Жаңалықтар

Сыннан өткен сыйластық

Адам өткенді еске алып, артындағыларға қарайлап қартаяды деседі ғой. Зымыраған уақыт соған көндіктіреді. Мен Айқынды сонау отыздағы кезінен білемін. Өзіндік қызығы мол өткен дәуірдің сексенінші жылдар басында танысып, табысқанбыз. Жезқазған облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аяулы азамат, марқұм Қасымхан Ахметовтың кеңесі бойынша ақпанның ақырған аязында дәм айдап, біздің Жаңаарқа жаққа жолы түскен еді. Алыс ауылдарды аралап, жастар еңбегімен танысты. Көп ұзамай әйгілі «Лениншіл жаста» аймағымыздың тыныс-тіршілігі туралы мақалалары көзімізге оттай басылып шығып жатты. Марқаярлық, марқайтарлық істер тартуы ма, содан ауданымызға іссапары жиілеп, атақ-даңқы алысқа жаңғырықты. Бірер жылдан соң Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің ауыл шаруашылығы жастары бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалғанымда бірінші хатшы Серік Әбдрахмановтың бюро мүшелері отырысында «Бұл азаматтың іс-қызметін «Лениншіл жас» арқылы білеміз» деп өзі бастап қолдау көрсетуі, сондықтан да шығар.

Кейінде қызмет бабымен әрқайсымыз әр жерден табылдық. Ал түптің түбінде тағдыр жазуы қайта тоғыстырарын кім ойлаған. Араға жиырма жыл салып барып, «Орталық Қазақстан» газетіне Бас редактор болып тағайындалып келсем, ол да осында еңбек етеді екен. Газет ісі жөнінен тәжірибем шамалы маған бірден көп көмегі тиді. Сол кездегі нарықтық қыспаққа байланысты алдымен басылымның қиын жағдайын түзеуге, жаңа экономикалық талаптарға сай бәрін соған ыңғайлап үйлестіруге күш салуыма редакция шығармашылық жұмысымен тікелей айналысты. Әріптестері Тілеуқабыл Байтұрсынов, Аманжол Ақын, Ержан Имашевтарды тарту арқылы зор қолғабыс жасады.

Қашанда қызығы мен қиындығы қатар жүретін бұл дүниенің бұлтарысы көп, бұралаңы жеткілікті жолында міне, осындай сынақтардан бірге өту достығымызды бекіте түсті. Марқұм, сыйласым Тілеуқабыл Байтұрсын айтқандай Айқынның өзім дегенге өзегін жұлып берерліктей қасиетін қадір тұтамын.

Бүгінгі ата жасқа қадам басқан сәтінде бойына қуат тілеймін!

Батырхан ЖАНАТОВ, «Орталық Қазақстан» газетінің 1996-1997 жылдардағы Бас редакторы.

Суреттерде: «Лениншіл жастықтар», газет редакторының орынбасары Ержұман Смайылов пен жары Жақан жайған дастархан басында. Солдан оңға қарай: Ербол Шаймерденов, Төлеген Берішбаев, Шакизада Құттыаяқов, Қонысбай Әбілов, Айқын Несіпбаев, Алашыбай Есмағамбетов, ортада Жақан жеңгей, үлкен балалары Ержан, Ержұман Смайылов және Жақай Ералиев.

Басқа материалдар

Back to top button