Қазақстан экономикасы талай «тар жол, тайғақ кешуден» өтті
1991 жылы Тәуелсіздік туы тігілген сәттен бері Қазақстан экономикасы талай «тар жол, тайғақ кешуден» өтті: өтпелі кезеңдегі күйзелістен – мұнай дәуірінің шарықтауына, бір ғана шикізатқа тәуелділіктен – әртараптандыруға ұмтылған жаңа стратегияларға дейін. Ал, 2025 жылы егемен ел жаңа белестің табалдырығында тұр: болжамды жалпы ішкі өнім 300 млрд доллардан асып, даму бағыты көл-көсір өсімнен тұрақты өрлеуге қарай бет бұрған. Осы жолдардың жалғасы бостан еліміздің экономикалық жылнамасындағы басты кезеңдерді, жетістіктер мен түйткілдерді талдап, қазіргі үрдістерге көз жүгіртпек.

Алғашқы асу: тар кезең (1991-2000)
1991 жылдың желтоқсанында кеңес одағы тарағаннан кейін Қазақстан Республикасы бір сәтте өзіне тиесілі, бірақ, әлсіз, орталықтан жоспарланған және толықтай шикізатқа тәуелді экономиканы мұраға алған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел үшін нағыз сынақ алаңына айналды. «Теңгесі тиындап» әр күні құйындаған гиперинфляция халықтың қолындағы қаржыны көз алдында құнсыздандырды. Кілт үзіліп қалған сауда байланыстары өнеркәсіптің өрісін тығырыққа тіреді. Ал, өндіріс күн сайын құлдырай дейміз-ау, құлдилай бастады. 1991 жылы ЖІӨ 11%-ға төмендеді. Сонау аласапыран 1990 жылдарда экономика кеңестік деңгейдің 40-50%-ына дейін құлазыды.
1992-1993 жылдары басталған жекешелендіру нарықтық өзгерістерге жол ашады деп күтілгенімен, іс жүзінде мүлдем басқа сипат алғанды. Стратегиялық активтер жаңа қалыптасқан олигархтық топтардың қолына өтіп, халық жаппай жұмыссыздық пен кедейшіліктің ауыр салмағын сезінді. Тар кезең Қазақстанның жаңа экономикалық жағдайға жасаған алғашқы қадам еді. Иә, зілмауыр, қайшылыққа толы, әйткенмен, болашақ даму бағытын анықтап берген уақыт.
Тоқсан тараулы тоқсаныншы жылдардың қақ ортасына қарай реформалардың қарқыны күшейе түсті. 1995-1997 жылдары үкімет жаппай жекешелендіруді, баға либерализациясын және валюта бақылауын жүзеге асырып, экономиканы біртіндеп тұрақтандыруға қол жеткізді. 2000 жылы Қазақстанға Еуропалық одақ тарапынан, ал, 2002 жылы АҚШ тарапынан «нарықтық экономика» мәртебесі берілді.
Мұнай мінбері (2000-2014)
2000 жылдар отанымыз үшін экономикалық өрлеу соқпағы болатын. Мұнай мен газ бағасының жоғары болуына байланысты республика экспорттың 40-50%-ын және бюджеттің елеулі бөлігін құрайды. Елдің экономикасы қарқын алды. Мәселен, 2000 жылы ЖІӨ 9,6%-ға өсіп, 1999 жылғы 1,7%-дан айтарлықтай артық көрсеткішке жетіп жығылған. 2006 жылы екі таңбалы деңгейге тура 10,6%-ға көтерілді. 2000-2007 жылдардағы орташа жылдық өсім 10%-дан асқандықтан, Қазақстан әлемдегі ең тез дамып келе жатқан экономикалар санатына сәтті қосылды.
Ел энергетика саласына шетелдік инвестицияларды жұмылдырды. Арнайы экономикалық аймақтар құрды және 2015 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылды. 1991 жылдан бері жан басына шаққандағы ЖІӨ алты есеге өсіп, 2020 жылы шамамен 9 122 долларға жетті. Дегенмен, шикізатқа тәуелділік әлі де айқын көрінген. 2008 жылғы жаһандық дағдарыс экономиканы төмендетсе, 2014 жылы мұнай бағасының құлдырауы теңгенің девальвациясына және өсімнің баяулауына әкеп соқты.

Диверсификация дәуірі (2014-2020)
2014 жылдан бастап экономика сыртқы соққыларға тап болды. Мұнай бағасының құлдырауы, негізгі серіктес Ресейге қарсы енгізілген санкциялар және жаһандық тұрақсыздық өсімді недәуір бәсеңдетті. ЖІӨ жылдық 1-4% аралығында ғана өсті. Үкімет көмірсутекке тәуелділікті азайту мақсатында әртараптандыру бағдарламаларын іске қосты.
2020 жылы COVID-19 пандемиясы салдарынан ЖІӨ 2,6%-ға қысқарды. Алайда үкіметтің жедел қолдау шаралары – фискалдық ынталандырулар – қалпына келтіруге мүмкіндік берді: 2021 жылы өсім 4,5%-ға жетті.
Осы кезеңде білім беру, денсаулық сақтау және шағын және орта бизнес саласындағы реформалар күшейіп, экономикалық белсенділіктегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі ЖІӨ-де 40%-ға жетті.
Дағдарыс пен күтпеген сынақтар өрбіген 2014-2020 жылдар отандық экономиканың төзімділігін айқындаған кезең болды. Атаулы кезең елдің бір ғана қорға арқа сүйеудің жеткіліксіз екенін терең түсінген, жаңа бағыттарға ұмтылған дәуір ретінде тарихқа енді.
Диверсификация дәуірі аяқталғанымен, оның сабақтары мен серпіні алдағы онжылдықтағы даму бағытын айқындап отыр. Жаңғырған инфрақұрылым, цифрландырылған қызметтер, бәсекеге қабілетті кәсіпкерлік бәрі де болашақтағы тұрақты өсімнің тірегіне айналды. Қазақстан қиындықтарды еңсеру арқылы мықты бола түсетінін дәлелдеді. Ендігі міндет – басталған реформалардың инерциясын жоғалтпай, жаңа экономикалық модельді толыққанды іске асыру.
Қазіргі заман келбеті: 2020-2025
Биыл да республика экономикасы жаһан бедеріндегі сын-қатерлерге қарамастан, өз серпінін жоғалтпай, тұрақтылық танытып келеді. 2020 жылы 171 млрд долларды құраған ішкі жалпы өнім төрт жылдың ішінде 288 млрд долларға жетіп, өсімнің жаңа белесіне көтерілді. Ал, алдағы жылы көшелі көрсеткіш 300 млрд долларлық межеден асуы күтіледі. Экономикалық өрлеудің қарқыны да айтарлықтай. Былтырғы өсім 4-5 пайыз деңгейінде бағаланса, биыл бұл көрсеткіш 4,5-6 пайыз аралығында болмақ. Халықаралық ұйымдар да көңіл көншітерлік болжам жасап отыр. Халықаралық валюта қоры өсімді 6 пайыздан жоғары деп болжаған. Ал, Азия даму банкі шамамен 4,9 пайыздық межені көрсетуде. Мұндай динамиканың негізгі қозғаушы күші кен орындарын кеңейту жобасының аясында мұнай өндірудің артуы, экспорт көлемінің ұлғаюы және мемлекет ұсынған фискалдық ынталандыру шаралары.
Тұжырсақ, тәуелсіздіктің үш онжылдығы ішінде Қазақстан экономикасы айтарлықтай серпін алды. Жан басына шаққандағы ІЖӨ 8,9 есеге өсіп, еліміз Орталық Азиядағы жетекші экономикалық орталыққа айналды. Алдағы даму енді экономиканы әртараптандыру қарқынына, адами капиталға салынатын инвестицияға және әлемдік сын-қатерлерге бейімделу қабілетіне тығыз байланысты болмақ. Бүгінде еліміз тұрақты даму жолынан таймай, табысы жоғары орта деңгейлі мемлекет мәртебесін бекемдей түсуде.
Өркенді өңір
Әлбетте, қазыналы Қарағанды отанымыздың қақ ортасында орналасқан, талай жылдар бойы елдің «өнеркәсіп жүрегі» аталып келген қасиетті аймақ. Тәуелсіздік таңы атқаннан бері өңір талай бұралаң жолдан өтті: өтпелі кезеңнің ауыр күйзелісінен бастап, тұрақты өсім мен жаңа экономикалық тынысқа ұласқан жаңғыруға дейін. Сол бір күрделі де құбылмалы жылдар ішінде облыстың жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнімі алты есеге артты. Аймақ өзіне тән тау-кен және қайта өңдеу салаларындағы көшбасшылығын берік сақтап қала білді. Сонымен бірге, соңғы онжылдықтарда ауыл шаруашылығы да жаңа серпін алып, қызмет көрсету саласы заманауи талаптарға бейімделе түсті.
Орталық Қазақстандағы сол уақыттан бері шағын және орта бизнес бұрын-соңды болмаған қарқынмен өрлеп, бүгінде 50 есеге ұлғайды. Экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 36,5 пайызын, яғни, 236 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған бұл сектор өңірдің жаңа тынысына айналды. 2000 жылдардың басында әлемдік нарықтағы мұнай мен металл бағасының көтерілуі, сондай-ақ, мемлекеттің индустрияландыру бағдарламалары Қарағанды облысының экономикасына тың серпін берді. Қазақстан экономикасы жылына 8-10 пайыз көлемінде өсіп отырған шақта өңірдің қосқан үлесі айрықша сезілді. Ауыл шаруашылығы да еңсесін қайта тіктеді: 2012 жылға қарай өндіріс көлемі 15 есеге артты, жалпы өнім құны 120 млрд теңгеге жетті. Өңірге бағытталған инвестициялар көбейді. Әсіресе, кен өндіру мен өңдеу саласына құйылған қаржы жаңа кәсіпорындардың ашылуына және өндірістік қуаттың кеңеюіне жол ашты.
Биылдың өзінде өңірде жалпы құны 320,2 млрд теңгені құрайтын 55 ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл – Қарағанды облысының жаңа экономикалық белеске қадам басқанын айғақтайтын көрсеткіш. Келер жылға жоспар да айқын: экономиканы 6,5 пайызға өсіру көзделген. Оның негізгі локомотиві – өнеркәсіп (өсім 6,9%), ал ауыл шаруашылығының өсімі 3 пайыз деңгейінде болжануда. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қарағанды облысы өзінің тарихи өндірістік әлеуетін сақтап қана қойған жоқ, сонымен бірге, инновациялар мен серпінді жобалардың қуатты орталығына айналды. Өңірдің дамуы бүкіл Қазақстан экономикасының өркендеуіне дем беріп, елдің жаңа индустриялық бейнесін қалыптастыруға елеулі үлес қосып келеді.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



