ҰБТ-ға 2026 жылы өзгерістер енгізілмейді
Ұлттық бірыңғай тестілеуді халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, оны халықаралық тестке айналдыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. Оның айтуынша, ҰБТ-ны жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, ал 2026 жылы тестілеу форматына өзгерістер енгізілмейді.

2026 жылғы қаңтар айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеу талапкерлер үшін білімін бағалап, болашаққа бағыт алатын маңызды кезең болып отыр. Соңғы жылдары қаңтардағы ҰБТ-ға деген қызығушылықтың артуы бұл тестілеудің білім беру жүйесіндегі рөлін айқын көрсетті. Қаңтар айындағы ҰБТ негізгі сынақтың алдындағы дайындық қана емес, жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін кезең ретінде қарастырылады.
Ресми мәліметке сәйкес, 2026 жылғы қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін 187 мыңға жуық адам өтініш берген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 20 мың адамға көп. Мұндай өсім талапкерлердің ҰБТ-ға жауапкершілікпен қарай бастағанын және өз болашағын алдын ала жоспарлауға ұмтылатынын аңғартады. Тестілеу 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді. Өтініш беру барысында талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдады. Бұл компьютерлік форматтың тиімділігін көрсетеді. Мұндай жүйе талапкерлерге ыңғайлы жағдай жасап, психологиялық қысымды азайтуға мүмкіндік береді.
– Орталық ұсынған ақпараттан артық мәлімет айта алмаймын. Қазіргі таңда жоба аясындағы жұмыстар басталып кетті. Алайда оны толық жүзеге асыру үшін кемінде екі жылға жуық уақыт қажет, – деді Ұлттық тестілеу орталығы Қарағанды қалалық филиалының желілік әкімшілендіру бойынша аға сарапшысы Бекарыс Мантайұлы.
2026 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалды. Талапкерлер үш міндетті пәннен және өз таңдауы бойынша екі бейіндік пәннен тест тапсырады. Міндетті пәндерге Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы және математикалық сауаттылық кіреді. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны 120-ны құрайды. Оның ішінде Қазақстан тарихынан 20 тапсырма, оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылықтан 10 тапсырмадан, ал екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. Ең жоғары балл 140 болып белгіленген.
Тестілеу барысында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі тестілеу бағдарламасы арқылы қолжетімді. Бұл талапкерлерге есептеу мен талдау жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Тестілеу уақыты 4 сағатты немесе 240 минутты құрайды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минут уақыт қарастырылған.
Тест аяқталғаннан кейін талапкерлер өз нәтижесіне қатысты апелляцияға өтініш бере алады. Апелляция тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде қабылданады. Апелляциялық комиссияның шешімінен кейін ғана талапкердің сертификаты жеке кабинетінде жарияланады. Бұл талап тестілеудің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Қаңтар айындағы ҰБТ-ға жоғары оқу орындарына ақылы негізде қабылданғандар, шығармашылық бағыттан кейін басқа мамандықтарға немесе педагогикалық бағытқа ауысқысы келетіндер, мектеп пен колледждердің өткен жылғы түлектері, шетелде білім алған Қазақстан азаматтары, сондай-ақ биыл мектеп бітіретін түлектер қатыса алады. ҰБТ нәтижелері жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін пайдаланылады.
Ұлттық бірыңғай тестілеудің әділ әрі ашық өтуін Ұлттық тестілеу орталығы қамтамасыз етеді. Барлық тестілеу пункттері бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған. Тестілеу кезінде белгіленген ережелерді бұзған талапкерлердің нәтижесі жойылады.
– Қаңтар айындағы ҰБТ – талапкерлер үшін қорқыныш емес, мүмкіндік. 187 мың адамның бұл сынаққа қатысуға ниет білдіруі оның маңызын айқын көрсетеді. Қаңтар айындағы тестілеу талапкерге өз деңгейін бағалап, негізгі ҰБТ-ға сенімді дайындалуға жол ашады, – дейді биылғы талапкер Аружан Ардаққызы.
Бұл кезеңді тиімді пайдаланған түлек болашақтағы үлкен сынаққа бір қадам жақындай түседі.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



