Сырт алаңда сүрінді
Қазақстан Бірінші лига ойындарының ХІІ туры тәмам. Өкінішке қарай, бұл кезеңде қарағандылық «Шахтер» сырт алаңда жамбылдық «Тараз» клубына 4:0 есебімен есе жіберді. Осылайша турнирлік кестеде ұпай жоғалтқан жерлестер бір саты сырғып, ІІІ орынға табан тіреді.

Соңғы үш ойында тамаша өнер көрсеткен жерлестер бұл жолы сүрінді. Қарсыластар – жамбылдық клуб. Бұл клуб турнирлік кестеде ХІІ орында тұрған команда. 12 ойында небәрі 12 ұпай ғана жинаған. 12 ойынның тек үшеуінде ғана жеңіске жетіп, үш ойынды тең аяқтаған. Десе де, клубтың қорғанысы мықты. Басты фавориттердің бірі павлодарлық «Ертіс» осы командамен кездесуінде тек бір гол ғана салған. Көш басындағы ақтаулық «Каспий» де ойынның аяқталуына 10 минут қалғанда жеңіс голын салып, 2:1 есебімен жеңіске жеткен. Жалпы, барлық кездесу қорытындысы бойынша жамбылдықтар қарсыластарынан 18 гол ғана өткізіпті. Осыдан-ақ, қарсыластың қорғанысын бағамдай берсеңіз болады.
Ойынның 30-шы минутына дейін жерлестер басымдыққа ие болды. Оң қапталдан да, сол қапталдан да кезек соққы жасады. Дегенмен, қақпаға дарымады. Бұдан кейін шабуылды алаң иелері бастады. 30-шы минутта қарсыластар сол қапталдан шабуыл ұйымдастырып, допты оң қапталға асырды. Осы тұста қорғаушы Еркебұлан Тойбеков қорғаушыны алдап өтіп, қақпаға соққы бағыттаған-тын. Алайда, соққысы қақпадан тым жоғары кетті. Ізін суытпай алаң иелері қайта бір шабуыл ұйымдастырды. Бұл жолы жартылай қорғаушы Мерей Жамбыл алдында тұрған қос қорғаушыдан айласын асырып, доппен бірге алаңның оң қапталына ойысады. Сөйтіп, допты ортаға бағыттайды. Осы тұста алаңның ортасына енген Абзал Мұқанбетжанов допқа бірінші болып жетіп, басымен қақпаға соққы жасайды. Осылайша 31-ші минутында алаң иелері есеп ашты.
Бұнымен алаң иелері болған жоқ. 38-ші минутта дәл осындай комбинациямен шабуыл ұйымдастырып, есепті еселеді. Бұл жолы оң қапталдан қорғаушы Азамат Ерден допты алаң ортасына асырған. Осы тұста шабуылшы Абзал Мұқанбетжанов қорғаушыдан биік секіріп, допты қақпаға бағыттайды. Ал, соққыны қақпашы Игорь Шацкий қайтарып үлгермеді. Есеп – 2:0.
Бірінші таймда жерлестердің ешқандай соққысы қақпаға дарымады. Одан бөлек, ұйымдастырған шабуылы, тактикалары қарсыластар қорғанысын бұза алмады. Осылайша бас бапкердің міндетін атқарушы Александр Кузнецов алаңдағы ойыншыларды алмастырып, тактикалық тұрғыдан өзгеріс жасады. 46-шы минутта шабуылшы Максим Комиковтің орнына Арман Нүсіпті, қорғаушы Александр Мигуновтың орнына Шахсұлтан Зубайділданы шығарды. Ал, 70-ші минутта жартылай қорғаушы Юрий Перцухты Аңсар Алтынханмен, шабуылшы Сұлтан Шымырханды Рифат Нурмугаметпен алмастырды. Қарсыластар да 46-шы минуттан алаңға тың ойыншыларын шығарып, қорғаныс шебін нығайтты. Бірақ, «Шахтер» сапынан алаңға тыңнан қосылған ойыншылар есеп алшақтығын қысқарта алмады. Керісінше, алаң иелері допқа барынша иелік етіп, шабуылды жиілетті.
Ойынның 77-ші минутында қарсыластар бұрыштамадан допты ойынға қосып, үшінші голын салды. Шабуылшы Мүслім Жұмат сауатты түрде бұрыштама добын орындап, алаң ортасындағы әріптесі Санжар Кемелбекке пас асырған. Ал, ол еш мүдірмей допты қақпаға бағыттап, командасын есепте алға шығарды. Алаң иелері 84-ші минутта тағы бір мәрте шабуыл ұйымдастырып, есепті 4:0-ге жеткізді. Бұл жолы Санжар Кемелбекке қақпашы Игорьдан айласын асырып, екінші голын салады. Осылайша жерлестер сырт алаңда ірі есеппен жеңілді.
ХІІ турдың қорытындысы бойынша турнирлік кестенің басында 31 ұпаймен ақтаулық «Каспий» командасы тұр. Одан кейінгі сатыға 27 ұпаймен павлодарлық «Ертіс» командасы көтерілді. Ал, жерлестер осы ойында ұпай еншілей алмай, бір сатыға сырғыды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»