Жаңалықтар

“ Тәуелсіздік Қарағандыға дайын байлық әкелген жоқ”

1991 жыл – Тәуелсіздік. Қарағанды да өзге өңірлер секілді бұл күнді ескі жүйе­нің соңғы нүктесі, жаңа кезеңнің жаңа парағы ретінде қабылдады деп нық айта аламыз осы күні. Әлбетте, әуелде абдырап қалған кенді өлкені де келешегіне күмәнмен қарамады деу жалған болар. Жалпақ жұрт «Қайт­пек керек?» деген сауалға жауап іздеп, сансырағаны да ақиқат. Өйткені, ол уақытта мемлекет деген ұғым – жалақы, жоспар, өндіріспен тығыз байланыста еді. Шахталар бұрынғыдай гүрілдеп тұрмады, зауыттардың да әдеттегі дауысы бәсеңдеді. Сенім күңгірт тарта бастағаны анық сезілді. Сондықтан да, Тәуелсіздік жауапкершілікті күшейтті. Кеншілер мекені де мұны түйсінді. Кеше ғана бір орталықтан басқарылып үйренген экономика бір сәтте дербес әрекет етуге мәжбүр болды. Бұл төзімдінің төзімдісіне арналған сынақ еді.

Сурет shuak.kz

Қарағанды – көмірге қарап күн көрген өңір еді ол кезеңде. Сол себепті, көмір тоқтаса, өмір де тоқтайтындай көрінетін. Экономиканың бар салмағы бір бағытқа түскен кезде, таңдау да, балама да болмасы хақ. Сондықтан, экономиканың құлдырауы КССР-дің мемлекеттік жоспарына байлаулы болған индустриалды Қарағандыға да оңай соққы болған жоқ. Себебі, кооперациялық тізбек кілт үзіліп, шахта мен зауыттар нарығын жоғалтып, тарс жабылды. Өнеркәсіптік әлеуетіне қарамастан Қарағанды елдегі ең мәселелі аймақтың бірі болғанын біреу білсе, біреу білмес. Облыс бюджеті қаржылық құжаттан гөрі күнкөріс күнделігіне айналып шыға келді. 1991 жылғы облыс бюджеті рубльмен өлшенгендіктен ол туралы бүгінде нақты дерек табылмады. Тек, ұлттық валюта теңге қабылданған 1993 жылдан кейін ғана теңгемен шаққандағы аймақ бюджеті шамамен 0,2 млрд еңге көлемінде болса керек. Бұл – 2 млрд теңге көлеміндегі қаржы. Одан кейінгі деректер Қарағанды облысының 2000 жылдарға қарай еңсе тіктеп, жылдық бюджеті 14 млрд.теңгеге жуықтағанын айтады. Қазіргі таңда 600 млрд теңгеден асып, оның 60 пайызы – әлеу­меттік салаға бағытталып отыр. Бұл – тәуелсіздіктің табысы.

Ал, бүгінгі Қарағанды өзгеше. Жабылған цехтардың орнында қайта ашылған өндірістердің, тәуекелге барған кәсіпкерлердің жаңа технологияны меңгерген кәсіп­орындары бой көтерді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бұл күні Қарағанды облысында шағын және орта кәсіпкерлер саны 110 мыңнан асып жығылады.
Әрине, балапан басына, тұ­рымтай тұсына келген сәт, сонау 1991 жылы «кәсіп ашу» деген сөз ақылға сыйымсыз көрінетін. Бірақ, нарыққа жылдам бейімделген біздің қоғам шағын және орта бизнесті өңір экономикасының тірегіне айналдырды. Бұл – тәуелсіздік үйреткен ең маңызды сабақтың бірі.

Толқымалы тоқсаныншы жылдардың жылымығында күйзелісті басынан оңбай өткерген – ауыл еді. Қала қаңырап жатқанда ауыл, тіпті, тығырыққа тірелгендей еді. Түлігін жарата алмай, жанталас тірлікке көшкен ауылдың келешегі де күдік ұялатып, үдере көшу сол кезде белең алған. Ал, қазір ауылдың ажары кіре бастады. Арада отыз жылдан астам уақыт өткенде түтіні түзу ұша бастады. Су тартылды, жол салынды, мектептер мен медицина пункттері жаңарды. Әрине, бұл – мемлекеттің міндеті. Әйткенмен, 1991 жылмен салыстырғанда бұл – үлкен өзгеріс екенін мойындау шарт.

Осы жылдары білім жүйесі адамды таңдау жасауға емес, берілген жолмен жүруге үйретті. Ақпараттық технология, цифрландыру, жасанды интеллект деген ұғымдар ол кезде қиял ғана еді. Осы күні Қарағандыда киберқауіпсіздік зертханалары ашылып, инженерлік бағыттар жаңарып, жастарға әлемдік деңгейдегі білімге жол нұсқауда. Бұл – тәуелсіздік жеңісі.

Тәуелсіздік Қарағандыға дайын байлық әкелген жоқ, ол өңірге айна ұсынды. Сол айнадан біз әлсіз тұстарымызды да, мүмкіндігімізді де көрдік. Бір салалы экономикаға тәуелді болудың қауіпті екенін, ауылды ұмытудың салдары ауыр болатынын, білімсіз болашақ болмайтынын түсіндік.

1991 жыл – бастау болды. Бүгін – нәтиже бар. Бірақ, бұл соңғы межe емес. Қарағанды әлі де өзгеру үстінде. Бұл күн өткен жолға қарап, бүгінгі күйді таразылау үшін керек.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button