Сыйлық сертификатының жартысы пайдаланылса да, қаражатты қайтаруға бола ма?
Сыйлық сертификатын немесе «қайтарылмайтын» санаттағы тауарды кері өткізуге бола ма? Осы және өзге де тұтынушылық құқықтарға қатысты маңызды түсіндірмелерді Қарағанды облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте түсіндірді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Соңғы 10 айда азаматтардың өтініштері негізінен тұрмыстық қызметтер, байланыс саласы және онлайн-сауда мәселелеріне қатысты болған, дейді Департамент басшысы Абзал Рахымбаев. Өтініштердің басым бөлігінде тұтынушы күткен сапа мен көрсетілген қызметтің арасындағы алшақтық айқын байқалады. Бұл әсіресе сыйлық сертификаттарына байланысты жиі тіркеледі.
Департаменттің бас маманы Әсел Сахариева брифинг барысында сертификаттарға қатысты негізгі ережелерді атап өтті:
– Сыйлық сертификаты – бұл да тауар. Ол сатылады, сатып алынады және басқа тауарлар сияқты қайтарылуы немесе ауыстырылуы мүмкін. Қолданыстағы нормаға сәйкес сертификаттың жарамдылық мерзімі – үш жыл. Бұл мерзімді қысқарту тек дүкен сертификатты бонус ретінде берген жағдайда ғана рұқсат етіледі. Тіпті сертификаттың бір бөлігі пайдаланылған болса да, оны қайтаруға болады. Мысалы, азамат спорттық кешенге абонемент алып, денсаулығына байланысты жалғастыра алмаса, пайдаланылмаған қаражатты толық қайтаруды талап етуге құқылы, – деді ол.
Мамандар соңғы кезде қымбат тауарларды мәжбүрлеп алғызу және тұтынушыларды несие рәсімдеуге итермелеу жағдайлары көбейгенін де айтты. Әсіресе алдануға бейім топ — егде жастағы адамдар. Олар түрлі «акциялар» мен «сыйлықтарға» қызығып, шын мәнінде құнына сай келмейтін тауарды сатып алуға мәжбүр болуда.
– Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 14-бабына сәйкес, мұндай жағдайда тұтынушы 14 күннің ішінде сатушыға жүгінуі тиіс. Алғашқы қадам – жазбаша түрде сотқа дейінгі талап жіберу. Алаяқтық белгілері жиі кездесетіндіктен, уақыт оздырмау маңызды, – деді Әсел Сахариева.
Брифинг барысында қайтаруға жататын және жатпайтын тауарлар тізімі де еске салынды. Қолданыстағы тәртіпке сай медициналық бұйымдар, дәрілік заттар, іш киімдер, шұлықтар, метражбен сатылатын тауарлар, өсімдіктер, жануарлар және сапалы азық-түлік кері қайтарылмайтын санатқа кіреді. Дегенмен кез келген тауарда ақау анықталса, тұтынушы оны қайтаруға немесе алмастыруға толық құқылы. Қазір заң деңгейінде медициналық бұйымдар мен дәрілердің қайтарылуы мүмкін тізімін нақтылау мәселесі қарастырылып жатыр.
Сонымен қатар департамент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына бақылауды күшейткен. Жыл басынан бері 155 сауда нысаны әкімшілік жауапкершілікке тартылған, оның 142-сі – сауда үстемесін заңсыз арттырғаны үшін. Ең көп құқықбұзушылық Қарағанды, Саран және Теміртау қалаларында тіркелген. Мониторинг жұмыстары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізілуде.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



