Ресми

Ұсыныстар жерде қалмайды

Облыс әкімі Ермағамбет Бөлекпаев Бұқар жырау ауданына барған сапарын осы өңірдегі елдімекендер мен шаруашылықтарды аралаудан бастады. Оның ең бірінші ат басын тірегені Қушоқы кенті болды. Мұнда биыл су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстары аяқталуға тиіс болатын. Бұл жөнінде баяндаған Қушоқы кентінің әкімі Халел Рыспеков: «Біздегі су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 20 шақырымнан асады. Бүгінге дейін солардың бір бөлігі ауыстырылды. Бұған қоса әрқайсы 1300 текше метрден тұратын 2 резервуар мен 4 жаңа ұңғыма салу жоспарланып отыр биылға. Келесі кезекте орталық кәріз жүйелерін салу да белгіленді. Осы жұмыстар тәмамдалған соң, жолдарды жөндеуге кірісеміз», – деді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Облыс басшысы кенттің алдағы қысқы жылыту маусымына дайындығы жайын да сұрады. Соған байланысты қазір Қушоқыда орталық қазандықтың жөндеу жұмыстары басталып, онда тұрған төрт қазандықтың біреуі толығымен ауыстырылып, қалған үшеуі ағымдағы жөндеуден өтеді екен.

Одан әрі Ермағамбет Бөлекпаев Ғабиден Мұстафин кентіндегі Бұқар жырау агротехникалық колледжіне барды. Мұнда 100-ден аса студент білім алып, аспаз, дәнекерлеуші, сатушы, автокөлікке техникалық қызмет көрсету және жөндеу, ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинисі сияқты 5 жұмысшы мамандығына оқитын көрінеді. Бұл оқу орны осы мақсатта шаруа қожалықтары, техникалық қызмет көрсету орындарымен тығыз әлеуметтік әріптестік қатынас орнатыпты.

Бұдан соң облыс әкімі көктемгі егіс жұмыстарымен танысып, Қызылжар ауылындағы бірқатар шаруашылықтарды аралады. Жалпы, биыл Бұқар жырау ауданында 160 мың гектар алқап жерге дәнді дақылдар, 10 мың гектарға майлы дақылдар егу мен 400 гектарға көкөніс, 2200 гектарға картоп отырғызу көзделсе, бұл күнде жұмыс қарқынды жүргізіліп, аудан диқандары көктемгі егіс науқанын уақытында аяқтау ниетінде.

Сапар барысында Ермағамбет Қабдулаұлы аудандағы түйе өсіретін жалғыз «Абат» шаруа қожалығына да соқты. Осыдан бір жыл бұрын «Агробизнес» несиелеу бағдарламасы арқылы 57 бас түйе түлігін сатып алған бұл қожалық енді нарыққа шұбат пен ет шығаруды жоспарлауда.

Түстен кейін облыс басшысы Ботақара кентіндегі аудандық Мәдениет үйінде Бұқар жырау ауданының тұрғындарымен кездесіп, олардың өтініш, талап-тілектерін тыңдады. Кездесуге жиналған жергілікті азаматтар өз проблемаларын айтып қана қоймай, ауылдарындағы тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі ұсыныстарымен де бөлісті.

Мәселен, Қушоқы кентінің өзін-өзі басқару қоғамдастығының хатшысы Ольга Аманжолова бұрын жатақхана болған бес қабатты бос ғимаратты қайта құруды ұсынды. Ол өз сөзінде:

– Бұл ғимарат 2018 жылы кент әкімдігінің балансына берілген. Онда 34 бөлме бар. Егер оған күрделі жөндеу жасасаңыздар, пәтер кезегінде тұрғандарға баспана беріп, тұрғын үйге мұқтаждықты жоюға болар еді. Ал, дәл қазір кентте пәтер алу кезегінде 25 адам ғана тұр. Осы жатақхананы қайта құрудың жобалық-сметалық құжаттамасы өткен жылы жасалған. Сондықтан, аталған жобаны қолдауды және қаржыландыруды сұраймыз, – деп өтінді.

Ал, Үштөбе ауылынан келген зейнеткер Галина Вотчельді газдандыру мәселесі толғандырады екен.

– Біздің ауыл Қарағанды қаласының Күнгей шағын ауданына жақын жатыр. Арамыз екі шақырым ғана. Егер біздің ауылға да Күнгеймен қатар газ өткізсе, жақсы болар еді. Өйткені, өмір бойы пешке от жағумен келеміз. Осы жөнінде үш жылдан бері құзыретті органдардың бәріне хат жазудамыз. Ендеше, бізді қолдайсыздар деп ойлаймыз, – деген ол ауылдастарының атынан бұл істі жеделдетуді сұрады.

Аудан орталығы Ботақараның тұрғындары кентте орталық қазандық пен кәріз жүйесін салуды өтініш етті. Сондай-ақ, олар осындағы қоғамдық көлік қозғалысын реттеуді сұрап, жолдарды жөндеу мәселесін де көтерді.

Өз кезегінде тұрғындардың өтініш-ұсыныстарын тыңдап болып, оған қайтарған жауабында Ермағамбет Бөлекпаев:

– Сіздер өте жақсы ұсыныс­тар айттыңыздар. Шынында да, Қушоқыдағы жатақхананы қайта құру тұрғын үй тапшылығы мәселесін шеше алар еді. Ал, Үштөбені газдандыру – қолдан келетін жұмыс. Ботақарадағы орталық жылу көзі мен кәріздің қажеттілігін біз де мойындаймыз. Осы ұсыныстардың барлығы ескеріліп, оларды кезең-кезеңімен жүзеге асыратын боламыз. Жолдар да бақылауға алынды. Ауданда барлығы 29,5 шақырым жол жөндеу жоспарланған, – деп түйіндеді.

Кездесу соңында облыс басшысы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Ержан ИМАШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button