Сыңғырла, соңғы қоңырау!

Облыс мектептерінде 25 мамырда дәстүрлі соңғы қоңырау соғылды. Биыл өңірде 11 сыныпты 8 605 мектеп оқушысы бітіреді. 300-ден астам түлек – «Алтын белгіге» үміткер.

Пандемияға байланысты ұзақ үзілістен кейін салтанатты жиындар мектеп аулаларында қайтадан өткізіле бастады. «Мұрагер» облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында түлектерді оқу жылының аяқталуымен облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК құттықтады.

– Бұл әр жас азаматтың өміріндегі басты қадамдардың бірі. Жаңа әлемде өз жолыңызды, өз орныңызды табу өте маңызды. Еліміздің болашағы жастардың қолында. Сіздерге амандық, сәттілік және бақыт тілеймін! – деп аймақ басшысы түлектерді құттықтады.

«Мұрагер» мектебінде биыл 67 түлекті емтихан мен жаңа өмір кезеңі күтуде. Сегіз оқушы «Алтын белгіге» үміткер. Мектебімен қоштасқан әрбір түлектің жүрегінде қимастық сезім бар. 

– Барлық түлектер бұл күнді ерекше сезіммен күтеді, – дейді «Мұрагер» түлегі Әділбек Жәнібек. – Бір жағынан мен бақыттымын, екінші жағынан мұң да бар. Бұл 11 жыл өте әсерлі болды. Менің өмірімнің ең жылы минуттары, ең керемет күндері осы жылдар болды. Мектепті үздік бітіремін. Соңғы үш жылда ең үздік оқушы болдым. Түрлі олимпиадалардың жеңімпазымын, мектеп іс-шараларына белсене қатысамын. Мұғалім болып, ұстаздарымның ізімен жүргім келеді.

«Мұрагер» мектебінің түлектері Дәурен Шәметов – De Montfort University Халықаралық университетіне грантқа, Артур Хибашев – АҚШ-тың екі университетіне 30 және 90% қаржыландырумен, Малика Аманбаева – Италиядағы UCBM университетіне түсті.

– Мен мектепті үздік бітірмедім, бірақ физика мен математикадан облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадаларда жетістіктерім баршылық. ҰБТ-да математика бойынша 45 балдан 43 балл алдым. Маған есептеу, күрделі теңдеулер мен есептерді шешу ұнайды. 10-шы және 11-ші сыныптарда өмірімде қызықты жайттар басталды, – деп атап өтті Артур Хибашев.

Соңғы қоңырау – ересек өмірдің басталуын білдіреді. Алда түлектердің алдында жауапты да күрделі кезең – ҰБТ және болашақ мамандықты таңдау күтіп тұр.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.