«Сарыарқа» сырт алаңда ұпай жоғалтты
Қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубын биыл ел чемпиондары атанады деп дәмеленіп едік. Алайда, жерлестер кейінгі кездері сүреңсіз ойын көрсетіп жүр. Соңғы кездесуінде сыр алаңда ақтөбелік «Құлагермен» ойнап, 3:4 және 1:4 есебімен жеңіліп қалды.

Қос команда арасындағы бірінші кездесу тартысты өткен. Бірінші болып, алаң иелері есеп ашса да, жерлестер сапынан 13-ші минутта Эдгарс Сиксна таразы басын теңестіреді. Кейін араға біраз уақыт салып, ақтөбеліктер қатарынан үш шайба салып, 4:1 есебімен алға шығады. Десе де, қарағандылықтар сапынан 55-ші және 58-ші минутта Артем Лихотников қос шайба салып, есеп алшақтығын қысқартқан. Бірақ, жерлестер ойынның соңына дейін таразы басын теңестіре алмай, бірінші кездесуінде бір шайба айырмашылығымен жеңіліп қалды.
Қарымта кездесуде қарсыластар адым аштырмады. Төреші шайбаны ойынға қосқан бойда алаң иелері 2-ші және 4-ші минутта екі шайба салып кетті. Ал, жерлестер сапынан қос шайбаға қарымта ретінде 19-шы минутта Владимир Волков жауап қайтарып еді. Бұдан кейін алаң иелері ойынның 37-ші және 40-шы минутында есеп ашып, «Сарыарқалықтарға» мүмкіндік қалдырмады. Осы ойын жайында «Сарыарқаның» бас бапкері Владимир Князев пікір білдіріп, команданың ойыны жайында айтып берді.
– Негізі, қос кездесу тартысты өтті. Біздің тараптан талай мүмкіндік болды. Біз сол мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана алмадық. Енді алдағы уақытта сол қателіктермен жұмыс істейміз, – деді бас бапкер.
Жерлестер әзірге турнир кестесінде 83 ұпаймен – І орында. Екінші сатыда – елордалық «Nomad» клубы. Олардың еншілерінде – 80 ұпай. Елордалықтарда әлі ойналмаған үш ойыны бар. Ал, үздік үштікте 76 ұпаймен – өскемендік «Torpedo» клубы. Бұл клубтың да әлі өткізбеген қосымша төрт кездесуі бар.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»


