ші минутта Данила Карабан көзге түсіп, таразы басын теңестірді. Бірақ, қарсыластар шабуылға қайта шығып, бір минут өтер-өтпес уақытта екінші шайбаны салып кетті. Осылайша бірінші айналым алаң иелерінің пайдасына шешілді.

Екінші айналымда елордалықтар 23-ші және 28-ші минутта гол салып, есепті еселеді. Бұл кезеңде де жерлестер қарсыластарына тек бір шайбамен ғана жауап қайтара алды. 38-ші минутта қарсылас қақпасынан саңылау тапқан – Эдуард Михайлов. Есеп 2:4.

Шешуші айналымда қарағандылықтар сапынан Данила Карабан қарсылас қақпасына бір шайба тоғытып, есеп алшақтығын қысқартқан еді. Ойынның аяқталуына біршама уақыт қалған. Қарсыластарды басып оза алмасақ та, ойынды тең ұстап қалуға мүмкіндік бар. Сол себепті олар шабуылды күшейтіп, барынша қарсылас қақпасын торуылдап бақты. Алайда, ойынның аяқталуына үш минут қалғанда «Nomad» шабуылшысы Артур Гатиятов «Сарыарқа» қақпашысы Данил Кадочниковтан айласын асырды. Осылайша алаң иелері қарымта кездесуде де басым түсті.

Енді жерлестер 5-6 қазан күндері өз алаңында петропавлдық «Құлагер» клубын қабылдайды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button