Руханият

Сынақтағы сырттандар

Тазы – жүйріктігімен, иесіне адал, әрі тазалығымен ерекшеленеді. Тағы бір қыры – иісшілдігі. Қиядан қыран көзіне түспеген аңның күндік иісін сезеді.Бұған дейін ел шекарасын Белгия, Шығыс Еуропа, неміс овчаркалары қорғап, түрлі операцияларда жауынгер жанына серік болып келген-ді. Ұлттық құндылығымызды жаңғыртудың алғашқы қадамдары жасалды. Соның бірі  – қазақы тазы мен төбетті шекара қызметіне қолдану.

– Құмай тазы – ерекше жануар, қазақтың жеті қазынасының бірі. Біз тазы мен төбет иттерді халықаралық деңгейде кеңірек дәріптеуіміз керек. Сыртқы істер министрлігі де міндетті түрде атсалысуға тиіс. Тазыға ерекше күтім, қамқорлық қажет. Бұл маңызды іс кәсібилікті талап етеді. Сол үшін арнайы заң қабылдадық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ел Президентінің тапсырмасынан кейін тазыға көңіл бөлініп, оларды тек аңшылыққа немесе мал күзетуге ғана емес қарулы күштер қатарында сыналуларына жағдай жасалды. Осыған орай тазының шекара күзетуге қабілет-қауқары жеткілікті екені анықталған еді. Енді малды ауылдың айбары болған төбет те бұл қызметке сақадай сай екені дәлелденді. 

Расында, қазаққа кинология саласы жат емес. Ежелден жануарды жақтас етіп, тілін тапқан ел едік. Бұдан бірнеше ғасыр бұрын тұмса табиғаттың түлігін оқ атып, қанға бояғаннан гөрі тазы мен төбет қосып қызығын көруді құп көрді бабаларымыз.  Осылайша саятшылық салты қалыптасса керек. Тіпті, тазының шалымдысын, төбеттің сағын таңдап, әрбіреуіне қызмет сайлаған. Алыстан «әуп» деп үргені үрей шақырған бөрібасарды малға қара құлып көрсе, құмай тазыны асыраушы көргені тарих тарауында тұр.

Осы жазда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне «Жеті қазына» қауымдастығынан қос төбеттің күшігі жеткізілген-тін. Бүгінде қос арланның қызметтік бұйрыққа бейімі барын айтады шекарашылар. «Таймас» пен «Сақшы» атанған екі күшіктің мұнда келгендеріне 7 ай болған. Олар күндік дайындыққа қатты берілсе де, балалығы әлі бар.

– Күшіктер еш агрессиясыз, яғни, адамға қастық қылмайтындығына көз жеткіздік. Десек те, сырт келбеттерін көрген жанның сұстанары сөзсіз. Есту қабілеттеріне қайран қалдық. Екеуінің тәртіпке бағынуы, бұйрықты бұлжытпай орындауы да үлкен үмітке бастау. Болашақта бұл екеуінен нағыз шекарашы төбеттер шығары анық, – дейді  Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі кинология бөлімінің өкілі Әлімжан Құлмағанбетов. 

Шекарашылардың айтуынша, ежелден бөтен иіс пен бейсауат дыбысты әудем жерден сезер төбеттің қырағылығына келтірер шәк жоқ. Адам серігіне айналған ақылды иттердің түр-түрін көріп жүрген кинологтар сынақ мерзіміндегі  тазы мен төбет күшіктерінің иісшілдігі мен ұшқырлығына, беттілігі мен ептілігіне тәнті.

Ал, тақыр жерде тарпаң тұқыртқан тазыны шекараның сыртқы күзетіне, яғни, атқа ерітпек.

– Тазыны атсыз, не атты тазысыз елес­тету қиын. Екеуі де қазақтың «Жеті қазынасы» қатарында. Сондықтан, ежелгі салтқа сына салмай екеуін бір мақсатқа қолдану табылған ақыл. Бізге жеткен тазы күшіктерінің жүйріктіктері керемет. Адамға бейімделуі, бұйрыққа икемделуінде сөз жоқ. Осы құндылықтарды ескере отырып, тазыны атпен бірге іздес­тіру, із кесу жұмыстарына үйретсек деген ойдамыз. Тазының иісшілдігінің арқасында шекара бұзушының ізіне тез түсіп, жүйріктігінің арқасында қашқанды ұстауға кететін уақыт үнемделеді, – дейді Әлімжан Құлмағанбетов. 

Мамандар пікірінше, ең басты назарға ұсынар тазы ерекшелігі – иіс сезу қабілетінің өте жоғарылығы. Соның арқасында есірткі, жарылғыш заттар, заңсыз тасымалданған қару-жарақ және декларацияланбаған валютаны тез табуға мүмкіншілік бар көрінеді. Алайда, мұның бәрі кинологтардың тәжірибесі мен ғылыми ізденісінен кейін анық болмақ. Десек те, сынақтағы сырттандар сыртқы жауға айбар болары даусыз.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button