Суретшінің сиқырлы әлемі
Қарағандыдағы «Алтын ғасыр» галереясы аясында жаңа көрме әуесқой суретші Ирина Касьянның картиналарының топтамасы ұсынылды. Көрмеге барлығы 48 жұмыс қойылған. Оның бір бөлігі заманауи «флюид-арт» сурет салу техникасында орындалған.
Ирина Касьян – Қарағанды көркемсурет мектебінің түлегі. Жас кезінде сәнгер немесе шебер болуды армандаған. Бірақ, өсе келе шаштараз кәсібін таңдапты. Оның 40 жылдан бері стилист болып жұмыс істейтінін айта кеткен жөн.
Кеш иесінің айтуынша, оның өмірі үнемі шығармашылықпен тығыз байланыста болған. Достары мен таныстарына арнап та түрлі суреттер салады. Соңғы үш жылда ол акрил құю немесе флюид-арт өнеріне қатты қызығушылық таныта бастаған. Бұл – абстракционизмнің ерекше түрі. Құю арқылы сурет салу үшін әртүрлі әдістер қолданылады. Сол арқылы көрерменін ерекше әсерге бөлейді.
– Бұл техниканы алғаш рет интернеттен көрдім және оны орындап көруге бел будым. Жаның қалаған нәрсені үйрену ешқашан кеш емес. Акрил құю – бұл өте қызықты процесс. Бояулар араласады, содан кейін алынған қоспа шаш кептіргішпен үрленеді. Сол сәтте таңғажайып түс алмасуларды көресің. Бірнеше картиналарға моншақтар мен жылтыр тастар қостым. Табиғатты жақсы көремін, сондықтан көрмеге пейзаждар да қойылды, – деді автор.
Бұл – Ирина Касьянның алғашқы жеке көрмесі. Қарағанды галереясы әуесқой суретшіні қолдап, көрме ұйымдастыруға көмектескен екен.
– Иринаның негізгі көркемдік білімі бар. Ол бірден көрінеді. Оның шығармашылыққа деген құштарлығы таң қалдырады. Осы көрме арқылы көрермендерге кез келген жаста жаңа бір нәрсені ашуға және жасауға болатынын көрсеткіміз келеді, – дейді «Алтын ғасыр» галереясы жетекшілерінің бірі Бибігүл Исполова.
«Сиқырлы акрил» көрмесі 26 маусымға дейін жалғасады. «Алтын ғасыр» галереясының жұмыс уақыты – сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін.
Мөлдір МҰРАТБАЕВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті журналистика бөлімінің ІІІ курс студенті.