Руханият

Қарқаралы мұражайында Жақып Ақбайұлына тиесілі ерекше жәдігер сақтаулы

Қарқаралы тарихи-өлкетану мұражайында қазақтан шыққан тұңғыш заң магистрі Жақып Ақбайұлына тиесілі ерекше жәдігер сақтаулы. Ол – 1896 жылы Ресейдің Тула қаласында Василий Баташевтің бу самаурын фабрикасынан шыққан мыс самаурын.

Сурет Қарқаралы тарихи-өлкетану музейінен

Бұл құнды бұйымды 2008 жылы Жақып Ақбайұлының туыстары музейге табыстаған. Деректерге сүйенсек, самаурын кезінде Қоянды жәрмеңкесінен сатып алынған.

Жақып Ақбайұлы Қарқаралыдағы ауқатты татар көпесі Халиолла Бекметовтің қызы Гүлбаһарға үйленген. Сол заманғы байлар мен көпестер арасында қызықты дәстүр болған. Әркім өз самаурынының тез қайнауына бәс тігетін. Тіпті, қағаз ақшаны суға тастап, қайнаған кезде шығарып алатын әдет те болған.

– Музейдегі осы самаурын Халиолла Бекметовке тиесілі болған. Бір жолғы бәс кезінде дәл осы самаурын бірінші қайнап, келісім бойынша Қоянды жәрмеңкесінің бір жылға бас акционері атанған екен, – дейді мұражайдың ғылыми қызметкері Сәтбек Сламбеков.

Тарихи жәдігер бүгінде Қарқаралы жұртшылығына ғана емес, күллі қазақстандықтарға сол дәуірдің тұрмыс-тіршілігі мен мәдени өмірінен сыр шертіп тұр.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»
СУРЕТТЕ: Қарқаралы тарихи-өлкетану мұражайындағы көне самаурын

Басқа материалдар

Back to top button