Жаңалықтар

Жемқорлық – қоғам дерті

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті және «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен «Адал ұрпақ» мектеп аралық және «Sanaly urpaq» студенттер клубтарының слеті өтті. Жастар арасында адалдық пен парасаттылық ұғымын кең насихаттап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Үздік эссе», «Үздік Tik-Tok» байқауын жариялаған болатын. Аталмыш байқаудың қорытындысы шығып, жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттады.

Байқауға екі номинация бойынша 200-ге жуық жоғарғы оқу орындары мен колледж студенті өтініш білдірген. Арнайы құрылған қазылар алқасы үздік деп танылған қатысушыларды дипломмен марапаттап, қаржылай сый-сияпат үлестірді. 

– Қылмыстың алдын-алу мақсатындағы кешенді жоспар ауқымды жүргізілуде. Бұнымен тоқтап қалмай осындай байқауларды жиі өткізуді қолға алдық. Өскелең ұрпақтың адалдық қағидаттарын қалыптастыруға осындай байқаулардың пайдасы орасан екеніне сенімдіміз, – деді «Saryarqa – adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің жетекшісі Мәлика Көшенбаева.

Байқау қорытындысы бойынша «Үздік эссе» номинациясында І орынды Қарағанды медицина университетінің студенті Арна Сатыбалды иеленді. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенті Нұрдана Көдекова ІІ орын, Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің студенті Томирис Ахмалишева ІІІ орынды қанжығалады. Ал, Қарағанды Техникалық университетінің студенті Елизавета Тарасова «Үздік Tik-Tok» номинациясының жеңімпазы атанды. Аталмыш номинация бойынша ІІ орын иегері Томирис Аккожина, ІІІ орын иегері Дарья Подгорная атанды.

– Байқау жайлы оқу орнымнан білдім. Құрбым қатыс деп айтқан соң бағымды сынап көргім келді. Өз басым Қытай тарихы жайлы көп оқимын. Әсіресе, қылмысқа, шытырманға қатысты туындылары керемет. Бәлкім, осыдан болар, жемқорлық жайлы эссе жазу қиынға соқпады. Жемқорлықтың салдарынан ел өсіп, өркендемейтіні бәрімізге белгілі. Сол себепті бәріміз бір кісідей атсалып, жемқорлық жоюдың алдын алайық, – деді Арна Сатыбалды. Ал, Дарья Подгорная университтің белсенді студенті. Құрбыларымен жемқорлыққа қатысты шағын ролик түсіріп, жүлдемен қайтты.

– Шыны керек, өз басым Tik-Tok түсіруге әуес емеспін. Байқау жайлы хабарландыруды оқып, құрбыларыма менімен бірге түсуге өтіш жасадым. Ал, олар келісе кетті. Содан соң не түсіретінімізді ойлап, іске кірістік. Жеңімпаз боламын деп ойламаған едім. Құрбыларымның арқасында жүлделі орын иелендім, – деді ол.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button