Сыдық Мұхамеджанов. «Шаттық Отаны» (Реквием)
«Киік» станциясынан өткен сайын қазақтың даңқты композиторы Сыдық Мұхамеджанов осы жерден Алматыға арман арқалап кеткен шығар деген ойға шомам. Оның кіндік кесіп, кір жуған жері қазақтағы ғажайып та, қасиетті топырақтың бірі һәм бірегейі десе болады. Үш мың жылдық көшпелілер мәдениетінің толғағы жетіп, тоғысқан жері бұл. Сарыарқаның уызына жарыған Сәкең күні кешегі Тәттімбет, Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек, Сембек, Итаяқ, Аққыз, Мақаш, Әбди, Әбікен, Бегімсал дәстүріндегі шертпе күйдің қазанында қайнап, қаймағына кенелген біртуар тұлға еді. Оның «Шаттық Отаны» поэмасында сол терең де, ерен тылсым сиқыр алыстан айқұлақтанып, құлаққа шалынады.
Жерлесіміз, қазақтың ұлы композиторы Сыдық Мұхамеджанов өзінің осы туындысын «музыкалық поэма» деп атаған екен. Шын мәнінде, бұл бір дәуір, бір заманның марапат жыры! Қазтуғанның «Марапат жырындай!»
Патетикалық поэма.
Қазір ел екі аяғы салбырап, көктен осы жерге түсе салғандай күй кешіп отыр, адам баласы туасы – ұмытшақ; осы отыз жыл ішінде баяғыда көрген-білгенін есінен шығарып алған… Мұны исі қазақ баяғыда «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деген. Ол бір кездегі біздің Асанқайғы, сонау Томас Морлардың қиял-ғажайыбынан туған қоғам еді. Бар-жоғы жетпіс жыл салтанат құрды да, тарихтың архивіне жөнеді! Еуропаны кезіп жүрген коммунизм елесі ХХ ғасырда салтанатты шеруін тәмамдады да, келмеске кетті! Соны музыка тілімен өрнектеп, өлмес өнер туындысына айналдырған біздің жерлесіміз, қазақтың саусақпен санарлықтай ұлы композиторының бірі – Сыдық Мұхамеджанов! Социализм туралы поэманы қайта тыңдаған сайын адамды мың сан ойға салып, жан-дүниені сарғайған сартап сағынышқа кенелтіп, арқаны шымырлататын музыкалық дүние бізден басқа бірде-бір елде жоқ десе де болады! Бізде ғана, қазақта ғана бар!
Замандар да, адамдар да көше береді, мәңгі бақи өлмейтін, жасампаз адам баласымен барлық қоғамдық экономикалық формацияларда өмір сүре беретін өнер туындылары ғана! Гомерлер кетті! Адамзаттың жадында «Илиада» мен «Одиссеялар» қалды! Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық Отаны» да осылардан аумайтын адамзат өнеріндегі шаһқар (шедевр) шығармалар қатарында тұр!
Біздің балалық, жастық шағымыз, ат жалын тартып мінген кезіміз де осы қоғамда өткен. Біз оның орны ойсыраған кемшіліктері мен трагедиясына қарамастан егіліп сүйіп, оған ет-бауырымыз елжіреп қызмет еткенбіз; одан артық қоғамдық жүйе бар деген ой бізде болмаған! Адам өз заманының жемісі; соның әрі мықты, әрі осал қасиеттері біздің бойымызда әлі бар.
Қара жерден бауырын көтеріп, саналы адамға (лат. Homo sapiens) айналған адам баласының дүниеге келгеніне 300 000 жылдай уақыт болып қалған екен. Сол Homo sapiens-тің қалың бір тобы ХХ ғасырда қаны бұзылып, Homo Soveticus-ке (лат.) айналды!
1917 жылы адамзаттың артта қалған бір бөлігі Ресейде Қазан төңкерісін жасап, Homо sapiens-тен бөлініп шығып, Homo Soveticus (лат.) дейтін ұлыс құрды, ол ХХ ғасырдың 90-шы жылдарына дейін жаналғыш ірі держава (СССР) атанып, өркениетті дүниенің зәре-құтын алып еді! Біз соның тірі қалған соңғы тұяқтары боламыз!
Бұл екі адамзат өкілінің ( Homo sapien – Homo Soveticus) арасы – жер мен көктей! Болмыс-бітімі, тіршілік-қарекеті мен дүниеге деген көзқарастары да бір-бірінен мүлде, кереғар, алшақ! Әлихан Бөкейханов пен Мұхтар Әуезовтер Homo sapiens болса, Бейімбеттің Мырқымбайымен бірге ғұмыр кешкен біздің бәріміз де Homo Soveticus ұлысынан боламыз! Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық Отаны» осы Homo Soveticus (Хома Советикус) – советтік Қазақстан туралы жыр еді. Бұл поэмада біздің 70 жылғы ғұмырымыздың галереясы шынайы бейнеленген. Оны тыңдаған сайын біздің жүрегімізді асқақ сезім, ел мен жерге деген шалқар махаббат кернейді! Мұны мына жарық дүниеге бізден кейін келген буын түсінбеуі мүмкін, бірақ, бұл сезімдер бізге етене жақын һәм оттай ыстық!
Евгений Брусиловскийдің Қазақстанға келуі ұлттық музыкамызды еуропалық деңгейге көтеріп, жасартып, жаңартып, жаңғыртып тастап еді, оның Сыдық Мұхамеджанов бастаған шәкірттері бұрын-соңды болмаған биікке көтеріп, берісі республикалық, әрісі одақтық масштабта оған соны өрнек, ұлттық бояулар қосып, тыңға түрен салды!
Мына опасыз жалғанда ұлттық рухтың жер бетінде сайран салуына, өктем күштердің төбесінен ойран салуына түк те жетпейді! Жан алғыш атом қаруы мен төрткүл дүниені алақанына уыстап отырған жойқын империялар да жоқ болады. Атамзаманғы айтулы мемлекеттерден бүгінде көзге қара боп қалғаны – Лондондағы Ұлттық галерея, Вашингтондағы Ұлттық өнер, Мәскеу қаласындағы Третьяков галереяларында тұр! Огинский-Ветховендер мен халық музыкасында, Ақан сері, Біржан сал, Мәдилер мен Сыдық-Шәмші-Ильия көкелеріміздің әндерінде қалықтап, ұшып жүр бұл рух! Басқа түк те жоқ мына Жарық Дүниеде! Мәңгі қалатын – өнер туындысы!
Біз екінің бірі, егіздің сыңары «халық жауы» болған сормаңдай елде ғұмыр кештік. Сонда да бұл елді жанымызды шүберекке түйіп, сүйіп едік. Жау – кім? Дос – кім? Әлихан мен Ахметтің, Мағжан мен Міржақыптардың аруағы төбемізде әлі күңіреніп тұр! Социалистік-тоталитарлық қоғамның трагедиясы осы еді. Оны ішіміз сезді, айқайлап айта алмадық – айтқызбады! Социализмнің өзіне ғана тән қасиеті мен қасіреті де көп еді. Соған қарамастан, біз оның дертіне күйіп, жан-тәнімізбен құлай сүйіп едік. Өйткені, ол – біздің өз өміріміз, тасқа басылған тарихымыз еді. Адам баласы бәрінен бас тартуы мүмкін, бірақ тарихы мен тағдырынан бас тарта алмайды. Бұл – жалпы адамзатқа ортақ аксиома. Құдай тағаланың басқа салған тағдыр-таланы осы…
– Имам! – депті мүриттерінің бірі Шәмілге, – Осы біз не үшін соғысып жүрміз?!
– Пенденің емес, құдайдың құлы болу үшін! – депті Имам.
… Біздің қазақ 300 жылдай пенденің құлы болды. Сұмдық қой – бұл!
Тұлғалар, біресе, Әлихан Бөкейхан сынды мемлекет, қоғам қайраткері, біресе Пушкин, Абай сынды ақын, біресе Эйнштейін, біздің Темірғали Көкетаев сынды атомшы-физик, біресе, Әміре, Жүсіпбек, Қайрат Байбосын сынды әнші болып тууы мүмкін…
Ерін қадірлемеген жұрт іргелі мемлекет құрып, ел қатарына қосыла алмайды. «Мүлдем азып кетпеген кез келген адамзат нәсілі өзінің жалпы санына сәйкес мөлшерлі, көрнекті адамдарды дүниеге әкеледі, – дейді испанның ұлы ойшылы Хосе Ортега-и-Гассет. – Олардың бойына айрықша интеллектуалдық, моральдық және өміршеңдік қасиеттер дарытады. Дамыған нәсілдерде бұл мөлшер басқаларға қарағанда әлдеқайда қомақтылау әрі қуаттылау болып келеді. Басқаша айтқанда, бір ұлт бір өзінің таңдаулы азшылығының қуаттылығымен басым түсіп жатады. Әр ұлт өз ортасынан бойында тек өз ұлтына тән қасиеттер шоғырланғандарын ғана даралап шығарады. Көрнекті адамдардың жетіспеуі ұлт тарихына керағар әсер етеді». «Құрып, құрдымға кеткелі тұрған ұлт кінәсіз ұлдарын жазықсыз жазалап, қылмыскерлерін төбесінде тайраңдатып қояды!», – деген бір ойшылдың сөзі осындайда еске түседі.
Жақсысын көзі тірісінде, өлгеннен кейін де қадірлеу – озық ұлттардың еншісіндегі дүние. Дамымаған елден мұндай тұлғалар тумайды! Туса да, тобырдың талауына түсіп… көресінін көріп өледі! Мына елдің тұрғындары ұлтының ұлы тұлғаларының сүрінген, бүлінген жерін сөз қылмай, жазған, сызған, айтқанынан өнеге алып, солардың соңынан ілескен күні оның ұлысы да ұлы ұлтқа айналады!
Аспанды кеулеген қара бұлттың, Алашты іштен жеген қара құрттың; Атқа көтеріп мінгізіп, қолына қамшы ұстатсаң, Алашын қуып жүріп сабайтын әкімнің, Ата-Жұртымен «өлеңдетіп…», шатыраш ойнайтын «ақынның» – Керзаманы кетіп барады… Құдайға тәубе!
«Шаттық Отанындағы» қазақ халқының классикалық әуені әлемдік классиканың озық үлгілерімен астасып, адамды асқақ мұраттарға шабыттандырады. Бүтіндей бір ұрпақ осы жырдың аясында өсіп, өнді. Пушкиннің «Моцарт пен Сальерий» дейтін атақты поэмасы бар. Онда Сальери Моцартты у беріп өлтіреді. Замандастарының айтуына қарағанда өмірде мұндай оқиға болмаған көрінеді. Соны білетін біреулер бұл Пушкиннің ойлап тапқан дүниесі деген әңгіме шығарып жүр… Бұлардың көпшілігі өнердің озық дүниесін көре алмайтын графомандар мен іштар, таяз шығармашылық адамдары. Пушкин өнердегі данышпан мен дарынсыздың өлмес образын жасап шығарды! Оған керегі осы еді! Моцарт – таланттың, Сальерий – дәлдүріштің типтік бейнесі болып қалды! Мына шығарма да сондай, – қазақ қиялындағы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған қоғамның бір бұлдыр елесі маған; жарқ етті де жоқ болды!
Мұнда Атырау-Алатау-Алтайға дейінгі кең байтақты мекендеп жатқан Алаш елінің поэтикалық галереясы тұнып тұр; үш мың жылдық көшпенділер цивлизацясының символындай арғымақ ат тұяқтарының дүбірі мен даламыздың кеңдігі, ел-жұртымыздың Отанға деген ыстық махаббат сезімі, ересен еңбек дүбірі мен бейбіт заманның берекесі, ырысына ынтымағы жарасқан елдің бір-бірін ұлтқа, нәсілге бөлмейтін берекелі тұрмыс-тіршілігі асқақ музыка тілінде құйқылжып сөйлеп тұр!
Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық Отаны» да пушкиндік деңгейдегі терең көркем дүние! «Шаттық Отаны» менің бала жасымнан сүйсініп тыңдаған, жүрегімде алар орны бөлек ірі музыкалық дүнием еді. Мен оны магнитофоннан тыңдап, шабыт шақырушы едім. 1970-ші жылдары шығармашылығыма бетбұрыс жасаған «ХХ ғасырдың 20 сәті» атты поэмамды жазғанымда осы шығарма арқама аруақ ойнатып, мені Тәңірінің тылсым құпиясына шомылдырған-ды. Оны тыңдаған сайын жастық шағыма қайта оралып, уайымсыз күй кешемін. Мен үшін бұл жаңа да, жасампаз қоғам құрып жатқан ел туралы асқақ пафосты патетикалық дүние ғана емес, Моцарттың «Реквиемі» сынды, енді қайтып оралмайтын бір дәуір, бір заман хақындағы азалы Жоқтау Жыры! Мұқағалидың «Реквием. Жан азасынан» да қасіретті! Енді мұндай жыр жазылмайды! Енді ол дәурен қайтып келмейді… Мәселе – осында! Кетер заман кетті… Келмеске!
Қазір бұл симфония бұрынғыдай эфирден жиі естілмейді. Естілсе, дүниеден көшіп кеткен бір ұрпақ, бір замана көз алдымызда көлеңдейді… Енді ол бізге жоқ! Соның ескі елесіндей осы «Шаттық Отаны» қалды. Өткен күннің елесіндей! Тарихымыздың өлмес ескерткішіндей жыр – бұл! Енді қайта жазылмайды! Енді қайта тумайды ол! Мен үшін Бір Заманның Жоқтау Жыры ол! Осы жырмен қоса егіліп, жан-дүниені теңіздей тебірентетін, өтіп кеткен, енді қайта оралмайтын жастық шағымның елесі! Қасіретке де, қасиетке де толы жарты ғұмырымның қырық жылы! Жасампыздық идеясына шөлірткен ғұсни ғұмырымның жыры… Огинскийдің* «Поленезіндей» азалы жыр! Оны жыр тіліне түсірсе, былайша сөйлер ме еді, қайтер еді?
Хош, Отаным…
Үндемейсің неге Сен?
Қойыныма кір демейсің неге Сен?!
Сенде тудым, сенде өскенмін, қаңғырып,
Сенен кетем деп ойлаған емес ем…
Үндемейсің неге Сен?!.
Сенің күллі болмысың кеп ойды алды.
Жүрек Сен деп…
Ми да Сен деп ойланды.
Дүниеге келген кезде Тәңірі,
Маңдайыма Сені жазып қойған-ды.
Жаным сенде таңғажайып күйге енді.
«Кетпе…», – деші?
Өзің шешші түймемді?
Әлемдегі ең ғажайып әйелдің,
Омырауынан осы жерде сүйгем-ді…
Кел де менің өр кеудемді ашып қал:
Батыр – сонда, ақының да, ғашықтар!
Мен кетейін…
Мен кеткенмен бұ жерде,
Қалады ғой қараулар мен пасықтар?!
Хош, Отаным…
Үндемейсің неге Сен?
Қойыныма кір демейсің неге Сен?!
Сенде тудым, сенде өскенмін, қаңғырып
Сенен кетем деп ойлаған емес ем?
… Үндемейсің неге Сен?!.
*Князь Михаил Клео́ фас Огинский – поляк композиторы, 18 ғ
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ