Сыналар сәтте сағымыз сынбасын
Тәубесін ұмытқан Тәңірін ұмытады. Ал, Тәңірін ұмытқанның түбі оңбайтыны белгілі. Кейде қазақ жерінде, елінде отырып, қараптан-қарап есеміздің кетіп жатқанын көргенде, ышқына жанайқайымыз шығады. Амал не, көбінде сол жанайқай жартасқа соғылып, жаңғырық болып қалатын. Жауап жоқ. Тыңдар құлақ жоқ. Мақұлдар, я қолдау, қолпаштаушы жоқ. Ана тіліміздің мәртебесі Ата заңымызда айқындалған. Мына қоғамда әлі анықталмаған. Әсіресе, сөз қадірін аса әспеттеген қазақ үшін тыңдалмаған сөздің, соның ішінде, қазақ тілінің жетімдігі сезіліп тұрар еді. Ресми тілдің реңі қалың болғанда, ана тілдің пәсі төмен. Сол себепті, ресми тілді БАҚ-тың сөзі жерде қалған емес, қалып та жүрген жоқ. Есесіне, ана тілде айтылған қадау-қадау мәселе жиі елеусіз. Бірақ, сең бұзылды. Дұрысы – бұздық… Бұзып келе жатырмыз…
Естеріңізге сала кетсек, қазан, қараша айларында Қарағанды қаласының ортасындағы орыс тілді мектептердің ана тілімізде білім беруде, тек, бастауышпен ғана шектелетіндігі сынға алынған материал шықты. («Өз жерімізде өгейдің күйін неге кешеміз?»). Басылым бетінде жарияланған материалға келіп түскен жаңғырық та баршылық. (Т.Көкетаев «Тақиямызды төбеге атқанда, тазымыз көрініп қалмасын», О.Суханберлин «Ана тілімізге төр қашан бұйырады?», Е.Жәнібеков «Ашиды жаның…»). Бұдан бөлек, телефон арқылы хабарласып, өзекті мәселенің мәнісін табуына тілектестік білдіргендер де аз емес.
Көп тілегі – көл. Жанайқайымыз жетер жеріне жетті. Қарағанды қаласының білім бөлімі желтоқсанның соңғы жұлдыздарында №97 гимназия және 48 мектепте ана тілімізде білім алушы оқушылардың ата-аналарымен кездесті.
№97 гимназияда болған жиында білім бөлімі басшысының орынбасары Раиса Кенешова білім бөлімінің аталған мектептерде қазақ тілінде негізгі білім беретін сыныптардың ашылуына мүдделі екенін жеткізді. Ата-аналардың тілегі жерде қалмайтынын айтты. Қазақ тілінде білім алатын балалар үшін барлық жағдайдың жасалатындығына сендірді. Тек, оқушы саны талапқа сай 12-14-тен кем болмауы керек. Сонда бір сынып ашуға негіз бар. Жиынға қатысқан ата-аналардың көпшілігі – гимназияда сыныптың жалғасқанына ынталы. Бірақ, балаларға берілетін білімнің сапасына алаң. Мұны да білім бөлімі назарға алатындығын уәде етті. Тіпті, қажет болса, құрамында ата-аналары бар арнайы комиссия құру арқылы мұғалімдерді таңдауды жүзеге асыруды да ұсынды. Құптарлық. Мектеп басшылығы да өз кезегінде балалар үшін барлық жағдайдың жасалатындығына иландырып бақты.
Ендігі мәселе – ата-аналардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруында. Бұл арада мәселе – жеке бастың емес, ұлттық деңгейдегі мәселе екенін ескеруіміз қажет. Қала ортасындағы мектептерде қазақ тілінде білімнің жалғастығы үшін шешуші қадам жасалатын сәт – осы. Сондықтан, тамырында қазақтың қаны, кеудесінде қазақтың жүрегі соққан әрбір қазақ баласын жетектеп, ана тілінде білім алуға әкелуі тиіс. Сөйтіп қана біз тіліміздің мәртебесін көтеруге тырнақтай болса да, үлес қоса аламыз. Негізі, «Ұлтқа қатысты істе құр айғайдың қажеті жоқ, тек тынымсыз әрекет керек» (Шерхан Мұртаза). Сол тынымсыз әрекеттің бірі – бауыр ет – балаларымызды ана тілінде оқыту. Оны оқытудың сапалы, үздіксіздігіне мұрындық болу. Сыналар тұста, солқылдақтық танытып, сағымыз сынбасын, қазақтар!
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА
Сурет ғаламтордан алынды.