Суретшінің сырлы әлемі
Музей іші. Қабырғада қара қарындашпен салынған түрлі жанның портреті ілулі тұр. Бірі оң жақ қырынан салыныпты. Енді бірі сол жағынан…
Көзіміз майлы бояумен салынған суретке үйреніп қалғаны рас. «Түрлі-түсті сурет бар ма екен?» деп әр туындыға көз тіктік. Жоқ. Бәрі – қара-ала түсті портрет. Кенет, анадайда тұрған аузы, мұрыны салынбаған әйелдің портретін көзіміз шалды. «Аяқталмаған портретті неге қойған?» деген ой келді. Бірақ, біз ойлағандай емес екен.
Көрме залында ілінген портреттердің авторы – Серік Оразғұлов. Бұл суретшінің «Нобайлар» атты алғашқы жеке көрмесі. Адамның бет-пішінін ғана емес, қиял арқылы кейіпкердің образы бейнеленген ерек жанның 30-дан астам туындысы қойылған. Тамашалап қайттық…
Көрмедегі туындылар – автордың әр жылдары салынған топтамалары. Портреттерінің басым бөлігі көмірмен салынған. Серік – осы облыстық бейнелеу өнері музейінің шаңырағында тәрбиеленген шәкірт. Кешегі ардагер суретші Қайрат Қанатұлы, Анатолий Александрович, Гүлнар Қамашқызы сынды ұстаздардан дәріс алған. Бүгінде сол ұстаздарының жолын жалғап, қара шаңырақта еңбек етуде.
– Серік – талантты әрі ақылды жан. Туындылары да адамға ой саларлық. Астарына үңілсең, терең мағынасын түсінесің. Бірақ, осындай керемет туындыларын көрмеге қоюға асықпады. Ұжым болып көрме өткізуге қолқа салғанбыз. Әйтеуір ойлана келе «көрме беремін» деген шешімге келді. Әрине, көрме ұйымдастыру оңай емес. Қобалжығаны рас. Әрі ұзақ дайындалды. Бірақ, ішіндегісін сыртқа көрсетпеді. Шеберлігінде ешқандай мін жоқ. Сырттан тапсырыс түскенде «Осыны Серік жасап берсінші» деп қолқа салатындар көп. Мұндай талантты да, еңбекқор жанның біздің ортада жүргеніне шын қуанамын, – деді музейдің директоры Бибігүл Құдабаева.
Көрмеге өнертану ғылымының профессоры, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Лариса Золотарева да келіп, шәкіртіне жылы лебізін білдіріп кетті.
– Біз өз шәкірттерімізбен мақтанамыз. Музейге кіріп келіп ем, шәкірттерім алдымнан шықты. Бәрі – алдымда отырған оқушыларым. Солардың ішіндегі ерекше айтып өтетіні – Серік. Табиғатынан бөлек шәкіртім. Талай жанрдың ішінен қиын әрі жеңіл портрет жанрын таңдағанына таң қалмаймын. Керісінше, қуанамын. Оған Серіктің қауқары да, білімі де жетеді. Осы өнерін әрі қарай шыңдап, басқа да көрмесін ұйымдастырады деген сенімдемін, – деді Лариса Золотарева.
Суретшінің суретке деген махаббаты бала кезінен ашылған. Анасы алты жасында жетектеп, сурет үйірмесіне апарған көрінеді. Содан бері қарындашын жанына серік етіп, түрлі туындыларын өмірге алып келген.
– Кішкентай кезімде қабырға шимайлап, жерге төселген кілемнің үстін ермексазбен былғайтынмын. Алты жасыма келгенде анам сурет үйірмесіне берді. Жаныма жақын жанр – портрет. Мен үшін ол – жеңіл әрі ауыр. Адамның көңіл күйін бет-бейнесінен-ақ ажыратуға болады. Адамның жүзі алдамайды. Ия, барлық адамның жүзі әдемі. Көрікті. Бірақ, суретші ретінде сенің міндетің оның әдемілігін емес, үлкен образын ашу, – деді суретші.
Музей төрінде тұрған әлгі әйел портреті тегіннен-тегін салынбаған. Автор өз сөзінде «Әр адам осы портретке қарап, өз образын құрастыра алады» дейді. Қиялдың шегі бар ма? Қоғамға емес, айналаңызға қараңызшы. Әр адамның басында түрлі жағдай. Түрлі тағдыр. Бірақ, оны сізге шешіліп ешкім айтпайды да. Себеп, ешкімге сенбеуінде. Бұл – сіз бен біздің емес, қазіргі өмірдің жазылмаған заңы. Ал, адамның басында болып жатқан жағдайды тек екі көзінен ғана оқи аласыз. Осы портретке қарап жалғыздықты сезінеді екенсіз. Ал, бейнеге ерекше мазмұн беріп тұрған – көмір. Кейіпкердің тағдырын толық ашу үшін суретші қара отынды арнайы пайдаланыпты.
– Көмір – жұмсақ материал. Мысалы, қарындашпен сурет салсам, қарапайым дүние шығады. Ал, көмірді қолыңмен баса отырып салған дүниең көлемді әрі ерекше мән-мағыналы болып шығады. Сондықтан, көмірді портретке жан бітіру үшін пайдаланамын. Акварель, түсті бояу сынды бояу түрлерінен гөрі жаныма жақыны – көмір.
Осы көрмемдегі суреттің бәрі графика жанрында салынған. Алдағы уақытта кескіндеме жанрында ұлттық нақыштағы көрмемді өткізгім келеді. Ұстаздарымның «Графика – ері, кескіндеме – әйелі» деп айтқаны әлі есімде. Мен логикалық тұрғыда графика жанрына жол бердім. Енді кескіндеме жанрына көшіп, тағы бір көрмемді бергім келеді, – деді суретші.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz