Қарымта ойында қарағандылықтар қарсыласқа есе жібермеді
Қазақстан бірінші лигасының ХХІІІ туры өз мәресіне жетті. Бұл кезеңде қарағандылық «Шахтер» сырт алаңда шымкенттік «Оңтүстік Академия» клубымен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Қос команда арасындағы бірінші ойын жерлестердің пайдасына шешілген. Есеп – 4:1. Қарымта ойында да қарағандылықтар қарсыласына есе жібермеді. Шабуыл барысында келген мүмкіндіктерді барынша мүлт жібермеуге тырысып, нәтижелі ойын көрсетті. Десе де қарымта ойында екі гол салып, маңызды үш ұпайын еншілеп қайтты.
Алғашқы гол ойынның бірінші таймында соғылды. Сол қапталдан шабуыл ұйымдастырған Арман Нүсіп қарсылас қақпасының тұсына келген бойда қарсы беттегі әріптестеріне пас асырады. Осы тұста Максим Галкин допқа бірінші жетіп, есеп ашты.
Ал, екінші гол ойынның 85-ші минутында соғылды. Бұл жолы жерлестер шабуылды оң қапталдан ұйымдастырған. Допқа иелік еткен Максим Галкин сол қапталдағы әріптесі Сұлтан Шымырханға пас асырып үлгереді. Ал, ол болса мүмкіндікті мүлт жібермей, есепті еселейді.
Қазіргі уақытта жерлестер – турнир кестесінде 47 ұпаймен төртінші орында. Дегенмен, шабуылшы Максим Галкин жалпы лига бойы 13 гол салып, сұрмергендер тізімінде екінші сатыда келеді. Одан кейінгі орында командаласы Арман Нүсіп тұр. Оның еншісінде – 11 гол. Ал, көш басында ақтаулық «Каспийдің» шабуылшысы Мирас Тұрлыбек тұр. Ол маусым бойы 21 гол салған.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»