Жаңалықтар

Сыбайлас жемқорлық – жегі құрт

Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі – парақорлық. Бірінші кезекте пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын түп-тамырын жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Яғни, пара беру де, пара алу да пайдалы болмайтындай, үлкен қылмыс ретінде саналатындай жағдай, қоғамдық сана қалыптасуы қажет. Парақорлық мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет болып, билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіреді, заңдылық қағидаларын жоққа шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қысымшылық жасайды.

Парақорлықтың алдын алу, жолын кесу, ашу және тергеу жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Және ол жылдан-жылға өсе түсуде. Парақорлықпен елімізде көбіне-көп қолында билігі бар, шешім шығаруға, бөліп бергізуге өкілеті жететін қызметкерлердің айналысып отырғанын көрсетіп берді. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардың, ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігінің шегінде өздерінің кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті деп көрестілген. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқықбұзушылықтармен айналысуының негізгі себептері мыналар болып табылады:

– мемлекеттік қызметшілердің құқықтық білім дәрежесінің төмен болуы;

– құқықбұзушылыққа немқұрайлы қарайтын, қызметтік тәртібі төмен кейбір мемлекеттік органдар;

– кейбір мемлекеттік қызметшілердің мемлекет мүддесін емес, өзінің жеке басының жайын күйттеуі;

– кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын орындау жөніндегі жұмысының мардымсыздығы.

Сыбайлас жемқорлық қылмыстардың белгісі мен іс қозғаудың бір негізі – азаматтардың арызы. Әрбір азамат өзінің конституциялық құқығын қорғауға міндетті, қандай да болмасын «қолы да, жолы да ұзын» адамдар азаматтардың құқығын таптап, заңсыз әрекеттерге баратын болса, әділдікті орнатушы құқық қорғау органдары. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп қара қылды қақ жарып, турасын айтып, әділдікке жүгінген қаймана халықтың ұрпағы бүгінгідей өз алдына ел болып отырған шақта сол адами қалып – парасат биігінен көрінуге тиіспіз.

Т.ЖАНАБАЕВА, Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары.

Басқа материалдар

Back to top button