Руханият

Суретші қиялындағы құдірет

Қарағанды қаласының 90 жылдық мерейтойына орай облыс­тық бейнелеу өнері мұражайында «Уақыт пен кеңістіктегі Қарағанды» қалалық шығармашылық симпозиумы өтіп жатыр. Симпозиумның ережесіне сәйкес, әр қатысушы берілген тақырыпқа 120-да 100 см-ге дейін бір көркем шығарма салып шығуы тиіс. Ол жұмыс мұражайда орындалады.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

– Бұған дейін біздің мұражайда мұндай іс-шара болған емес. Бұл шығармашылық симпозиум, қандай да бір кездесулер мен конференциялардан гөрі қызықты әрі әр адамға шығармашылық көңіл күй сыйлайды екен. Қала суретшілері қысқа мерзімде (20-28 тамыз аралығында) «Уақыт пен кеңістіктегі Қарағанды» тақырыбы бойынша форматты сюжеттік жұмыс жасауы тиіс. Мұнда кез келген әдіс-тәсілді қолдануға болады. Біз оларды тек реализммен шектемедік. Мүмкін олар бізге болашақта Қарағанды қандай болатынын көрсетер немесе өткен күндер мен тұлғаларды еске алатын шығар. Симпозиум қаланың 90 жылдығына арналып отыр, – деп атап өтті музей басшысы Бибігүл Құдабаева.

Симпозиумға алты қарағандылық суретші қатысып, бақ сынауда. Нақтырақ айтсақ, Айбек Бегалин, Бейбіт Мұстафин, Игорь Раков, Мадихан Қалмаханов, Қаныш Балабеков және Виктор Арент.

– Өз жұмысым туралы айтсам, бұл – абстрактілі стильде, бірақ түсінікті болатын туынды. Мен оны «Кеншілер қаласы» немесе «Кеншілер мерекесі» деп атағым келеді, – дейді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Бейбіт Мұстафин.

Симпозиумның шарттары бойынша суретшілердің барлық жұмысы мұражай қорына түседі. Ал, 28 тамыз күні қорытынды шығарылып, көрме ұйымдастырылады және қатысушылар түрлі сыйлықпен марапатталады.

Шараны ұйымдастырушылар алда­ғы уақытта жинақ-альбом шығаруды жоспарлап отыр. Оған симпозиумдағы фотосуреттер, суретшілер туралы ақпарат және олардың жұмыстары кіретінін атап өткен жөн.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button